Қай сайлау, келіп қалдың қай жағымнан? Аудан 1 млн теңгелік сайлау жәшігін сатып алмақ

1457
Adyrna.kz Telegram
Фото: Sputnik / Абзал Калиев
Фото: Sputnik / Абзал Калиев

Жамбыл облысына қарасты Мойынқұм ауданының әкім аппараты сайлау кезінде дауыс беруге арналған жәшіктерді сатып алуға тендер жариялады, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы goszakup.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттік сатып алу туралы хабарлама 12 тамыз күні "Жәшік дауыс беруге арналған" деген тақырыппен жарияланған. Жеңімпаз компания 19 тамыз күні анықталады. Техникалық сипаттамаға қарағанда аудандық бюджеттен бөлінген 1 033 750 теңгеге тендер жеңімпазы параметрі 900*500*500мм2 болатын екі дана, параметрі 400*300*300 мм2 болатын 16 дана дауыс беруге арналған жәшіктер жасап беруі керек. Яғни, тапсырыс орындаушы 18 дана дауыс беруге арналған жәшікті 15 күннің ішінде Мойынқұм ауылына жеткізеді. Органикалық шыныдан немесе акрил материалынан жасалған әр жәшіктің құны орташа есеппен  57 мың теңгені құрайды.

Сайлау - мерзімдік науқан. Дауыс беруге арналған жәшіктер ескіріп тозатын, бүлініп бұзылатын дүние емес. Бізді "Мойынқұм ауданында бұған дейін дауыс беруге арналған жәшіктер болмады ма?" деген сауал мазалайды. "Болса, олар қайда?". Аудан әр сайлау сайын жаңа жәшікке тапсырыс беріп, мемлекет қаржысын оңды-солды шаша бере ме?

Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге жолдадық. Олардан жеткен жауапты да жариялайтын боламыз.

Абай Асыл

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер