Трамп Иранның ядролық нысанына соққы бермек болған

2389
Adyrna.kz Telegram

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ең басты ядролық нысаны орналасқан нүктеге соққы жасамақ болған, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. Ол өзінің кеңесшілерімен ақылдасқаннан кейін осы мәселеге қатысты тағы да шағын жиын өткізген.

Алайда вице-президент Майк Пейс, Мемлекеттік хатшы Майк Помпео және Қорғаныс министрі қызметін атқарушы Кристофер Миллер мен АҚШ Әуе күштері комитеті штабының басшысы, генерал Марк Милли президент Трампты райынан қайтарған көрінеді.

The New York Times басылымының жазуына қарағанда, бұл жиын 12 қараша күні өткен. Дональд Трамптың маңайындағы аталған шенеуніктер егер Ираннның ядролық нысанына АҚШ тарапынан соққы жасала қалған жағдайда мұның зардабы зор болатынын айтқан. Сонымен қатар, әлемдік ауқымда жаңа текетірес және шулы дау туындауы мүмкін екендігін ескерткен. Содан кейін ғана барып, Дональд Трамп айтқанынан қайтқан.

Алайда әлі де өз жеңілісін мойындамай отырған Трамп Иранға қатысты кейбір мәселелерге деилікпей отырған сияқты. Axios ақпараттық порталының жазуына қарағанда, жақын уақыттарда Израйль және Парсы шығанағындағы бірнеше елдермен бірге Иран экономикасына нұқсан келтіретін бірқатар санкциялар салмақ. Президент Трамп мұның бәрін қаңтар айында өтетін Байденнің инаугурациясына дейін жасамақ ниетте.

Ескерте кетейік,  АҚШ  пен Иранның арасы өткен жылдың басында Бағдат халықаралық әуежайына қонбақ болған Иран генералы Касем Сулейманидың ұшағы атып түсірілгеннен кейін ушыға түскен. Оған жауап ретінде Иран тарапы Ирак базаларына бірнеше рет ракетамен соққы жасағаны белгілі. Қалай айтқанда да, Дональд Трамп президенттіктен кетер алдында Ақ үйдің жаңа басшысы Джо Байденге халықаралық жағдайды ушықтыратын түйінді мәселелер қалдырып кетпек.

Еркін ҚАЛДАН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер