Асан қайғының Жерұйықты іздеуі: Қазақ жерінің қасиеті қандай?

3719
Adyrna.kz Telegram

Асанқайғы желмая мініп желдіртіп, Сарыарқаны аралап жүргенде, әр жерге айтқан сындары мынау екен: Ұзын аққан Ертісті көргенде: «Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарыным ашты деп жылап отырмас.

Сиырдың мүйізі, доңыздың құлағы шығып тұрған жер»,— екен депті.

Түндікті өзенін көргенде: «Он екі қазылық Ой түндік, маңырап жатқан қой түндік. Қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен»,— деп тастап кетуге қимай, артына үш қараған екен. Сонан «Үш қара» атанған екен таудың аты.

Қызылтау деген жерге келгенде: «Тау-тасы кеш болғанда қой болып, ыңыранып жатады екен. Тоқты қысыр қалмайтын жер екен»,— депті.

Баянауыл тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар екен, тұзы ауыр екен, бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен»,— депті.

Ащы бойына келгенде, артына қарап: «А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен»,— депті.

Шідерті деген өзенді көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай мініп арықтаған ат, бір айда майға бітетін жер екен. Бос жылқы шілдерлеп қойғандай тоқтайтын, жылқының қонысы екен»,— депті.

Өлеңті өзенін көргенде, тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. «Неге үндемейсіз?» — дегенде, аз тұрып: «Өлеңтінің суы — май, Шідертінің шөбі — май»,— деп жүре беріпті.

Сілентіден өтіп Жалаңаштың тұзына барғанда: «Аттың төбеліндей Жалаңаш, сені алдыма өңгерейін бе, артыма бөктерейін бе, қай жарама тартайын? Айналаң аз, онан басқа мінің жоқ, табылмайтын жер екенсің»,— депті.

Есіл өзенін көргенде: «Жары мен суы тең, жарлысы мен байы тең болатын жер екен»,— депті.

Нұраның бойын көргенде: «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен»,— депті.

Торғай өзенін көргенде: «Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен»,— депті.

Терісаққан деген өзенді көргенде: «Сарыарқаның тұздығы екен»,— депті.

«Жеті қоңырды көргенде: «Сарыарқаның маусымы екен»,— депті.

Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: «Басы байтақ, аяғы тайпақ қоныс екен, Қара тауды жайласам, Сырдың бойын қыстасам, қоныс болуға сонда ғана дұрыс екен»,— депті.

Сулы Келес, Ңұрлы Келес өзендерін көргенде: «Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін. Сиыр тұқымы үзілмейтін жер екен»,— депті.

Асанқайғы бүкіл алты алаштың (қазақтың) жер-суын, қонысын көрем, бұларға жағдай туғызамын деп көп заман өмірін далада өткізіпті. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да, жаман қонысқа да баға беріпті.

Асанқайғы Жиделібайсын жеріне қызығып: «Ай, Жиделібайсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау!» — депті.

Яссы қаласын (қазіргі Түркстан) олардың қожа-молдаларын көргенде: «Ай, қарыс жері бір арық, жер сорлысы мұнда екен, әйелі семіз, өрі арық, жұрт сорлысы мұнда екен»,— депті.

Шыңғырлауды көргенде: «Ай Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, Шыңғырлау сен өсірдің!» — деп үш айналып, Шыңғырлаудың суына қолын малып отырып: «Шыңғырлау өкпелер, аттың ерін ал, қонайық, ат суарып, аунап-қунап кетейік»,— деген екен.

«Ай Жанарыстан, жырымдай суға бола шетте қалдыңау есіл, ерім-ай»,— деп бір төбеге келіп жылап тұрған екен. Асан қайғы Бекарыс тұқымынан, Орта жүз; қайтыс болған жері Ұлытаудың басы болса керек.

ult.kz

 

Пікірлер