Жаза-жаза жауыр, айта-айта ақжем болған тақырыпқа қайта-қайта оралуға тура келеді. Ол – аты-жөнімізді жазуды бірыңғайға келтіру мәселесі. Мысалы, «-ов», «-ин» – қосымшалары орыс жұртын, «-ян» – армян жұртын, «-оғлы» – түрік жұртын, «-швили», «-дзе» грузин жұртын, сондай-ақ ықшамдылығымен ерекшеленетін Ким, Цой, Ли, Пак, Тен сынды фамилиялар кәріс халқын өзгелерден даралап тұрады. Ал бізде аты-жөнімізді жазуда орыс тілінің «-ов (-ев)», «-ин (-ина)» қосымшалары былай тұрсын, «баба», «ата», «әулеті», «ұлы», «қызы», «немересі», «келіні», «ұрпағы», «тегі» сөздерін қосып жазу, атасының атын парсының «-и» қосымшасымен бірге жазу, арабтың «әл» артиклін жазу, шығыс септігі, ілік+тәуелдік жалғаулары арқылы жазу, аты мен атасының атын қосымшасыз қатар жазу, руын көрсетіп жазу сияқты көптеген үлгілер қолданылып жүр.
Барған сайын қазақты өзге ұлттан тегіне қарап айыру қиындап барады. Ұлттық сипатымызға сай бір ізге түсірмесек болмас. Бұл мәселе бойынша қадау-қадау марғасқа азаматтардың бірі, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы «Толғаулы Тіл» атты еңбегінде былай дейді: «Аты-жөнімізді жазудың барша қазаққа ортақ ресми белгіленген үлгілері екі-үштен аспауы тиіс. Біздіңше, ең негізгі үлгі – әкенің атына «ұлы», «қызы» сөздерін қосып жазу, екіншісі – қосымшасыз жазу деп санаймыз. Екінші үлгі бойынша паспортқа және басқа да құжаттарға «Ерлан Қазбекұлы Асқарбек» түрінде толық жазып, ал өзге жағдайларда қажетіне қарай «Ерлан Асқарбек» немесе «Ерлан Қазбекұлы» деп қолдана беруге болады. Сондай-ақ изафеттік үлгіні де аты-жөн жазудың үшінші нұсқасы ретінде қабылдау мәселесін мамандар талқысына салған орынды деп білеміз».
Ал ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1996 жылдың 2 сәуіріндегі Жарлығында «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффексті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда, тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады» делінген. Яғни, заңдық тұрғыдан алғанда да әкенің атына «ұлы», «қызы» сөздерін қосып жазуға болады.
Қорыта айтқанда, аты-жөнімізді толық жазғанда «Жұмабек Шәкенұлы Ысқақ» үлгісін қолданғанымыз жөн деп ойлаймын. Аты-жөнді дұрыс және қазақы тәсілмен жазу «буы бұрқыраған» тақырыптардың бірі болып тұрғаны анық. Ең бастысы – біріздендіруді кешіктірмеу.
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, PhD
Қуаныш Жұмабекұлы