Балаларымыз көшеде не үшін тентіреп жүр?

2208

Алматының үлкен көшелерінің бойында бөтелкесі мен шүберегін қолына ұстап, әр өткен көліктің соңынан жүгіріп жүріп, жуып беретін немесе ұсақ-түйек зат сататын, әлі бұғанасы қатая қоймаған балаларды жиі ұшырастырамыз. Еңбек жасына жетпеген балалардың осылай қауіпті  жерде көлік жууы жетіспеушіліктен бе, әлде артық ақша табуды көздегендіктен бе?  

Таяуда Tengrinews.kz сайтында балалар омбудсімені Аружан САИННЫҢ көше кезіп, көлік жуып, нәпақа тауып жүрген балалардың ата-аналарына үндеуі жарияланды.  Оның айтуынша, осындай жағдайларды потрульдік полиция назарда ұстауы тиіс. Бірақ бұл ата-аналар жауапкершіліктен босайды дегенді білдірмейді.

«Ең бірінші кезекте ­– балалардың қауыпсіздігі. Ал бала үшін, әрине, қашан да ата-аналар жауап береді. Сонымен қатар заңды сақтауымыз керек. Онда кәмелетке толмағандардың жасы, жұмыс уақытының мөлшері нақты көрсетілген. Иә, мен балалардың ешкімге тәуелді болғысы келмейтінін, өз отбасына пайдасын тигізуді қалайтынын түсінемін. Бірақ  бәрі өз уақытымен болғаны дұрыс.  Ата-ана мұндай жағдайда баласына заң бойынша жауап беретінін және  үй шаруасына  көмектесу арқылы да қолдау білдіре алатынын  түсіндіруі керек», - деген Аружан Саин өз сөзінде.

Балалар құқығын қорғауға қызмет етіп жүрген ол бала тек 14 жасынан бастап жұмыс істей алатынын және оған құрмет көрсетілуі керектігін, сондай-ақ Еңбек кодексіне сәйкес, ереже негізінде баланың құқығы да шектелмеуі тиіс екенін қоса айтқан.

Осы күнге дейін балалар мәселелерін шешуге араласып келген Аружан Саинның бұл үндеуін Facebook әлеуметтік желісіндегі белсенді  топ құптамайды. Себеп – балалардың көшеге көлік жууға артық ақша табуға емес, тұрмыс тапшылығының салдарынан баратындығында.

Еуразия технологиялық университетінің Адам құқықтарын зерттеу орталығының директоры Халида АЖИГУЛОВА өз парақшасында ІІМ мен омбудсменнің ғаламторда тараған үндеулеріне қатысты заң жүзінде бәрі түсінікті екенін, алайда бір түйткілді мәселенің бар екенін жеткізді: «ҚР-ның заңы мен балалардың қауіпсіздігі жайлы бәрі де түсінікті. Бірақ менде мынадай сұрақ бар: ОСЫ МӘСЕЛЕНІ ШЕШУГЕ МЫНАДАЙ ПІКІРЛЕР МЕН КЕҢЕСТЕР КӨМЕКТЕСЕ АЛА МА? Біздің мемлекеттік қызметкерлер 7 ЖАСАР БАЛА КӨЛІКТІҢ ФАРАЛАРЫН НЕ ҮШІН ЖУАТЫНЫ туралы ойланып көрді ме екен?

Мемлекеттік құзырлы органдар ше, олар балалар көліктің фараларын ҮЙЛЕРІНДЕ ЖЕЙТІН ЕШНӘРСЕ ЖОҚ БОЛҒАНДЫҚТАН жуатынын ойланып көрді ме?» - дей келе, осы мәселенің пандемияның салдарынан табысынан айрылған отбасылардың күн көруінің бір амалы екендігін айтады. Ол сондай-ақ көліктің фараларын жуу болмашы нәрсе екенін,  алдын алмаса, келешекте балаларды бұдан ауыр жұмыс күші ретінде пайдаланатынын жеткізді.

Оның айтуынша,  БАЛАЛАР АРАСЫНДА БАНДИТИЗМ, ТОНАУ ӨРШІП, отбасын асырау үшін ОЛАРДЫ ЖЕЗӨКШЕЛІККЕ ТАРТУ, ЕСІРТКІ ТАРАТУҒА ҚАТЫСТЫРУЫ мүмкін. – «Ал бұл БІЗДІҢ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІМІЗ ҮШІН ӨТЕ ҚАУІПТІ ЖАҒДАЙ. Осындай жағдайда өмір сүргіңіз келе ме? Егер ДАҒДАРЫС КЕЗІНДЕ ХАЛЫҚТЫ ҚОРҒАУ ҮШІН ТИІМДІ ШАРАЛАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛМАСА, мұның бәрі де шындыққа айналады», - дейді.

Сондай-ақ ол пандемия мен дағдарыс кезінде отбасындағы бала санына қарамай, әрбір бала үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек көрсетілуін сұрады.    Сөзінің соңында  Қазақстан Республикасының депутаттарынан арнайы дәл қазір балалар құқығын қорғау бойынша өзгеріс енгізіліп жатқан заңға осы жағдайға назар аудара отырып, әрбір балаға жәрдемақы беруді қарастыруды ұсынды. Және де жәрдемақыны бюджеттен мемлекеттік сатып алудан, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторлардағы негізсіз шығындарды оңтайландыру арқылы табуға болатынын да білдірді.

Балалар жайына алаңдаған белсенді азаматшаның бұл пікірін Еуразия технологиялық университетінің ректоры Жанар ТЕМІРБЕКОВА ханым да құптады: «Жол қиылысында фараларды жуу ­– бәзбіреулер ойлайтындай кәсіпкерлік дағдыларды дамытудың емес, бұл тығырыққа тірелгендік  пен бәрімізді алаңдатуы тиіс белгі», - екенін айтып, мемлекеттік сатып алу көлемін азайту арқылы балаларға арнайы жеңілдіктер қабылдау керектігін білдірді: «Мемлекет бюджетті басқарудың тиімді механизміне, мемлекеттік сатып алудың жекелеген түрлеріне мораторий жариялауға қатысты көптеген дұрыс идеяларға мұқтаж.

Отбасында балаларды тамақтандыруға ақша таба алмай отырған сәтте жөндеу жұмыстарын жүргізу мен тақтайшаларды ауыстыру ешкімнің басына келмейді.

Сондықтан біз әр балаға қажетті деңгейдегі жәрдемақы беруді талап етуіміз керек. Мемлекеттік бюджет қаражатын бөлуді мұқият қадағалауымыз тиіс»,- деген ол осы күнге дейін мемлекеттік органдардың пиарына кеткен шығындар бойынша туған жанжалдың көп болғанын ескере келіп, осы мәселе бойынша мараторий жариялау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ: «Бизнестен алыс адамдарға сапасыз тауардың немесе қызметтің дәл керемет маркетингі сияқты басқа ештеңе де дәл сол бизнесті өлтіре алмайтынын естеріне салғым келеді», - деп сөзін түйіндеді.

Әйтсе де, балалардың көше кезіп, көліктің фараларын жууға тұрмыс тапшылығы себеп болатыны жайлы айтылып жатқан осындай пікірлерге қарамастан, тамыз айынан бері Алматы қаласында 24 бала көлік жуып жүрген жерінен ұсталған. Бұл туралы кеше Polisia.kz хабарлады.

Расында, біздің елімізде балалар құқығын қорғау заң жүзінде қарастырылғанымен, іс жүзінде олардың толықтай қорғалуына жағдай жасалды ма деген сауал көкейде туындайды. Бұл мәселе талай жылдардан бері шешімін таппай келе жатқандығы да анық.

Дамыған, әлеуметтік мәселесі толықтай шешімін тапқан мемлекеттер секілді немесе дәл омбудсмен айтқандай бала құқығын қорғау үшін халықтың әлеуеті жете ме деген сауал туындайды.

Әрі Дүниежүзілік банктің Қазақстан бойынша жазғы экономикалық баяндамасында айтылғандай, елімізде осы жылы кедейлік пен теңсіздік деңгейі күрт өсуі мүмкін екенін ескерсек, жоғарыда азаматшалар айтқан мәселені қаперде ұстап, дер кезінде тиісті шара ұйымдастыру керектей.

 

Фото ашық дереккөзден алынды

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы