Мұғалімдердің құқығын қорғайтын алқалы орган құрылды

3078
Adyrna.kz Telegram

Білім министрі Асхат Аймағамбетов “Педагог мәртебесі” заң нормалары бойынша бірқатар шаруаларды тапсырған болатын. Бұған дейін білім беру саласында түрлі құқықбұзушылықтар орын алып, заңсыз әрекеттер де тіркелген болатын. Осы олқылықтардың алдын алу үшін арнайы кеңес құрылды. Жаза ретінде әкімшілік жауапкершілікке тартудан бөлек жұмыстан босату туралы шешімдер де қабылданбақ.

“Мінез-құлық мәдениеті, әдептілік, адалдық, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу - педагогикалық этиканың негізі”

Осы қағидалардың сақталуын бақылау үшін министр Аймағамбетов мұғалімдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен педагогикалық этиканы өрескел бұзу туралы даулы мәселелерді қарастыратын арнайы алқалы орган құруды тапсырды. Институт пилоттық режимде әзірге Нұр-Сұлтан қаласында  өз жұмысын бастады.

Мұндай кеңестер ҚР білім беру жүйесіне қажет пе? Осы орайда мектеп мұғалімдері мен ата-аналардың пікірін білдік.

Шолпан ҚАДЫРАЛИЕВА, ата-ана:

- Бүгінгі қоғамда мұғалім мәртебесі айтарлықтай жоғары деп айта алмаймын. Бұрын мұғаліміміздің сөмкесіне дейін көтеріп, оларға құрметіміз шексіз еді. Қазір мұғалімді бала да, ата-ана да мойындамайды. Сол себепті мұндай кеңестерді құру тиімді деп ойлаймын. Баламның сыныбындағы кейбір ата-аналардың тарапынан түсінбестік болып жатады. Сондықтан мұғалімнің де, ата-ананың да құқықтарын одан әрі белгілей түсетін институттар біз үшін өте қажет.

Айнұр БАҚЫТАЛЫҚЫЗЫ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

- Министр ауысқалы бері мұғалім мәртебесі біршама өсті. Мәселен бұрынғыдай өзімізге қатысы жоқ жұмыстарды атқармаймыз (көше тазалау секілді қоғамдық жұмыстар), еріксіз түрде газетке жазылмаймыз. Газет алу/алмау енді әркімнің өз құзырында. Алайда әлі де қарастыруды қажет ететін мәселелер жетерлік.

Қандай жағдай болса да ата-ананікі дұрыс деген қағидаға қарсымын. Себебі мұндай құқық берілгендіктен ата-аналар кейде асыра сілтеп те жатады. Жазықсыз мұғалімнің үстінен арыз жазып жіберген жайттар да кездескен. Сондықтан ата-ана құқығын әлі де қарау керек. Әрине, бұл мұғалімдерді өз міндеттерінен босатпайды. Себебі мұғалім өз пәнін жетік біліп, білімді болса, алдына келген оқушысын өзіне баурап ала алса мұғалімді кім сыйламайды?

Аймағамбетов келіп қағазбастылықтан біршама арылғанымыз рас. Алайда есеп беру әлі де азайған жоқ. Тәрбие сағатын өтсек,  міндетті түрде қағаз түріндегі есебі мен фото-есебі қоса сұралады. Ал бұл жұмыстарды мұғалім өзі үшін, өз тәжірибесі үшін өткізуі керек. Есеп оқушының жетістігімен өлшенсе деймін. Мұғалім оқушыны олимпиадаға дайындап, өзі де жиі жарыстарға қатысып тұрса мұғалімнің есебі дайын. Яғни, педагог нәтижеге жұмыс жасау керек. Сонымен қатар бұл жұмысын таза орындап жүрген мұғалімдерге де әділетті болар еді. Себебі қазір олимпиадаға оқушы дайындап, нәтиже көрсетіп жатқан  мұғалім де, мектепке жай барып-келіп жүрген мұғалім де бірдей айлық алады. Бұл өз кезегінде белсенді мұғалімдер үшін әділетсіз.

Қоғамның пікірі осыған саяды. Демек, алқалы кеңес осы сынды мәселелерді ескере отырып жұмыс жасаса белгіленген мақсатқа жету мүмкін болмақ.

“Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі”. Ендеше педагог мәртебесін көтеру бар қазаққа ортақ міндет. Ол Қазақстанның болашақ ұрпағын тәрбиелейтін ұлы тұлға.

Аяулым ӘБІЛДА,

“Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер