Ауылымның түтіні түзу шықса екен

2655

Алматы облысы, Іле ауданы, Әли ауылының тұрғындарын мазалап келе жатқан мәселелер қашан шешімін табады? Білім және ғылым министрінен бастап басқа да қызмет өкілдері шыққан бұл ауылды ешкім елемей отырғаны қалай?!

Алматы қаласынан қырық шақырымдай жерде Қапшағай тас жолы мен Жетіген трассасының арасында, Саяси қуғын-сүргін құрбандары жерленген Жаңалық ауылының іргесінде орналасқан 10  жыл бұрынғы санақ бойынша 1270 адамы бар Іле ауданына қарасты Әли ауылының тұрғындарының айтар наздары мен өтініштері біршама.

Жол мәселесі

Ауылда қаншама жыл бұрын жөндеу көрген жолдың қазіргі жағдайы мәз емес. Жырық-тесікті айналып өтіп шаршадық!”-дейді ауыл тұрғындары. Осыдан 1-2 жыл бұрын ауыл жігіттері қолға күрек пен топырақтарын алып, өздері жолды жамауға тырысқан. Топырақ-тас емес. Алайда, 1-2 апта көлемінде топырақ өз қызметін атқарып, жол баяғы кейпіне қайта оралған. Кішігірім жолдардан тұратын көшелерден дәу-дәу жүк көліктері өтіп жолдың жағдайын одан әрі ушықтыратын көрінеді. Ауыл белсенділері қанша бұл жайлы айтса да, құлақ асар ешкім жоқ. Ауылдың жалғыз көпірінің де жағдайы мәз емес. Үлкен-үлкен жүк көліктерінің үздіксіз өтуінен, жалғыз көпірімізден айырылып қаламыз ба деген қорқынышты өздерімен бірге ауыл тұрғындары арқалап жүр.

Ауыздың қайда екенін қол біледі,
Ауылдың қайда екенін жол біледі”-,деген, дана халқымыз. Мына біздің ауыл жолының сиқына қарап, өзгелер ауыл жайында және тұрғындары туралы қандай ойда екен?

Транспорт

Жолдың көлікпен жүруге ыңғайсыз тудыртатындығына байланысты ауыл тұрғындарынан басқа көліктер ауыл ішіне бас сұқпайды. Мұндай жағдайда ауылдан қалаға қатынау әлдеқайда қиын. Көліктің ауыл ішіне кірмеуіне байланысты ауыл тұрғындары жолдың бойынан түсіп қалып 2-3 киллометрді жаяу жүріп өтулері керек. Ал, қоғамдық көліктер қайда? Таяудан бастап ауыл мен қаланы байланыстыратын автобустар өз жұмысын мүлде тоқтатты.Бұрындары күніне 4-5 көлік қызмет ететін. Қазір ешбірі жоқ. Қоғамдық көліктердің болуына  ауылдың  жолы кедергі ме? Әлде мәселе неде? Тағы да автобуспен қалаға бару үшін ауыл тұрғындары Жетіген трассасына 2-3 киллометр жаяу жүріп жетулері керек.

Жылу

Міне, күз де келіп қалды. Ендігі ауыл тұрғындарының мәселесі көмір түсіріп, отын жару. Халық ауылға газ әне-міне кіреді деген уәдеге сеніп жүр. Ол уәденің берілгеніне 5 жылдай болды. Одан ары болмаса. Уәде-уәде күйінде қашанғы қала береді? Ауыл тұрғындары отын жарып, пеш жағып қашанғы құрғақ күнде саз кешіп жүрмек?

Қуантсаң, баланы қуант-ақылына сәуле түссін.

Ауыл балаларына арнап жөні түзу ойын алаңын салып берсек, бүлдіршіндердің арманы болмас еді. Ел қатарлы ойын алаңында көңіл көтеру балалардың арманы. Әлде ойын қумай мал артынан сандалып жүре беру керек пе? Төрт қабырғаға қамалып, телефон немесе басқа да зиянды заттарды ермек қылғанша, бір-бірімен танысып ойнағандары әлде-қайда жақсы емес пе? Болашақ-жастардың қолында. Бүгінгі жастардың жағдайын біз жасасақ, болашақта олар да біздің жағдайымызды ойлайтыны анық.

Ауылын көріп,
Азаматын таны.
-деген бар. Әли ауылы өз алдына табиғаты көркем мекен. Небір елі мен жеріне қызмет етіп жатқан қызметкерлер туған. Абыз ақсақалдар мен дана әжелеріміз дүниеге келген асыл мекеннің осындай қараңғы тұстары да бар екені көңілге маза бермейді. Дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп желеу салып жүргенде ауыл-аймақтарымыз қараусыз қалмаса екен дейміз.

“Менің бір арманым бар. Осы көп болса 5 мыңнанаса ауыл бар шығар. Соны қазақтың 5 мың жігіті көтеріп жіберсе, одан артық қандай бақыт керек. Мен соны ойлаймын”-деп Жақсылық Үшкемпіров Елбасына арманын айтқан еді. Әлде Әли ауылында аулын көтеретін азаматтың әлі де туылмағаны ма?! Жоқ, бұлай айтқанымыз қате. Әр азамат титтей де болсын ауылы, елі мен жеріне үлесін қосуды армандайды. Егер де, ауылын ардақтайтын азаматтар Әли ауылында дүниеге келмесе ауыл жағдайы бұдан да мүшкіл болары анық.

Ауылымыз үшін еңбегі сіңген, кез-келген шаралардың қазанының бас жағында біте қайнасып жүретін әр азамат пен Юрий Васильевич Магай бастаған ауыл белсенділеріне үлкен алғысымызды білдіреміз!

Біздің ниет ешқандай ауыл көштен қалып, көзден таса болмасай, әр ауылдың түтіні түзу шықса екен!

 

Лаура ТҰРСЫНЖАН,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар