Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің алдағы даму бағыттарын айқындап, қоғамда талқыланған өзекті мәселелер мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарын қарастырды. Президенттің бастамасымен құрылтайдың өтуі елімізде үлкен саяси реформалардың іске асуына ықпал етті.
Президент салық реформасы, бірыңғай уақыт белдеуі, діни ахуал, қылмыстық-атқару жүйесіндегі адамгершілік құндылықтар, алаяқтыққа қарсы шаралар мен кино өндірісіндегі ұлттық мүдде туралы түгел баса айтты. Сондай-ақ, жекелеген мемлекеттік бағыттарды жүйелеу, өңірлердің дамуындағы теңсіздікті жою, экология мен жан-жануарлар дүниесін қорғау сияқты мәселелер көтерілді. Бұдан өзге Мемлекет басшысы еліміздің төрт негізгі мүмкіндігін — цифрландыру, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені мен адам капиталы сияқты салаларды түгел қамтыды. Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім Қазақстанның ядролық кластер ретінде дамуына жол ашады. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерілген мәселелер еліміздің болашағына маңызды қадамдар болып табылады. Құрылтай мүшелері алқалы жиыннан кейінгі келелі ой, кесімді пікірлерімен бөлісті.
Шаймардан Нұрымов, Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығының төрағасы:
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Президент жанында Ұлттық құрылтай құрылды. Содан бері Құрылтай қоғамдық консолидацияны дамытуға, стратегияларды әзірлеуде шешуші рөл атқаратын маңызды алаңға айналды. Биыл консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық Құрылтайдың төртінші алқалы жиыны өтті, мен төрт жиынның бәріне де қатыстым. Ұлытауда, Түркістанда, Сарайшықта, Бурабайда өткен Құрылтайдың барлығы да қазақ жеріндегі ең киелі, тарихы бай, қасиетті жерлерде өтті. Алғашқы жиыннан бастап Құрылтай мүшелері мемлекетті дамыту, әлеуметтің әл-ауқатын жақсарту және елдің жарқын болашағы жайында көптеген ұсыныстарын ортаға салды. Көңіліме қонатыны, бүгін көтерілген мәселелер ертең талқыланып, сол тақырыпта заңдар қабылданады. Құрылтайда көтеріліп, шешімін тапқан мәселелердің бірі лудомания болды. Президентіміз осы мәселеге ерекше ден қойып, заңды күшейтті. Өткен Құрылтайда жастарды отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеу және кітап оқуға баулу мәселесі де көтерілген болатын. Себебі қазіргі өскелең ұрпақ ғаламтор мен смартфондардың шырмауында қалып, гаджеттердің құрсауына түсіп кеткен. Құрылтайда әдебиет оқудың маңызы туралы айтылған болатын, кейін Президент Ұлттық кітап күнін бекітті. Мамандардың айтуынша, бұрын кітапханаларда бос уақыт өтетін болса, қазір кітап оқуға деген қызығушылық артты, келушілер саны көбейіп, кітап қоры да жаңарып, ұлғайып келеді. Оқыған адам өткен тарихты жақсы біледі, тарихты білген адам болашаққа болжам жасай алады, дұрыс жолмен жүреді. Алайда, жастардың көбісі Екінші дүниежүзілік соғыс туралы біле бермейді. Өйткені таихты оқымайды, кітап оқымайды.
Балалар тәрбиесіне қатысты оннан астам заң қабылданды. Президент Құрылтай мүшелерінің ұсыныстары ескеріліп, Ата заңға бірқатар өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Құрылтайда салық реформасы да қаралды. Әрине, бюджет болмаса, алға қойған мақсаттарымыз жүзеге аспайды. Бюджет – ел болашағының негізі. Сондықтан қазынаны толтыру мәселесі қозғалды.
Бірыңғай уақыт белдеуі де назардан тыс қалмады. Президент бұл тәсілдің мемлекетті басқару ісін жеңілдететінін айтты. Үкімет пен Парламент бұл мәселеге қатысты зерттеулер жүргізіп, талқылау жасаған. «Біздің кең-байтақ жеріміз бар. Халқымыздың саны да салыстырмалы түрде көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуы қажет. Бұл тәсіл мемлекетті басқаруды жеңілдетіп, логистика мен бизнес-үдерістерді оңтайландыруға септігін тигізеді. Осы мәселеге қатысты пікірталасты аяқтау қажет деп санаймын. Оның үстіне, бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ», - деді Президент.
Құрылтайда мен өз ұсыныстарымды да білдірдім. Бұл ұсыныстар халықпен кездескенде айтылған, тұжырымдалған пікірлер болатын. Құрылтайдың барлық секцияларына қатысуға құқылымыз. Мен ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева басқарған «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясына қатыстым. Бұған дейінгі Құрылтайда да мәселелер көтерген болатынмын. Солардың бірқатарына тоқталсам, кинотеатрларда суицидті жарнамалайтын, қазақтың менталитетіне қайшы келетін мультфильмдер мен фильмдер көрсетілетіні жөнінде айттым. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Осы мәселені қадағалайтын тиісті әдеби комиссия құрып, тексерістен өткізуді және содан кейін ғана кинотеатрлар мен теледидардан көрсетуге рұқсат беруді ұсындым. Бұл ұсыныс жүзеге асты. Қазіргі уақытта ашықтан-ашық өз-өзіне қол жұмсайтын фильмдер мен кинофильмдер жоқтың қасы.
Одан басқа, Құрылтайдың өзге мүшелерімен бірге қазақ тілінде берілетін кинофильмдердің санын көбейту туралы пікір ұсынған болатынбыз. Бұл да жүзеге асып, күн сайын мемлекеттік тілде аударылған шетелдік кинолар көрсетіліп жатыр. Олардың саны да артып келеді.
Қазіргі Құрылтай секциясында мынадай пікір білдірдім. Кейінгі кезде қалаларда көлік жөндейтін ТЖО орталықтар мен жеке медициналық орталықтардың көбейіп кеткені байқалады. Бұл, әрине, жақсы, бірақ олардың сапасына мән беру қажет. Мысалы, егер жөнделген көлік ертесіне қайта бұзылып қалса, оны қайта түзетесіз. Бірақ жеке медициналық орталықтар сапасыз қызмет көрсетсе, дұрыс диагноз қоймаса, денсаулықты қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан жеке медициналық орталықтардағы мамандарды тексерістен өткізу керек деп есептеймін. Орталықтардың қызметіне қарсы емеспін, тек халыққа шын жанашырлықпен қызмет ететін мекемелер қажет деп санаймын. Бұл үшін денсаулық сақтау мекемелері мен жеке медициналық орталықтарға лицензия беруден бұрын тексерісті күшейту керек. Қазіргі бар орталықтарды да тексерістен өткізу қажет. Лицензия талаптарына сәйкес келеді ме, жоқ па, соған назар аудару керек. Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті жауапты органдар, құзырлы мекемелер бәрі бірігіп, елдегі медициналық орталықтарды аттестациядан өткізуі қажет. Бұл мәселені заң тұрғысынан қарастыру керек деп ойлаймын. Халықтың денсаулығы – ел болашағының іргетасы. Сондықтан жеке медициналық орталықтардың сапасы қадағаланып, жіті тексеріліп, лицензия берілуі қажет.
Қысқасы, төрт Құрылтайда жүздеген пікір айтылды. Бұл пікірлер негізінде жаңа заңдар қабылданып, олар жұмыс істеп келе жатыр.
Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге ерекше назар аудару қажеттігін айттым. Қазір де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп, қазақстандық патриотизмді дамыту, нығайту мәселелері күн тәртібінде тұр.
Азаматхан Әміртаев, Ұлттық құрылтай мүшесі, «Baytaq» партиясының төрағасы:
Біріншіден, Ұлттық құрылтай осы жолы өте жақсы ұйымдастырылды. Бірінші күні әртүрлі секциялық жиындар өтті. Мен өзім екі бағытқа қатыстым: біріншісі — азаматтық қоғам, екіншісі — экономикалық-әлеуметтік мәселелер бойынша. Екеуінде де сөз сөйледім.
Біздің «Байтақ» жасылдар партиясы экологиялық бағытта, жасыл экономиканы дамытуға жұмыс жасап жатқан партия ретінде елімізде жасыл экономиканың дамуын тежеп тұрған мәселелерді көтердім. Біріншіден, экологиялық жобаларға қаржыландыру бөлу қажет екенін айттым. Бұл қаржыландыру экологиялық эмиссиядан түсетін қаражат есебінен жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен қатар, қайта өңдеу үшін үлкен өндірістік қалдықтардың қазіргі уақытта көбісі жекеменшікке алынып қойған. Оларды мемлекетке қайтарып, инвесторларға беру, жаңа жұмыс орындарын ашу және салық төлейтін жаңа көздерді табу қажет екенін жеткіздім.
Сонымен қатар, Парламенттің кейбір депутаттары заң жобалары бағытында жеткілікті жұмыс жасамай жатқаны туралы да айтылды. Парламентте бай олигархтардың және ірі компаниялардың лоббистері отырғаны жөнінде мәселе көтерілді. Бұл пікір көпшіліктен қолдау тапты. Оны шешу жолдары да талқыланды.
Кеше Президенттің қатысуымен Ұлттық құрылтайдың негізгі жиыны өтті. Онда Президент көптеген мәселелерді көтерді. Соның бірі — «Таза Қазақстан» жобасы. Бұл жоба тек ағаш отырғызу мен тазалыққа ғана емес, жүйелі жобаларға айналуы керек екенін айтты. Ол идеология мен экономикалық бағытқа жұмсалуы тиіс деді.
Сонымен қатар, ядролық энергетика бойынша арнайы агенттік құрылатыны хабарланды. Бұл — өте маңызды қадам. Өйткені Қазақстан болашақты ойлауы керек. Мұнай-газдан түсетін қаражат пен энергияны алмастыратын жаңа энергия көздерін қарастыру қажет. Бұл бағытта ядролық энергетика агенттігі басты рөл атқарады. Сондықтан бұл — өте қуанышты жаңалық. Біздің партиямыз да осы бағытта жұмыстар атқарып жатыр.
Жанна Жомарт