Әлемнің екінші ұстазының философиясы

825

Әл-Фарабидің философиясын зерттеушілер оның трактаттарын терең талдай келіп Фарабидің философиялық мұрасында үш басты жайтты атап көрсетеді: дүниенің мәңгілігін тану, детерминизм — зерттеу прин­ципі, яғни себептілік сыр-сипатын ашу — ғылым-білімнің қайнар көзі; адам жанының өшпейтіндігін теріске шығарған ақыл туралы ілім. Бұл үш принцип — Фарабидің философиясының биік шоқтығы және ерекшеліктері болып саналады. Әрине, ғылымның даму деңгейі, саяси-әлеуметтік жағдайлардың салдарынан бұл мәселелер туралы ол кейде кері шегініс жасауға мәжбүр болады. Мәселен, дүниенің мәңгілігін, басының болмағанын мойындау ресми дін өкілдерінің дүниені құдай жаратқан деген доктринасына қайшы келеді. Фараби бұл жағдайда құдай бірінші, дүние екінші кезекте деген сияқты бұлдыр да бұлтарыс түсінік береді. Фарабидің пікірінше қозғалыс – мүмкіндіктен шындыққа көшу, уақыт та мәңгілік, ол қозғалыстың сипаттамасы (характеристикасы).

Ақыл туралы ілім Фарабидің философиядағы ірі жетістіктері санатына қосылады. Мұндағы ақыл ұғымы кең, бүкіләлемдік мағынада қарастырылып, оның космологиясына тірек болды. Әрекеттегі яғни жасампаз ақыл (яғни бірінші қозғаушы. Аристотельге айтканда, ойлаудың ойлауы) болмыс түзілісіндегі (иерархиясындағы) жоғарғы сатылардың бірі. Ең жоғарғы сатыны түпкі себеп — Алла иемденеді. Алладан кейінгі екінші сатыны — аспан денелері, болмыстың үшінші сатысы әрекеттегі ақыл және оған сай негізгі төрт элементтен (топырақ, су, ауа, от) тұратын ай асты әлемі. Болмыстың төртінші сатысы — адамның жаны. Ең төменгі бесінші сатыны форма мен материя алып жатыр. Бұл схемада бір жағынан әлемнің жаратылысы мен аспан мен жердің алшақтығы жайлы ресми мұсылман дінінің кағидаларына сәйкес келсе, екінші жағынан дүниеге материалистік, эволюциялық даму тұрғысынан қарауға мүмкіндік береді.

Фарабидің көзқарасы бойынша, жасампаз акыл немесе ғарыштық (космостық) ақыл ай асты әлеміндегі бүкіл қозғалыстардың себебі ғана емес, ол — жер бетіндегі тіршілікке тән ақыл, бұл дүниенің заңдылығын реттеуші, билеуші. Әрбір тіршілік иесінің ақылы тек әлемдік, космостық ақылға қатысты дамиды, өркендейді. Ал әлемдік ақыл мәңгілік. Жеке тіршілік иесі өткінші. Осыдан барып жан өлмекші емес деген қағида теріске шығып діннің сара жолымен философияның талас мәселесі жанның ауысып, көшіп жүреді деген идея мансұқ етіледі. Фараби бұл аса маңызды да, мәңгі проблема бойынша анық бір пікірді ұстамағаны байқалады. Көп жағдайда ол жан өлмейтіні жайлы тезисті ашық қуаттайды. Бірде ол Аристотельдің идеясын қолдап дамытып жанның мәңгілігін бір адам үшін емес жалпы адамзатқа тән қабілет ретінде қарастырады. Енді бірде қайырымды, парасатты адамдардың жаны өлмейді, ал қайырымсыз, надан да пасық адамдар жаны оның тәнімен бірге өледі деген идеяны қолдайды. Бұл жағдайда ол жақсы адамның артында қалдырған ісінің, ізінің өшпегені, оның жанының өмір сүргені дегенді меңзейтін сиякты. Бұлай деп айтуымызға Фарабидің "Ұлы Зенонның жоғары ғылым бойынша трактаты туралы" еңбегінде ол дүниедегі өмір туралы жазған мынадай жолдары негіз болады: "Білім, яғни ғылыми мұра қалдырған адам өлгеннен кейін өз қамы үшін ғана харакет еткен адамнан қадірлі, білгіш, көреген болады, өйткені көп мал-мүлік күйттеу ғылымға кесірін тигізеді. Сондықтан рухани мұра қалдыру дүниеауи қам-харакетке қарағанда абзал да қадірлі, ол ғылымға кесірін тигізбейді. Ол дүниелік өмірде дәрежеге жетуге кедергі болмайды. Егер, бәлкім, ғылымның басқа адамдары, оның әріптестері бұл мұраны пайдаланса ол оған өлгенге дейін де, өлгеннен кейін де игілік боп жұғады" (Тарихи-философиялық трактаттар).

Фарабидің философиялық жүйесінде материяға көп көңіл бөлінеді. Ол ай астындағы дүниенің шын мәнінде баp екенін, оның айдан жоғары орналасқан дүниемен, яғни аспан әлемімен бірлікте болатынын мойындайды. Біздің, яғни айдан төмен жер бетінде орналасқан дүниеде материя мен формадан тұратын заттар, нәрселер -— барлығы ақиқат. Олар негізгі бастапқы материя болып табылатын төрт элементтердің сан алуан, әр түрлі қосылыстарынан тұрады, түзіледі. Фарабидің материя мен форманың бөлінбес, ажырамас бірлігі туралы тезисі дұрыс материалистік сипаттағы қорытынды болды.

Таным проблемасын карастырғанда, зерттегенде Фараби өз заманындағы жаратылыстану ғылым жетістіктеріне сүйенеді және математика, астрономия, медицина, физиология, музыка теориясы және басқа салалар бойынша өзінің жан-жақты білім қорын мол, сарқа пайдаланады. Мұнда ол таным теориясына рационал сипат беретін ақыл туралы ілімді басшылыққа алады. Тану теориясының бірсыпыра мәселелерін ғылыми жолмен дұрыс қойып, түсіндіруде Фараби бірсыпыра психологиялық проблемаларды камтып, оң шешуін табуға тырысады. Мысалы, түйсіктің табиғаты, олардың сезім мүшелеріне байланысы; жан қуатының және адам қабілетінің жалпы схемасы, танудың екі негізгі формасы (түйсік арқылы және ойлау арқылы) т.б.

Фарабидің таным туралы ілімінің негізгі көздеген нысанасы -- ғылымның рөлін көтеру, философия мен діннің қызметін даралау, бөлу, ең бастысы өзі үлкен ат салысқан, қатысқан танудың ғылыми әдістерін (метод-тарын) (эксперименттік-теориялық әдіс, табиғат туралы білімдерді математикаландыру) жасау және дамыту болып табылады.

Методологиялық дұрыс бағдарламаны басшылыққа алып, Фараби көптеген нақты ғылымдар (математика, астрономия, акустика, музыка теориясы т.б.) бойынша және оларды оқыту дидактикасын жасау жөнінде айтулы табыстарға жетеді. Алайда Фарабидің таным теориясы тұтас алғанда өміршең ілгерішіл бола түра, онда ғылыми қайшылығы бар бірсыпыра даулы қағидалар мен идеялардың да болғанын айтуымыз керек.

Фарабидің ғылыми-философиялық шығармашылық қызметінде логика мәселелері үлкен орын алады. Логика ойлау жүйесі мен пікірлерді мүлтіксіз дәлелдеуді қажет етеді, сондықтан да Фараби оны шындыкты табудың және оны негіздеудің бірден бір әдісі ретінде жоғары бағалайды. Логикалық тұрғыдан ол білімді аксиомалар мен алғышарттар түрінде өрнектелген бастапқы, не алғашқы және оларды ой қорыту салдары ретінде шығарылып алынған туынды, қорытынды деп екіге ажыратады. Ал логиканың заңдары мен ережелері жаңа білім шығаруға қызмет етеді. Тілде грамматикасыз күн жоктығы сияқты дұрыс ойлауда логикасыз аттап басуға болмайды. Фарабидің үйретуінше, адамның адам болуы ақыл, ойлау арқасында болса, онда мәдени, жоғары парасатты ақылды себетін логика адамзат үшін ең қажетті игілік болып саналатын ғылым, өнер көзі болады. Фарабидің логика жайындағы трактаттарының мәні өте зор. Онда автор категория, семантика, импли­кация теориясы т.б. мәселелер жөніндегі Аристотельдің бай идеяларын әрі карай дамыта түседі. Фарабидің философиясы өзінің өміршендігін, дұрыстығын нақтылы ғылыми зерттеулерден тауып, принциптері, қағидалары одан ары кемелденіп отырды. Оның ғылыми ойлау жөніндегі тапқан әдісі (методы), жеке, дербес заттарды, кұбылыстарды нақтылы қарастыру, бақылау жасау арқылы дедуктивті-аксиоматикалық теория жасаумен ұштастырылады. Бұл туралы толығырақ кейін Фарабидің ғылым, атаи айтканда музыка теориясын жасау әрекеттерін баяңдау барысында айтамын.

Фараби өзінің дүниеге көзқарасын социология, этика және эстетика мәселелерін қамти отырып жүйелендіре, нақтылай түседі. "Ізгі кала тұрғындарының көзқарастары", “Бақытқа жету туралы" трактаттарында ол адам қоғамының шығуы, өмір сүру формалары, адамның мінез-құлқы, әділетті әкімнің бейнесі туралы ой толғайды. Ол ең әуелі өзі өмір сүріп отырған қоғамның құрылымын талдайды. Адамдар қауымы өмір сүру ортасы ретінде қала халқын алады. Калаларды жік-жікке бөле келіп ол кемел де үлгілі құрылым ретінде "Ізгі қаланы" тандайды, оған жақын келетін және тұрмыстық байланыстағы құрылым – еңбекшілер тұратын "қажеттілік қаласы" деп қарайды. Фараби әрі карай "алыс-беріс қаласы" (саудагерлер мен алыпсатарлар мекені), "бақытсыздық пен бұзылғандық қаласын" (ұры-қарылар, арамтамақтар мекені) бөліп ажыратады.

Ізгі мемлекет (қала) туралы ілімін жасауда Фараби Платонға еліктеп мемлекетті әрбір мүшелері белгілі бір қызметті аткаратын адам тәніне ұқсас етіп қарастырады. Осыған сәйкес ізгі мемлекеттегі феодалдық құрылыс суреттеледі. Идеалистік түрде жақауратып айтылғанмен Фараби топшылауында адамдар арасындағы теңсіздік, артық-кешілік анық сезіледі. Мысалы, халық — мемлекеттің жүрегі саналғанымен, олар да күн көріс қамын, харекетін жасауға, ойлауға мәжбүр (ішіп-жеу, үйлену-жайлану т.б.) Фараби мұндай теңсіздікті, әділетсіздікті жоюдың бірден бір жолы ағартушылық, адамгершілік тәрбиесін күшейту деп қорытады. Феодалдық әділетсіздік езгі мен зорлық-зомбылық өріс алып тұрған сол ауыр заманның өзінде-ақ ол зорлықсыз, қанаусыз әділ қоғам болуы мүмкін деген батыл утопиялық (қияли) болжам жасайды. Фараби ондай ізгі мемлекеттің тууы, ең алдымен мемлекет басшысына, оның ақыл-парасатына, ғұламалығына, талантына, тәрбиесіне тікелей тәуелді деп қорытынды жасайды (ағартушы-философ әкім идеясы). Кемеңгер-ойшылдың бұл пікірін түгелдей теріс деп айтуға болмайды.

 

Сейдан Ұлдана,

Тараз қаласы

Пікірлер
Редакция таңдауы