Фарабидің даналығы

6282
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/07/eeebf5aa-d6b3-4874-bd3d-caa5d965d81d-960x500.jpg?token=8f9ad25d812c923b9dcad18da47f6954
  Отырар қаласында туып, Шамда дүние салған ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің артында адамзатқа азық болар мол мұралар қалды. Бабамыздың 1100 жылдық мерейтойында белгілі этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің еңбегінен Фараби айтты деген тапқыр сөздерін ұсынғанды жөн көрдік.   * * * Туған жерден шалғайға жүріп,  бар өмірін ғылым-білімге сарп еткен әл-Фараби  қартайған шағында өз елінің керуен-кіре тартып жүрген адамдарын кездестіріп қатты толқиды. Ел-жұрттың хал-жағдайын тәптіштеп сұрап, көңіл орнықтырған соң, қоштасарда өзінің жан серігі – «қыпшақ» деп аталатын домбырасының бетіне: «Айналайын атам қыпшақ, Туған жерім сағындым. Өз атыңа, үрметіңе Қайда жүрсем табындым!» – деп жазып, туған жері мен еліне сәлемдеме белгі ретінде беріп жіберген екен дейді.   * * * Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиді сарайына арнайы шақырып, мынандай сауал қояды: – Уа, Екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? Болжалыңды естігім келеді, − дейді. Сонда әл-Фараби: – Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін, − деген екен. * * * Бағдат халифасы Харун әл-Рашид ақындық өнер сайысы мен оқымыстылардың ой өрелестіруін мейлінше жақсы көрген адам екен. Көптеген ел басқарушылар ұлы халифаға еліктеп өткен. Бірде әл-Рашид сарайында әдеттегідей ой мен өнерсүйер қауымның бас қосуы болып жатады. Бұл қосу рәсімін ең құрметті орынға жайғасқан сұлтан Сейф әл-Дәулет басқарып отырса керек. Бір кезде хабаршы аяғының ұшымен басып жақындап келеді де, сарайға Мұхаммед әл-Фарабидің келіп тұрғанын хабарлайды. – Есімі таныс қой, данышпанды кіргізіңдер! – деп әмір береді сұлтан. Әбу-Наср әл-Фараби залға тәжім етпестен кіргенде жиналған жұрт дағдарып қалады. – Келіп отыруыңызды өтінемін, – дейді сұлтан. – О, ұлы әмірші, қай жерге отырайын? – дейді әл-Фараби. – Мұнда әркім өзіне лайық орынға отырады, – деп тіл қатады сұлтан. Мұхаммед әл-Фараби сұлтанға жақындап келіп, оның әрірек ығысуын өтініпті. Әміршінің сақшылары тіксініп қалады. Сұлтан қонағына орнын босатып береді де, қызметшілерін тыныштандырып, сарайдың құпия тілінде былай дейді: – Егер бұл шынымен-ақ ұлы ғұлама болса, кешірім жасайық. Олай болмай шықса жазасын тартады. Сабыр сақтаңдар! Сонда Мұхаммед әл-Фараби жымиып күледі де: – Айтқаныңыз жөн, әміршім, сабырлылық әрқашан да данышпандар мен құдіреттілердің үлесіне тиген, – деп, жаңағы құпия тілде жауап қатады. – Сіз бұл құпия сарай тілін қайдан білесіз? – деп таңырқайды сұлтан. – Мен жеті тіл білемін, – дейді Мұхаммед әл-Фараби. – О, сөздің қадірін білетін ұстазым, онда сөз басы сізде болсын, құлағымыз сізде! – деген екен сұлтан Сейф әл-Дәулет. * * * Әл-Фараби Бағдатқа келгенде оған Халифа Мұқтадид ибн-Муаффак әл-Биллах (892-902) былай деп сұрақ қояды: – Осы сені оқудың түбіне жетіпті деп естідім, сонда сен көп білесің бе, әлде Аристотель көп біле ме? Сонда әл-Фараби: − Егер мен оның заманында өмір сүрген болсам, шүбәсіз оның үздік шәкірттерінің бірі болған болар едім, – деп жауап берген екен.    

Үміт ҚИЯБЕК,

Тараз қаласы

 
Комментарии
Другие материалы