Фараби философиясы

868

Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі, еңбегі, қоғамдағы орны ерекше. Әлемнің «Екінші ұстазы» деп тегіннен-тегін аталмаған. Өкінішке орай, көптеген еңбектері халықтың қолына жетпей жатыр. Сонымен қатар, заманымыздың ілгері жылжуына әл-Фараби еңбектерінің қосар үлесі зор деп есептейміз. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қаулы қабылдап, 2020 жылды арнайы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы деп бекітті. Әл-Фарабидің философиясы әлемдік философияның тарихында ерекше орын алады. Ғұлама ғалымның әлем өркениетіне қосқан үлесі зор.

Немістің Шығыс зерттеушісі әл-Фараби жөнінде: «Күллі мұсылман шығысындағы ұлы ойшыл әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шет пұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да, Шығыста философияны, ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім деп сұрағанда, басқа ешкім де емес, тек әл-Фарабидің есімі аталуы керек» деген екен. Демек, әл-Фараби философиясы – әлемдік мәдениет тарихындағы өзгеше философия. Ғалым Аристотельдің материалистік идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да “Ғылымдар жіктелімі”, “Ізгілікті (қайырымды) қала тұрғындарының көзқарастары”, “Бақытқа жету туралы”, “Бақытқа жол сілтеу”, “Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат” сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Мысалы, “Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат” атты еңбегінде философияны меңгеруге қажетті тоғыз шартты көрсетеді. Сонымен қатар, ежелгі грек ғалымдарының пікірлерін ортаға салып, өз ойларымен бөліседі. Ғалым мұнда негізгі талап ретінде – адамның жан, ар тазалығымен қатар, ел-жұртына, оның ішінде ғылым мен білімге деген қалтқысыз қызметі екендігін нақтылап көрсетеді. Егер бұл талап орындалмаса, адамның философияны үйрене де, үйрете де алмайтындығын айтады. Расында, кез келген ғылым мен білімді терең меңгеремін деген адамға бұл еңбектің берері мол.

Бір анығы – әл-Фараби философиясының қай заманда да өз мәнін жоймайтындығы. Ойшыл-ғалым бақыт дегенді қайсы бір әлеуметтік топтың өкілі екендігіне қарамай, адамның білімділігімен байланыстырды. Әйтсе де, ғалым білімнен де биік тұрған адамзатқа қажетті дүниені анықтап келтірді. Ол: «Адамға бірінші керегі білім емес, тәрбие. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»,-деді. «Әрбір адам туған кезден бастап бақытқа жетуге мүмкіндігі бар» деген тұжырым жасады. Сонымен қатар, ең бақытты адамдар ақылдылар, философтар деп санады. Ғалымның қанша жыл өтсе де өз құнын жоймаған пікірі әлі де қоғамда маңызды рөл атқарады. Бой емес, ой жарыстырар заманда тәрбиенің, білімнің, ақылдылықтың маңызы зор екендігі айқын.

«Адам бақытын өз қолымен жасайды. Ақыл-парасатының күші арқылы әуелгі бастамалары мен білімдерін дұрыс пайымдау арқылы және оны қалай пайдалану керектігін терең ойланып, талпынып әрекет жасағанда ғана адам бақытты болады. Игілікке қолы жетеді», - дейді «Екінші ұстаз» атанған әл-Фараби. Адам өмірінің дұрыс жолға түсіп, сәттілікке айналуын, ақыл-парасаты арқылы білімдерін дұрыс пайдаланып, пайымдауының негізінде үлкен жетістікке жететіндігін дәлелдейді. Бәсекеге қабілетті жастарға қажетті дүниенің бірі де осы деп есептеймін. Биылғы мерейтойда ғалымның философиялық ойлары жастарды ойландырып, нәтижесінде жетістіктерге жетеді деп сенеміз.

Құндыз Абай,

Тараз қаласы

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар