«Президент мырза, үйімізді жаппаңызшы..» (видео)

1053

«Адырна» ұлттық порталына балалар үйінің тәрбиеленушілері хабарласып, өз арыздарын айтты. Олар еліміздегі жалғыз мемлекеттік балалар үйінің жабылуына қарсы. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін департамент «Балалар үйін институтсыздандыру және оқушылар санының тұрақты төмендеу үрдісі үшін 2020 жылдың тамыз айында Алматы қаласындағы №1 балалар үйін жабу жоспарлануда. Жабылған жағдайда тәрбиеленушілер SOS балалар ауылының үкіметтік емес білім беру мекемесіне ауыстырылады»,деген мәлемдеме жасаған болатын. Алайда балалар шаңырақтарын тастап, басқа жаққа кеткісі келмейді. Назарларыңызға олардың ел  Президентіне жазған ашық хатын ұсынамыз.

- Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріміз. Сіздің халыққа жасаған жақсылықтарыңызды құрмет тұтамыз, өзіңіздің игі бастамаларыңыз бен халқымыздың қамы үшін жасаған істеріңізден хабардармыз.

Біз бұл балалар үйінде үш жасымыздан бастап тәрбиеленіп келе жатырмыз. Алайда, ыстық ұямыз қыркүйек айында жабылады деген хабар бар.

Алдағы уақыттағы біздің тағдырымыз не болмақ? Барлығымыз кішкентай кезімізден бір шаңырақ астында тәрбиелендік. Алдағы уақытта жан-жаққа тарап, бір-бірімізден ажырап кеткіміз келмейді. Бұрынғы басшылар оқуға түскеннен кейін әлеуметтік өмірге дайындайтын. Ал біз дәл қазіргі сәтте өз бетімізше өмір сүріп кетуге қауқарлы емеспіз. Жарғы бойынша 18 жасқа толған жетім балаларды Жастар үйіне жібереді. Соңғы үш жылда директорымыз балалардың жағдайына қарамай, оқуға түсе салысымен оларды осы үйге жіберіп отыр. 2018 жылы он алты жасынан Жастар үйіне кеткен балалар көп қиыншылық көрді. Біз де әлеуметтік өмірге әлі дайын емеспіз.

Осы уақытқа дейін қаншама жерге хат жібердік, алайда біреуінен де жауап келмеді. Сонда жетім балалардың құқығын кім қорғайды?

Құрметті Президент мырза! Сізден Алматы қаласындағы №1 балалар үйінің жабылмау шарасына атсалысуыңызды, әрі оны өз бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз! Қазіргі таңда тәрбиеленушілер саны бізден де аз балалар үйі жұмыс жасап жатыр. Үйімізді жаппаңызшы, өтініш...

  №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері

Пікірлер
Редакция таңдауы