СӘУЛЕ ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ: Тату-тәтті ұлттар арасында неге араздық туады?

3092
Adyrna.kz Telegram

Өзім Өзбекстанда тудым, 14 жасыма дейін Өзбекстанда өстім. Өзбек ағайынның жақсылығы көп. Бертінге дейін, ауылға барған сайын бұрынғы балалық шағым өткен қарашаңыраққа соғамын. (Былтыр, биыл бара алмадым...) Әр бөлмеге кіріп, 2-3 минут бөгелемін, тіпті, өз бөлмемде, залда, кухняда ұзағырақ отырып қаламын... Біздің үйде тұрып жатқан Нигора әр барғанымда біз өрмелеп төбесінен түспейтін тұт ағашының көлеңкесіне не бастырмаға дастарханын жайып, қауын-қарбызын сойып, "яхшимисиз, хош келдіңіз!" деп, құшақ жая қарсы алады. "Сәуле келді" деп көршілерге хабарлап үлгереді... Екі жақтағы көршілер де жинала қалып, құшақтасып көрісіп, кейбірі, тіпті, өткен күндерге деген сағыныштан, қуаныштан көзіне жас алып жатады... "қазақтар берекеміз еді... бекер көшті... қазақтар кеткелі ауылымыз жұтаң тартып қалды..." деп өкініштерін айтып жатады...

Халық - қай жерде де халық. Бір-біріне лайықты сый-құрметтің қандай боларын жақсы біледі...

Тату-тәтті ұлттар арасында неге араздық туады? Неге дау шығады?
Мәселе тағы да билікке кеп тіреледі...

Мысалы, өз қазағын әрең қабылдайтын, қабылдағанымен мәселесін шешуге құлықсыз болатын, өз қазағына "тыныш жүріңдер, ауыздарыңды ашпаңдар, ұлтараздық тудырмаңдар!.." дейтін аудан әкімі қасына үш-төрт "шөпке тышарын" ертіп, кештетіп өзбектің (не тәжіктің) үйіне қонаққа барып, палауын жеп, көк шайын ішіп, оларға "кредит алыңдар, мархабат, өзім көмектесемін, 30 млн теңгеге дейін еш кедергісіз аласыңдар... 50-100 гектар жер аренда ма, алыңдар..." деп, мырзалық танытып, ал қазағы 1 млн тг кредит ала алмай, кедергіден кедергі боп жүрсе; арендаға жер алу қиынның қиыны болса....

Қазақ ауылдарына 15 жылдан бері "әне салынады, міне салынады" деген мектеп пен жол салынбай, өзбек ауылына бір-ақ жылда 3 мектепке татитын мектеп салына қалса...;

Жолдары шұрқ тесік болған қазақ ауылдарына жылдар бойы төселмеген асфальт, салынбаған жол көрші өзбек ауылларында кезек-кезек төселіп, теп-тегіс боп жатса...

Ал жергілікті учасковый полисайдан бастап, РУВД, прокуратура, ҰҚК.... бәрі өз қазағын жабылып "жаншып", өзгелердің алдында құрдай жорғаласа, ұлтараздық тумағанда қайтеді?

Кез-келген билік дискриминация жасамай, халықпен тепе-теңдікте, гармонияда, баланста жұмыс істесе, қазақтан асқан бауырмал халық жоқ. Қазақ ешқашан себепсізден себепсіз "ұлтшылдық әңгіме" көтеріп, шу шығармайды. Әбден өз шонжарлары басынып, көзге ілмей, адамсың ба демей, өгейлік көргендіктен еңсесі езіліп, басылып кеткеніне күйінгендіктен ғана бас көтеруі мүмкін...

Ал Өзбекстандағы қазақ мектептері жабылып, қазақтар ғасырлар бойы мекендеген ата қонысынан - Атамекенінен жаппай Қазақстанға ауа көшкені өз алдына бір тарих, бір трагедия боп қалатыны сөзсіз...

Сәуле Әбілдаханқызының жазбасынан

Фото: Қамшы.кз

Пікірлер