Ресей Сирияның жаңа үкіметінің Ресейге қашып кеткен президент Башар Асадты экстрадициялау туралы өтінішінен бас тартты. Бұл өтініш Ресей билігіне қаңтар айында жіберілді. Бұл туралы Сирияның уақытша президенті және жиһадшылардың Хаят Тахрир аш-Шам (HTS) тобының жетекшісі Ахмед аш-Шараа 23 сәуір күні The New York Times газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Алайда, бас тартқанға қарамастан, Сирияның жаңа әкімшілігі Ресеймен қарым-қатынасты үзгісі келмейді. Басылымның жазуынша, сириялық билік Кремльмен келіссөздерге ашық.
«Ресей – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі. Сондай-ақ, Сирияның қаруы толығымен ресейлік. Одан бөлек, Сирия ұзақ жылдар бойына сүйенген азық-түлік пен энергиямен қамтамасыз ету бойынша көптеген келісімдер бар
», – деді аш-Шараа.
Ол өз үкіметінің Сирияның ұлттық мүдделерін ескеретінін атап өтті.
Сириядағы азаматтық соғыс кезінде Ресей Асад режимін қолдау үшін әскер, әскери кеңесшілер, ұшақтар мен кемелер жібергені белгілі, деп еске салады басылым.
«Бізге басқа елдерден сириялық қару-жарақты алмастыру жөнінде ұсыныс түскен жоқ. Сондықтан Ресейдің қолдауы әлі де қажет болуы мүмкін», – деді аш-Шараа.