Ғабиден Мұстафин шығармаларындағы халықтық сипат

2790
Adyrna.kz Telegram

XX ғасырда отаршылдыққа қарсы күрес пен орыстың ағартушылық, демократиялық және революциялық идеяларына іштартқан, осы идеялармен суарылып, ішкі толғанысын қалам арқылы жеткізген зиялылар көп болды.

Атап айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов көкірегі соқыр халықты ояту үшін «Маса» сияқты маза бермеген, “Оян қазақ” деп бар дауыспен жар салған шығармашылығымен қазақ әдебиетіне қозғау салса, Ғабиден Мұстафин «Шығанақ», «Миллионер» және «Қарағанды» сияқты көрнекті туындыларымен сол кездегі халықтың қалпын, күнделікті өмірінде көрген қиындығын сипаттап, қазақ әдебиетін дамыта түседі. Роман кейіпкерлерінің әрекеттеріндегі өзгерістер арқылы коммунизм ұсынған бағыттың жұртқа қалай ықпал еткенін көрсете алғандығы Ғабиден Мұстафиннің жоғарғы деңгейдегі жазу шеберлігін көрсетеді.

Білім алу қиын болған заманда өмір сүрген Ғабиден Мұстафин оқу іздеген жолында көп кедергілерге кезіксе де, жазушы болу арманын жүзеге асыру үшін алған беттен қайтпай әр түрлі жұмыс істеп, өмірлік тәжірибе жинайды. Мәселен, 1925 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордада оқуға түсе алмай қалған соң, жоғарғы сотта қатынас қағаздарының тіркеушісі болып, келіп түскен еңбекшілердің арыз, шағымдарымен таныса отырып, ел ішіндегі әр түрлі бұзақылықтар туралы, сол замандағы халықты қанап келген небір пайдакүнем, арамза байлар мен атқамінерлердің озбырлық, парақорлық қылықтарын әшкерлейтін мақалалар, шағын әңгімелер жазады. «Еңбекші қазақ» газетінде күнделікті хабар-ошар жазып жүрген жас Ғабиден, бірде Сәбит Мұқановтың «Ақбөпе» шығармасын оқып, ерекше шабыт алып, өз әңгімелерін жазуға кіріседі.

Жазушының романдарын оқу барысында өткен ғасырдың ортасында орын алып жатқан елеулі өзгерістерді халық қалай қабылдап, пайда болған жаңа ережелерге қалай бейімделгенін байқауға болады. Мәселен, 1945 жылы жарық көрген «Шығанақ» повесі Ұлы Отан соғысы кезінде Шығанақ Берсиевтің жанқиярлықпен еңбек етіп, гектарынан 1232 пұт тары алып, дүние жүзінде болмаған рекорд жасаған өмірі жайлы баяндайды. Бұл шығарма арқылы әлемдік рекорд орнату жолында тек Шығанақтың өмірі ғана емес, артынан келе жатқан шәкірттерінің де еңбегі бар екенін көруге болады. Мысалы, атақты тарышының шәкірттерінің бірі – Жанболат ауырып қалған Шығанақтың учаскесінде жұмыс істеп, еңбек ерлерімен бірдей еңбек етеді. Нәтижесінде Шығанақтың ең соңғы рекорды гектарынан 200 центнерден аса өнім жинайды.

Ғабиден Мұстафин «Жолсызбен жүріп жол салмақ болдым. Барды ғана айтып қоймай жоқты да айтып, болғанды ғана айта бермей болашақты да айтуға лайық тіл тапсам екен» деп соғыстан кейінгі ауыл өмірін баяндайтын 1947 жылы «Миллионер» атты еңбегі жарық көреді. Бұл шығармада кейіпкерлердің іс-әрекеті мен ой-пікірі арқылы екі кезеңнің көрінісі айрықша көрсетілген: біреуі бұрыннан келе жатқан социализм болса, екіншісі жаңа коммунизм. Мысалы, ескішілікке бейімделген қарт Жақып сол кездегі жаңашылдыққа жол берсек барымыздан айырыламыз деген жұрттың бір бөлігін суреттесе, жас Жомарт керісінше өзгерістерге жол беріп, ауылын көркейту үшін тәуекелге баруға дайын санаулы адамдарды сипаттайды. Бірақ соңында Жомарттың «Сіз колхоздың бірінші дәуірінде, социализм дәуірінде тұрсыз. Екінші дәуірдің жаңалығын сезе алмасаңыз, кем өлшеп, кейін тартуыңыз сөзсіз» деп он бес жыл бойы колхозда адал еңбек еткен Жақыпқа айтқан шындық жайлы сөздері коммунизмнің өрлеуіне ерік беру керектігіне ой салады. Жомарт бастаған жолды бүкіл ауыл қолдап, жалғастыруы Амагелді колхозында коммунизмді дамытады. «Миллиардщик боламыз. Келесі көктемде электр тракторларды жерге салса, миллиардщик болмай немене» деп жауап айтқан Жомарттың сөзінен үлкен еңбектің арқасында болашаққа үлкен сенім артқанын және де сол сенімнің ақталғанын анық көре аламыз.

Қорытындылай келе, көрнекті жазушы өз өмірінен көріп, білген  оқиғаларға сүйене отырып, қазақ әдебиетін жаңа бір қырынан көрсеткен көркем туындыларын жарыққа шығарды. Басқаша айтқанда,  Ғабиден Мұстафин - XX ғасырдағы халықтық сипатты өз шығармаларында шебер суреттей алған реалистік жазушы.

Қымбат МҰРАТ,

Алматы қаласы ХББ НЗМ

12 сынып оқушысы

Пікірлер