Халық өз тілінен айырылған кезде ұлттық мінезінен де айырылады

3221
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тілінің мәртебесі артқаны қазіргі қоғамда күн өткен айқын білініп келеді. Өйткені мемлекеттік тіл - тәуелсіздігіміздің айқын белгісі.

Тілсіз өмір жоқ. Қоғам белсендісі, «Ұлт тағдыры қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дос Көшімнің мемлекеттік тілдің дамуына қатысты былай дегені бар: «Бірінші мәселе, Егер де қоғамда қажетті жағдай қалыптасса, өзге ұлт өкілдері де амалсыз қазақ тілін мойындап, тілді білуге икемделе түспек. Бұл – бір. Екінші бір мәселе – тілге деген сұранысты арттыру, қажеттілік жасау. Ол мемлекет тарапынан жүргізілуі керек. Мәдениетті түрде, барлық құқықтарды сақтай отырып, өзге ұлт өкілдерін тілді үйренуге, құрметтеуге тарту. Үшінші мәселе – ол мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдау. Қазіргі қолданыстағы Тіл туралы заңның бүгінгі күннің талаптарын орындауға қауқары кем».

Расында да қазақ қана емес, басқа ұлт өкілдері де мемлекеттік тілдің үлесі артып келе жатқанын қазіргі уақытта түсініп отыр. Тек күнделікті өмірде тілдің қажеттілігін артыра түсуіміз қажет. Ол мәселе де өзімізге байланысты. «Қазақ сөзі қалай жазылуы керек, сөз қолданысында қандай ерекшеліктер бар, сауатты сөйлеудің жолы қандай?» деген  тақырыпта әлеуметтік желіде өз ойын тұрақты білдіріп тұратын азаматтарымыз жетерлік Солардың бірі – журналист  Дүрәлі Дүйсебай ағамыз.

Енді белгілі журналистің  мына бір пікірін тілге тиек етейік.

– «Қазақ тілі банкоматта бірінші тіл болып тұр. Екінші - орысша, үшінші – ағылшынша, – дейді Дүрәлі Дүйсебай. – Соның өзінде қазақтар бірден  екіншісін басады. Ондайды байқасам, айтып, түсіндіріп кеңесімді беріп тұрамын. Олардың осы тірлігімен өзге тілге қызмет ететінін ескертемін. Бір қызығы, орысшаны қатырмаса да орысша теретіндердің, тіл-тіл деп өздерінше шырылдап жүргендердің де орысша түймені басатынын байқап жүрмін. Айтсаң, "қазақшасы түсініксіз" дейді. Жәй сөз, әрине. Таяуда осындай бір оқиға болды. Банкоматта менің алдымда үш адам тұр: бір орыс, екі қазақ. Орыстың орысшаны таңдайтынына шүбәм жоқ. Ақшасын алып ол кетті. Артынан қазақ келіншек басты, әдейі қарадым - орысша. "Айналайын-ау, неге қазақшаны баспайсың?" дедім даусымды қатқылдау шығарып. "Түсініксіз" деді ме, әйтеуір міңгірлеп, ақшасын алып ол кетті. Осы уақытта банкоматтың қазақшасы сауатты екенін орысшасынан да түсінікті екенін айтып үлгердім. Үшіншісі, орта жастағы қазақ азаматы маған қарады да, "аға, қане көмектесіңіз" деп қазақша тетікті басып кеп жіберді. Ретімен басып жатыр, бәрі түсінікті. Менің көмегімсіз басып, ақшасын алып тұрып: "Рақмет, аға, шынында да түсінікті екен ғой" деп күліп қойды.
Көбісі солай ойлайды. Әйтпесе, банкоматтың қазақшасы түсінікті-ақ».

Міне тілге қызмет ету ең алдымен өзімізден басталады. Тек қана ниет болғаны жөн.  Бұдан шығатын қорытынды не? Расында да түсінбейтін ештеңе жоқ. Бәрі ашық әрі айқын. Тілдің түйткілін ең алдымен шешетін өзіміз, сол үшін өзгелерге де үлгі болуымыз керек.

Тілге қатысты тағы бір мысал, егер сіз сотқа қай тілде талап –арыз түсірсеңіз, сол тілде іс қаралады. Сот, судья іс материалдарын сіздің талабыңызға орай қазақ тілінде жүргізетін болады. Әрине бұл салада түйткілдер бар. Мұныжақында журналистермен жүздесуде Жоғары Сот төрағасы Жақып Асанов та айтқан.

– Республика халқының 70 пайызы– қазақтілді азамат. Бұл көрсеткіш қарқындап өсуде. Демек, мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатая бермек. Тек процестік құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз. Енді сот процестерін біртіндеп қазақ тіліне көшіруіміз қажет. Ол үшін не керек? Екі нәрсе. Біріншіден, сөйлей білуіміз. Екіншіден, жаза білуіміз керек. Сот жүйесіне қойылған ең бірінші міндет – сотқа деген сенім. Ал, сенім қай кезде болады? Егер әр шешім мен үкім заңды және негізді болса. Онымен танысқаннан кейін судьяның неге сондай шешімге келгенін логикалық тұрғыдан әрбір адам жақсы түсінсе, бұл сотқа деген оң көзқарасты қалыптастырар  еді. Тараптар әр уәжіне нақты және толық жауап алса, судья өз шешімін  түсінікті әрі қарапайым тілмен  жеткізе білсе, сонда ғана азаматтар сот шешімімен  келісіп, жоғарыға  шағым түспейтін болады, - деді Жоғарғы Сот төрағасы  Жақып Асанов.

Жоғары Сот төрағасының  судьяларды бос уақытта қазақ тіліне көңіл бөліп, шешендік өнерді меңгеруге шақырғаны да бекер емес.

–Сот шешімдеріне қарап, жұрт соттың жұмысына баға береді. Қате жазылған бір түйір шешім қасықтап жинаған абыройымызды шелектеп төгеді. Бірақ, қызметте өсем деген судьялардың шешімдерін ертең Сот сапасы жөніндегі комиссия мұқият қарайтын болады. Егер іс бойынша заңсыз шешім қабылдаса, ондай судьяға сөзсіз жол жоқ. Ал, мемлекеттік тілді жетік білмесе, ол да үлкен кедергі болмақ, - деді Жоғарғы Сот төрағасы.

Біз күнделікті өмірдегі немесе сот саласындағы мемлекеттік тілдің мәртебесін сөз еттік. Қалай айтқанда да, бәрі алдымен өзімізге байланысты. Ендеше «тіліміз жоғалып бара жатыр» деп байбалам сала берудің де қажеті шамалы.

–Шын мәнісінде, қай мемлекет болсын, бір тілдің айналасына топтасады. Қоғамда тек қана бір тілдің қажеттілігін тудырады. Сол тіл ұлтаралық қарым-қатынас тілінің рөлін атқарады. Сондықтан біз де қазақ тілінің маңына топтасуымыз қажет. Тіл ортақ болмай, қоғам бірікпейді. Ұлт боламын десек, әр қазақ өзінің ана тілін дәріптеуі керек. Өзгелердің қазақ тілін үйренуіне қажеттілік қажет, – дейді белгілі журналист Бейбіт Оспан.

Жыл сайын айқын байқалатын бір нәрсе, қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны барған сайын артып келеді. Мұны Ұлттық бірыңғай тест тапсыратындардың сандық көрсеткішінен –ақ байқауға болады. 2018 жылы 102 447 өтініш қабылданған. Оның ішінде 25 177 немесе 25% – орыс тілінде, 46 –і ағылшын тілінде тапсыруға ниет білдірген. 2019 жылы ҰБТ тапсыруға 117 242 өтініш қабылданды. Оның ішінде 88 277 немесе 75,3 %-ы қазақ тілінде, 28 784 немесе 24,6%-ы – орыс тілінде, 181 немесе 0,1%-ы ағылшын тілінде.. Демек, бұдан шығатын қорытынды, мемлекеттік тілдің ықпалы күшейіп келеді. Мұны орыс тілінің мүддесін көксеп жүрген Қазақстандағы кейбіреулер терең түсінуі тиіс.

Неміс философы Канттың былай дегені бар: «Халық өз тілінен айырылған кезде ұлттық мінезінен де айырылады». «Ұлттың рухтың негізі – ұлттық тіл» деп Мұстафа Шоқай да  бекер айтқан жоқ. Ал Алаш арысы Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», деп өмірден өтті. Ендеше  тіл үшін ұлтқа қызмет етуден артық абырой жоқ.

Еркін ҚАЛДАН,

 «Адырна ұлттық порталы

Пікірлер