Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Парламенттік оппозиция» заң жобасына қол қойды. Жаңа заң жобасы алдағы уақытта қалай жұмыс істеуі мүмкін, парламентке шынайы оппозиция келе ме деген сұрақтар бойынша «Адырна» ұлттық порталы саясаттанушылар Дос КӨШІМ мен Расул ЖҰМАЛЫНЫҢ пікірін білді.
Парламентке оппозиция келу үшін саяси партиялар туралы және сайлау туралы заң жобасын жөндеу керек
Дос Көшім мырзаның пікірінше парламентке алдағы уақытта жаңа оппозициялық партиялар келетін болса, жаңа заң жобасының керегі бар. Ал бұрыннан парламент құрамындағы партиялар біз оппозицияның рөлін атқарамыз десе, «рөлін» атқарады, алайда оппозиция болып табылмайды.
- Парламенттегі азшылық және оппозиция дейтін нәрсе бар. Екеуі екі түрлі мәселе. Қазіргі таңда бізде парламентте оппозиция жоқ, бірақ келешекте болуы мүмкін. Заң келешектегі келетін партияның жұмысын жеңілдету үшін, сол жердегі комитеттің қаншасын оппозицияға беру керек деген мәселелер бойынша қажет. Бірақ осы заң қабылданғаннан кейін қазіргі тұрған партиялар не фракциялар біреуі біз оппозицияның рөлін атқарамыз десе, бұл – баланың ойыны секілді ұят нәрсе.
Саясаттанушы билік парламентке оппозиция әкелу туралы мәселе қойып отырған жоқ, парламенттегі азшылыққа оппозиция деген ат беру ғана деген пікірде.
- Парламентке оппозиция келу үшін, сайлау туралы, саяси партиялар туралы заң жобасын өзгерту керек. Менің ойымша, ондай мәселе билікте қаралған жоқ. Біз айтып жатқан саяси партиялар туралы заңда партияға мүше адам санын қырық мыңнан жиырма мыңға түсірді. Осы ғана. Ал оның ішінде көптеген өзгертетін баптар бар. Мен ойлап едім, кемінде он шақты дөңгелек үстелдер болады, теледидардан түрлі саяси шоу болады, адамдар келіп пікірлерін айтады деп, біреуі де болған жоқ.
Бір заң қабылдай салумен мәселе шешілмейді
Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы жаңа заң жобасы дұрыс бағыттағы алғашқы қадам, демократияға жету жолындағы алғышарт деп біледі.
- Мемлекеттің, қоғамның бірқалыпты дамуы үшін демократия керек. Ал демократияның негізгі алғышарты – оппозиция. Оппозияция деген отырып алып біржақты билікті сынау емес, балама пікір, балама бағдарлама ұсыну. Біз ерте ме кеш пе шынайы оппозицияға келуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда жаңа заң жобасын жақсы қадам деп бағалауға болады. Себебі оппозиция парламентте болу керек деген түсініктің енгізілуінің өзі құптарлық шаруа. Бірақ бірнеше қадамдардың іске асуы маңызды. Мәселен, балама пікірді айтатын оппозициялық қозғалыстарға заң арқылы мүмкіндік беру. Тіркелуге, саяси алаңдағы белсенділігін іске асыруға, сөз бостандығына, әділ сайлау өткізуге. Оның кейбір қадамдарын біз қазір көріп те жатырмыз. Саяси партиялардың тіркелуіне қатысты кейбір шектеулердің алынуы, балама ойдағы азаматтардың шеру ұйымдастыруына жеңілдіктер берілуі осының көрінісі. Әрине әттеген-ай дейтін тұстары да бар. Бірақ бастамасы жаманы емес.
Ағын АЙДЫН, "Адырна" ұлттық порталы.