"Талибан" содырлары Түркіменстанның гуманитарлық жүгін тартып алды

3302
Adyrna.kz Telegram

Түркіменстан билігі Ауғанстанға халқына гуманитарлық көмек берген. Жүкті 2 мамырда Акина портында ауғандарға тапсырылған. Бірақ гуманитарлық көмекті "Талибан" қозғалысының содырлары тартып алған. Бұл туралы centralasian.org хабарлайды.

Түркіменстан гуманитарлық көмекті Акина портына дейін жүк көліктерімен жеткізді. Азық-түлікті сол жерде ауған жүк көліктері Маймана қаласына қарай алып шыққан. Көмек Маймана қаласы мен соған жақын аймақтарда тұратын халыққа таратылуы тиіс еді. Бірақ жолда жүк көліктерін "Талибан" қозғалысының содырлары тоқтатып, көмекті тартып алған.

"Біз оны кедейлерге таратуымыз керек еді. Азық-түлік "Талибан" бақылауындағы ауылдарға да беріліп жүрген. Бірақ гуманитарлық жүкті содырлар тартып алды", - деді Ауғанстанның Фарьяб уәлаятының басшысы Накибулла Файип.

Оның айтуынша, жүктердің бір бөлігін содырлар өздерінің әскери лагеріне апарған. Ал төрт жүк көлігін күн астына қойып қойған. Олардың бірінде жеміс-жидек, жұмыртқа бар.

"Талибанның" бұл әрекеті қылмыспен тең. Әйелдер мен балалар көмек күтіп отыр. Тәліптер азық-түлікті халыққа таратпай, бізді де жолатпай отыр", - деді Файип.

Жергілікті кеңестегі депутаттар "Талибан" қозғалысының өкілдерімен келіссөз жүргізуге барған. Олар гуманитарлық көмекті халыққа таратуын сұраған. Жергілікті ақсақалдар да өтініш жасаған. Бірақ "Талибан" оларға құлақ аспай отыр.

Пікірлер