Басынан кешкен қандай да бір оқиғаны тым әсірелеп жіберу қиялы ұшқыр Флобердің табиғатына тән қасиет. Луизаны сүймесе де ғашық жандай түр танытып, көңілі көбелектей ұшқалақ әйелді өзіне ынтық етіп қойғанды ол теріс көрмеді. Үміт оты ұшқындағанымен, ұлы махаббатты армандаған Флобер оны тек қиялдаумен, армандаумен және өзін-өзі алдаумен ғана күндерін өткізді. Бәлкім, сондықтан ба екен, нәпсілік құмарлығын тежеп, одан үлкен сезімді дәметкен от-әйелден алысырақ жүргенді мақұл көрді. Бірақ, екеуінің арасындағы сезімнің нәзік жібін біржола үзіп жіберуге де батылы барған жоқ. Қайта керісінше, шын ғашық екеніне байғұс әйелді сендіріп, бұрынғыдан да бетер оны өзіне зарықтырып, әуре-сарсаңға салып қойды.
Дәулеті асып-тасыған бай әйел оны қайта-қайта Парижге шақырды. Жиған-тергенінің бәрін де ол ғашығының жолына суша шашып жіберуге дайын еді. Алайда, Флобер күйеуінен және қызынан айырылып қалған шешесінің жағдайын айтып түсіндіріп, оның қасына біржола көшіп барудан тартыншақтай берді. Өзінен он үш жас кіші жігітке жан-тәнімен ғашық болып, басы айналып қалған Луиза ақ төсінен аймалап, ақ балтырынан сипалап, денесін дірілдетіп жіберетін тәтті түндерді сағына күтті. Шыдамы таусыла жаздаған кездерде әйелдік намысты ұмытып, Гюставтың жиірек келіп тұруын өтініп, жалынып-жалбарынуға дейін барды. Ашуланып «Сені немене, күйеуге беретін қыздай шешең күзетіп жүр ме?» деп хат та жазды.
Іштегі ыстық сезімін жасырмай жайып салған Луизаның қасына бара алмауының жесір қалған шешесінен басқа да себебі бар-тын. Денсаулығы сыр беріп, жыл өткен сайын Флобердің дерті асқына түскен болатын. Жұмбағын ешкім де білмейтін ұстама ауруы қайталанған сайын жалғыз ұлынан айырылып қалудан қорыққан анасының зәре-құты қалмады. Әр сырқаттанып қалған сайын ол қатты әлсіреп, өзіне-өзі келе алмай, сарыуайымға салынып, жүдеп-жадап кетті. Тамақ ішуге де, біреумен сөйлесуге де зауқы болмады. Ұлының денсаулығына қатты алаңдаған шешесі оған суға түсуге рұқсат етпей қойды. Емін-еркін жүруіне де тиым салды. Алыстағы Париж түгіл, ол тұсаулы аттай үйінен алты қадам аттап шыға алмай қалды.
Егер шынымен де Флобердің Луизаны сүйгені рас болса, оны көру үшін Парижге барып келуге сылтау табылар еді-ау! Луиза да жас жігіттің оны дәл өзі сияқты бар жан-тәнімен сүймейтінін бірте-бірте ұға бастады.
«Бұл ешқандай да махаббат емес. Сенің өміріңде махаббат үшін орын жоқ», деп, кездесуден қашқалақтаған жас жігітке ойын жасырмай айтып салды бір күні Луиза ғашығына жазған хатында. «Сен, мен сені сүйемін бе дегенді білгің келіп тұр ғой. Әрине, қолымнан келгенше сүйемін. Бірақ махаббат менің өмірімде екінші орында тұр», - деп жауап берді жазушы оған салқынқандылықпен.
Бұл өнерді бәрінен де биік қойған Флобердің шындығы болатын. Бала күнінен мына жалған дүниеден өнер әлеміне қарай қашып, одан басқа құдіретті мойындамаған Флобердің басқаша жауап беруі мүмкін емес еді. «Біржола өнерге сіңіп кетіп, одан өзгенің бәрін де жек көру – бақытсыз болмаудың жалғыз жолы осы... Мен байлықты да, махабатты да, ләзатты да қаламаймын. Бүгіннен бастап маған өз бөлмемдегі бес-алты сағат тыныштық пен қыста пеште отымның, кешке таман үстелімде екі-үш шырағымның болғаны жеткілікті» деген болатын ол жас кезінде досына. Бір жыл өткеннен кейін сол досына тағы да мынандай ақыл-кеңес береді. «Мен сияқты – сыртқы әлемнен байланысыңды үзіп таста, аю сияқты өмір сүріп, ойыңдағыдан басқаның бәрін де, тіпті, өзіңді де атасына нәлет қуып жібер. Қазір менің және басқа әлемнің арасында үлкен ор тұрғаны сондай, мен кейде қарапайым дүниелерді естігенде таң қалатын болып жүрмін».
Флобердің шынайылық пен шыншылдықтан гөрі қатігездікке көбірек ұқсайтын кейбір мінезі таң қалдырмай қоймайды. Бір күні ол Луизадан оның Француз Гвинеяcында тұратын құрбысы арқылы кезінде Марсельде бір түнді бірге өткізген Элали Фуко туралы біліп беруін өтінеді. Ол аздай, жеңіл жүрісті қыздарға көңілі тартып тұратынын да мойындап, жезөкшелермен қалай сауық-сайран құрғанын да Луизадан жасырмай айтып береді. Флобер мен Луизаның арасындағы махаббат драмасы екі жылға созылды, осы уақыт ішінде олар алты рет қана кездесті. Ақыры еш нәтиже шықпасын түсініп қош айтысты. Әйткенмен, енді бірін-бірі көрместей болған екеуі де, бірнеше жылдан кейін тағдырдың соқпағы оларды қайта табыстыратынын білген жоқ.
(Жалғасы бар)