АЙГҮЛ БОЛАТХАНҚЫЗЫ: Мемлекет халқын асырауға міндетті емес, бірақ халқының жағдайын жасауға міндетті!

3254
Adyrna.kz Telegram

- Сізге 42500 теңге түсті, банкке кеп карточка аштыруыңыз керек.
- Ойбай, карточкам қайда кетіп қапты, бар емес пе?
- Онда жарамдылығы өткен. Осы ақшаны алуға басқа карта аштыру керек...
- Жоқ. Жарамды. Ол карточканың бәрін нағылам сосын?
- Онда жеке куәлігіңіз жарамсыз.
- Қой, ол да жарамды.
- Банкке келуіңіз керек. Базадан шықпай жатыр.
- Көкетай, сол ақшаны өзің ала қойшы, карантин ғой қазір, ешқайда шықпаймын.
- Головнойдан сұрап білейінші,-
деп тұтқаны қойды.
Ары қарай ұйықтай бердім. Әбден ұйқым қанғанша ешкім мазаламады.
Тұрған соң "свежий" мимен ойлана бастадым. Мыналары қызық екен... "Үйден шықпа",- деп қақсаудай қақсап жатыр. Әлгі ақшаға дәл бүгін-ертең күнім қарап тұрған жоқ. Уақтылы налог төлеп жатқан соң, рақмет "сыйлағандарына". Бірақ менің карточкам бар, соған неге аудармайды? Осы уақытқа дейін сол БЦК картасымен еңбекақымды да алып келгем. Қаңтардан бері жұмыссыз болғаныммен жарамдылық мерзімі бітпеген әлі. Сонымен, үнсіз. Мейлі, оқыған немелер ғой өздері бірдеңе біледі де. Айтпағым ол емес. Сонда мен желпілдеп көпшілік жиналған орынға жетіп барсам. Қырық мыңның соңында жүрген қырғын қатынның ішінде тапталуым да мүмкін, оны қойшы, ауру жұқтырсам пәлен күнгі карантинім қайда қалады?
Банк жағалап, ақшаның соңына түскендерді кінәламау керек. Үйінде шиеттей бала-шағасы бар нәпақасыз қалғандарға жаңағындай қоңырау соғылмады деймісіз?! Осыны айтып "ішімді босатып" алайын деп қайыра қоңырау шалсам: "Бла-бла, 1-ді бас, дәба-дәба, 2-ні бас, барлық оператор бос емес, он минутқа дейін күте аласыз, барлық оператор бос емес, 9 минут күте аласыз",- деді қақылдаған автомат-қатын. Бұйырған нәрсе кетпейді. Дүкендегі әдемі затқа қызыққанда дер кезінде ақшасыз немесе ойлануым керек болса, он жерден сылап-сипап көрсем де, кейін келетінімді айтам. Әлгі заттың ең соңғысы қалғанын, бітіп кететінін, сақтап қоймайтынын айтып, сатушы майлы ішектей айналдырады ондайда. Дұрыс қой енді. "Бұл менікі! Демек, мені күтеді",- деймін де кетем. Сол затты алуға болмайтындай мазам кетіп "ауырып" қалсам, екі-үш күнде алып қайтам. Бұйырмай қалғаны болмапты. Сол сияқты ол 42500 бұйырып тұр ма, демек, менікі. Ал мен оны шын мұқтажға берем деп Құдайға уәде бергем...

***
Әйелдер пысық! Ой-е-бо-ой, өзім де ресторанда неғып повар болмай кеткем деп ойлап қоям. Әзіл ғой. Карантин нені байқатты? Ең бірінші әйел он жерден көлікті тізгіндеп темекі шегіп, күйіктен ішіп кетсе де, әйел боп қалатынын байқатты. Баласына ол - аспаз, шаштараз, мұғалім... Бірақ ол - ең алдымен, әйел, ана, жар! Егер оның тоңазытқышы толып тұрса, егер оның пәтерақым төленбай қалса қайтем деген уайымы болмаса, егер ол өзіне қажеттің бәрін үйінен таба алса, мәнтің де, лағманың да, салатың мен тәтті пирог-тортың да дайын! Әйел жанталасып жұмысқа баруға аса қатты құштар да емес. Сондықтан ер-азаматты әйелдің алдында тұқыртып жерге қаратпа, жұмыс бер, ақшасын дұрыстап төле! Халықты ешқашан билік асырап көрген жоқ, мемлекет халқын асырауға міндетті де емес, бірақ халқының жағдайын жасауға міндетті! Сол халықтың баласы да сонда Отанын қорғауға құштар боп өспек!
... Айттым ғой, әжептәуір әйелміз бәріміз. Бірақ... Он жерден суши жаса, манты түй, лағман соз, Бердібек жазушының Бөкпе әжесі пісіріп беретін картобы торғайдай анау көжесіндей кеспекөжеге, өзің қолмен жайған қамырына саусағыңды салып тұрып сүйсініп жейтін етке, құрт қосып ішер сорпаға жетпейді. Ұлттық тағамның аты - ұлттық тағам, қазақтың асы ол - қазақтың асы, тарихи жадыңда сақталып қалған, ол біздің табиғи қажетіміз, аңсар һәм сүйсініп ішер тамағымыз. Олай болса, малшыға мүмкіндік бер, еткен еңбегін - еш, тұзын сор қылып пайдасын мен рақатын делдалға көрсетпе, қаладағы әр қазақ еті мен майын, айраны мен сүтін, құрты мен ірімшігін сатып алып жей алатындай бағасын шарықтатпай тұрақтандыр! Мемлекеттің қызметке өршеленіп ұмтылмайтын бала туар әйелі де, дені сау ұлты да болады. Осыны жүзеге асыруға анау айтқандай ми да керек емес, бір қора депутатқа тегін тренинг, тегі! Миллион теңге айлығыңнан тиын аударам десеңдер біротала карточка аштырып келем. Карантин біткен соң!!!
#КарантиндегіҚала

Пікірлер