ДИНА ЕЛГЕЗЕК: Ау, шырақ, мынау не баға?

1040

Тәшкен помидоры 3 мың, алма 1800, картоп 260, банан 2 мың, қымыз мың теңге.
-Ау, шырақ, мынау не баға? Қазақтың басына күн туа қалса, (Құдай оның жолын әрмен қылсын) 30жыл елді жалмаған жемқор жалмауыздарға ұқсап елді ең бірінші болып сендер құртатын шығарсыңдар. Өз қазағыңның жағдайына үңіліп, аппетиттеріңді кішкене тыйсаңдаршы",-деп сөйлеп кеттім үйдің жанындағы көкініс сататын саудагерге.
Жоғарыдағылар асап жесе, төмендегілер тістеп жейді, сонда әупіріммен күн көрген қалың қазақтан не қалады?
Адамның көз жасы мен халықтың наласынан ақша жасауға арланбаған азғындар ақыл айтады тағы жұртқа: "паникерлер короновирус секілді мемлекетке қауіпті" деп. Азғантай айлығына күнелтіп - күнкөріп жүрген көптің көз алдында теңгесі теңселіп, азық-түлік бағасы аспандап бара жатса, кедейліктен зығыры шыққан ел паникер болмағанда қайтеді? Індеттен қорғану үшін 2 сағат сайын 150 теңгелік маскасын күнделікті 6 рет ауыстырып тұру үшін аптасына 5400 теңге керек екен. Бір айда бір адам өзін-өзі маскамен қамту үшін 21 мың жұмсауы қажет. Қазақ паникаға түспей қайтеді? Генінде қасақана жасалған аштықтың үрейі сақталған қазақ өре түрегеліп азық-түлік сатып алмай қайтеді? Туыстық кланның қамын күйттеп елге не қадыры, не сенімі қалмаған билігі бар халық паникер болмай қайтеді?
Алаңдап қалған елді короновирусқа теңегені қай сасқаны? Бұл не зіркіл өзі?
Нағыз короновирус - халықтың аңғалдығы мен несібесінен ақша тапқан жемқорлар мен азық-түлікті он есе үстемелеген алып-сатарлар!
"Қалада кеше сирена дабыл қаққанда тұла-бойым қалтырап кетті. Баға мынау, бала анау, халықты басудың орнына зірк-зірк еткен билік, "магазинді солайымен көтеріп кетіпті" деп көпке қарқ-қарқ күлген әлеуметтік желі. Өмірден түңіліп кеттім, апокалипсис жақындап қалды ма?!", -деп көршімнің көзі мөлт-мөлт етеді...
Иә...
Мынау індет айналдырған бірнеше айда "мировой порядокты" қана өзгерткен жоқ, күллі адамзатқа ой салды. Өзіміз елемей жүрген есіл еркіндіктің қадыр-қасиетін сезіндік. Қауіпсіздік - бейғам тіршіліктің тіреуі екенін ұқтық. Адамзаттық айналымға еніп кеткен жаhандану процессінің алып қуатын, одан қанша оқшаулансақ та оны кері қайтару мүмкін еместігін, "кемедегінің жаны бір" екенін, жер планетасының - ортақ, тұтас екенін ұғындық. Әйтпесе, әлемдік ғалымдардың короновирусқа қарсы әзірлеп жатқан екпесін емешегіміз үзіле күтпес едік қой.
Бұл оқиға:
-адасқандарды райынан қайтаратын амал,
-өмірден түңілгендер үшін көрінген сәуле,
-артта қалғандарды алып кетер пойыз,
-жолда қалғандарға салынған көпір,
-бәрінен күдер үзгендерге ашылған есік!
Адамзаттық өркениетті тек қана технологиялық прогресс пен материалдық құндылықпен өлшеп келдік. Ал мынау дүниені төңкеріп жіберген ғаламдық індет адамзаттың денсаулығынан артық мұрат жоқ екенін тағы бір айғақындап берді! Бұл індет қолдан жасалған биологиялық қару ма, әлде қауіпсіз тіршіліктің қадырын ұқсын деп Құдайдың адамға жіберген зауалы ма? Ол жағына бас қатырғым келмейді. Өйткені, кез-келген дүниенің сыры ерте ме, кеш пе ашылары хақ және дүниені дүр сілкіндірген осынау оқиға адамзат нәсілінің миына жаңа файл жүктеді деп сенгім келеді. Жаратқанның әмірі алдында адам атаулы әлсіз екенін тағы ьір дәлелдеді!
Адамзат рухани кемелділіктің келесі бір сатысына өтпек. Қазіргі дүрбелең рухани эволюциялық секіріс алдындағы "перезагрузка" деп өзімді сендіремін. Бәрі жақсы болады! Бұрын "қазағым аман болсын" деп Алладан жалбарынып сұраушы едім (популист деп сөксеңіздер өз еріктеріңіз), қазір тілегім мен жүрегім өзгерді! Адамзат аман болсын!

Пікірлер
Редакция таңдауы