Home » Айдарлар » Тарих » Қазақтың “бай” ұғымы мен ру-тайпаларының тарихы

Қазақтың “бай” ұғымы мен ру-тайпаларының тарихы

 

 Құрамында «бай» сөзі бар ру-тайпа аттары Орта Азия мен Солтүстік Азия халықтарының көбінде кездесіп отырады.Бая және Бай түбірлі этнонимдердің тұңғыс- маньчжур, маңғол, түркі халықтарында кеңінен тарағанын көреміз. Мәселен, эвенкілерде Бая-ки, Бая-шин, Бая-гир (ру), эвендерде Бая-шин, Бая-ки (ру),Ульчи мен орокилерде Бая- усе-ли (ру), орочи мен нанайларда Бая (ру), маньчжурларда Бая-ра (ру), гиляктарда Баи-л (ру), маңғолдарда Баи-т (ру), Бая-у-д, буряттарда Баян-дай, якуттарда Баи-д (ру), ұйғырда Бае-гу (тайпа). Бай-си маньчжурияның оңтүстік жағында, Бай- янь, Бай-да Солтүстік Маңғолия және Алтай-Саян тауларының солтүстік жағында мекендеген. Бай (оногой Бая) якуттардың (өз аңыздары бойынша) арғы шыққан тегі, бел атасы. Бай-хин-Башен тобы Селькуптерде, Бай (ру) Енисей өзенінің төменгі жағындағы энцілерде, Бай-гадо (ру) Енисейдегі Кеттерде (кайбол) бар.  Біздің Байұлы тайпа аты да осылармен тектес болуы ықтимал. Бұл аталғандардың ішіндегі ең көнесі «Бай-ди» тайпасы. Ол біздің эрамызға дейінгі VIII-VII ғасырларда Солтүстік Маңғолия мен Алтай-Саян тауларының сілемдерінде өмір сүрген. Бай-ру тайпасы VII ғ. Селенгі жағасындағы ұйғырлар арасында, Бай-си VIII ғ. Маньчжурияның оңтүстік жағалауында мекендеген көрінеді. Осы «Бай» сөзі арқылы жасалған этноним, топоним және антропонимдер қазақ, өзбек, қырғыз, башқұрт, якут, ұйғыр сияқты түркі халықтары тілдерінде ежелгі заманнан бары хақ. Орхон жазбаларында Байир-ку, ұйғырларда Баегу, IX-XI ғасырлардағы Қият тайпаларының бірінің аты Байандур. Ал қазақ тілінде Байшора, Байсын, Байұлы, якуттарда Баид түрлерінде этнонимдер бары айқын. «Бай» сөзі ру-тайпа аттары ретінде алғаш рет б.э.бұрын 694-250 жылдардағы қытай жылнамаларында айтылады. Динлиндердің бір бөлігі Байди аталған, ал бай екі түрлі мағынада «солтүстік» және «ақ» мағынасында көрсетілген. Ерте замандағы тайпалардың Азияда әрі-бері ауысып, бір орыннан екінші орынға орналасып отыруы тарихта белгілі жағдай. Соған қарағанда, бай түбір сөзі арқылы жасалған этнонимді иемденгендердің бір тобы Азияның шығысы мен солтүстігінде, екінші тобы орта бойында мекен еткені шындыққа жақын. Бұған назар аударсақ, бай сөзі арқылы жасалған этнонимдердің архетипі көне дәуірге, атап айтқанда, Алтай дәуіріне тән болар деген тоқтамға келеміз. Оған дәлел, біріншіден, жылнамалары мен шежірелерінің хабарлауынша, Бай б.э. дейінгі 694-250 жылдары Алтайда өмір сүрген динлиндердің тайпа аты болған болса, екіншіден, тілдік материалы яғни сөздің көне лексикалық мағынасы сол Алтай дәуіріне тән сөздердің мағынасын аңғартады. Өйткені бай сөзінің қазіргі мағынасы мен бұрынғы мағынасының (солтүстік және ақ) арасында ешбір жуықтық, жақын байланыс білінбейді. Ал қазіргі ру, тайпа және кісі аттарында келетін бай сөзінің мағынасы соңғы дәуірлердегі жағдаймен байланысты екені өзінен-өзі түсінікті болса керек . Р.Г.Кузеевтің монографиялық еңбегінде «баюлы» (бурзянский род) , племя таз (таз, тазлар) , племя байлар  – бұл жерде, байлар атауына жан-жақты ғылыми талдау жасалған. Тана , Байулы / род- Бурзян / , Масқар/ род-племя Катай /, Ногай-бурзян , 12 биев бурзян, т.б. ру-тайпалардың атаулары кездеседі. Ғалымның пайымдауынша, башқұрт құрамында жоғарыдағы аталған рулар мен тайпалардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болғандығы туралы айтуға болады. Осы жерде Байұлы құрамында кездесетін Тана, Таз, Масқар ру-тайпаларының атаулары бар. Сонымен бірге, Бурзян тайпасының құрамында «Байұлы руы» және Байұлы тайпасы құрамында «Бурзян руы» деген сөйлемдер кездеседі. Ежелгі көшпелілердің тұрғылық мекені орталық Азиядан ең көнесі соңғы палеолит дәуіріндегі сызылған таңбалар бізге жетіп отыр. Ол Моңғолияның шығысындағы атақты Кентай жотасының сіліміндегі Арасантас (Рашан-хад) таңбалары. Арасантасқа жүргізілген қазба нәтижесі архео- логиялық төрт мәдени қабат болғанын анықтады. Бізді қызықтырып отырған үшінші мәдени қабаттағы (160-220 см. тереңдіктегі) тастың бетіндегі таңбалар мен нышандар болып табылады. Арасантастағы таңбалар мен нышандар жоғарғы палеолит (35-12 мың жыл бұрын) пен мезолит дәуірінің алғашқы кезеңінде қашалғаны белгілі болып отыр. Одан соң, кейінгі кезеңдерде жалғасып жүздеген таңбалар мен нышандар қашалған деп археологиялық сараптамаларда тұжырымдалған. Мәскеулік археолог Э.А.Новоградова Арасантастағы таңбалар туралы былай дейді: «Можно полагать, что все знаки Арашанхад были связаны с каким-то строго закодированными мифами и традициями». Зерттеушінің бұл ұсынысына біздің алып қосарымыз жоқ. Өйткені, таңбалар мен нышандар рулар мен тайпалардың, тайпалық одақтар мен тайпалық бірлестіктердің нышаны. Сол нышандар мен таңбалар арқылы қандай тайпа екенін таниды. Бұлар сол тайпалардың атын білдіретін код деген сөз . Еуразия аймағында өмір сүрген көшпелілердің қола, темір дәуірінен б.з. IX-X ғғ. аралығында қалдырған суреттер мен гравюралар мыңдап саналады. Соның мол пайызы осы аймақтың тұрғылықты халқы түркі этносына тікелей қатысты. Осы түркі халықтарының мәңгілік көршісі әрі бәсекелесі болған ежелгі қытайлар тас бетіне сурет салып (петроглиф) қалдырмаған. Ондай тарихи дерек жоқ. Қытай ғалымдары бұл ерекшелікті өздері хабардар етіп отырған. Шартты белгілерді пиктографиялық гравюралармен, суреттермен қатар қолданған. Шартты белгілер мен суреттерді қатар қолданып ақпарат берген бір ғана сюжетті пиктограммамен танысалық. Батыс Моңғолияның (Алтай тау жотасы) Гоби-Алтай аймағының Цаған-Ғол деген жердегі бір ғана тас бетіндегі петроглифте төмендегі оқиғаны пиктографиялық жазумен берген. Тастың солтүстік жағына тауешкінің суретін сызып, жанына таңба қашалған. Ол арадан екі адам шығып (бірінің қолында найза) Оңтүстіктегі жылқыға бет алған. Жылқының оң жағында бір адам жылқыға қарай жүгіріп келеді. Оның артқы жағында шанаға отырған бір адам келе жатыр. Оның астыңғы жағына О таңба қашалған. Бұлардың алдыңғы жағында шығысқа қарай үркіп бара жатқан бұғы бейнеленген. Оның артына бір ғана сиырдың суретін сызып үстіңгі жағына сызық қалдырған. Енді осы көріністің оң жақ шығыс бұрышында қолына садақ ұстап атқалы тұрған бір адамның суреті бейнеленген. Оның қасында таңба қашалған. Бұл көріністен не ұғуға болар еді? 1. Таңбалары бейнеленген тайпаның екі адамы (бірінің қолында найза) жылқы аулауға оңтүстікке бет алғанын, таңбалары бейнеленген адам көріп қалған, О таңбалы тайпа өкілі қатарласа шаңғымен шауып келеді. Бұл жер мүмкін сол О таңбалы тайпаның жері болуы әбден мүмкін. Өйткені, оның маңында IIII – деген 4 сызық сызып сиырды көрсеткен.Төрт сиыр сол тайпаның малы дегенді мегзейді. Сол арадан бір бұғы қашып шыққан. Алда жылқы үйірі. Оңтүстік шығыс бұрышта тайпаның адамы садақпен қаруланып жоғарыдағы О таңбалы тайпа жеріндегі жылқы табынына бет алған. 2. Бұл сюжеттен О таңбалы тайпа жеріндегі жабайы жылқыларды аулауға тайпа аңшылары солтүстік жақтан келсе, оңтүстігінен таңбалы тайпа аңшылары тағы да сайланып шыққан. Өз жеріндегі аңын қорғауға О тайпаның адамы жан ұшыра араша түскен. Осыдан не байқауға болады. Суретті сызушы пиктограмма мен шартты белгі арқылы болған оқиғаны үшінші немесе қызықтаушы жаққа ақпарат беріп үлгерген. Бұл тарихи құжат. Ол дәуірде сол аймақ тұрғындарына О таңбалы тайпалар кімдер екені белгілі. Міне, б.з.б. XV-X ғасырлар адамдары осылайша ақпарат ал- масып келгеніне бүгінгі күні белгілі болып отыр. Бұл пиктограммалық жазу үлгісі. Мысалы, осы таңбаны қазақтың ру-тайпалары бойынша тарқататын болсақ нені байқаймыз: О таңба белгісі бойынша қазақтың төмендегі ру- тайпаларында кездесетіндігін атап кетуге болады – Дулат, Арғын, Албан, Суан, Ботбай, Рамадан, Шыңқожа (Ұлы жүз),Терістаңбалы Табын, Онтаңбалы Табын,Сәмбет (Ұлы жүз), Бестерек (Ұлы жүз), Қоралас (Ұлы жүз) т.б. тікелей және ішінара кездесетіндіктерін айтып кетуге болады. I таңбасы қазақтың Қаңлы, Ысты, Шанышқылы,Тілік, Тана, Адай, т.б. ру- тайпалары ішінде тікелей немесе ішінара кездесетіндігін атап кетуге болады. Осындағы таңбаларға ғылыми сараптама жасар болсақ, олар қазақтың ішіндегі Жалайыр,Табын, Албан т.б. руларда да кездесетіндігін атап өткен дұрыс болар деп ойлаймыз. Бұл жерде осы ру- тайпалардың шығу тегі көне заманнан басталды деген ой туындамауы керек. Ол үшін аталған ру-тайпалардың шығу тарихын тереңдей зерттеп, біздің таңба белгілермен қай жерден қосылатындығын анықтап, оның жылнамалар, жазбаша деректер, топонимикалық, археологиялық т.б. шығу тарихына назар аударуымыз керек. Қазақтың ру-тайпаларының таңба-ларының шығу тарихын оқып білу, зерттеу, оған ғылыми анықтама беру үшін «логограммалардың» алатын орны ерекше. Бұл жазу түрін 1960 жылдарға дейінгі идеографиялық жазу деп атаған. Соңғы уақытта бұл атауды ғалымдар логограммалық жазу деп атады. Атауды америка ғалымы Л.Блумбилд, П.А.Будберг, Ф.Эджертон, И.Гельб, Кеңес одағының В.А.Истриндер ғылымға енгізіп келді. Логографиялық деп аталатын жазу жүйесіне ежелгі қытай, ежелгі шумер, ежелгі египет, крит-миной жазуларын ғалымдар осы жүйеге енгізіп қарастырады. Жазу жүйесі пиктографиядан бастау алады. Мұнда жазу таңбалармен берілген. Таңба кескіндері жеке- жеке сөздердің мәнін береді. Нақтылап айтсақ сөйлеу әрекетіндегі сөздің жеке дара семантикалық бірлігі. Бұл жағынан алып қарағанда логографиялық жазуды пиктографиямен салыстырғанда коммуникативтік ақпаратты неғұрлым анық дәлме-дәл береді. Логографиялық жазу таңбаларының негізгі ерекшеліктері төмендегідей екенін ғалымдар анықтаған. Онда: 1. Ойлау түйіскен өткен болмыс, түсінік ретінде жалпылама абстракт түрде ақпарат береді. 2. Пиктографиядан айырмашылығы көз алдыңдағы көрнекті бейнені оның мән-мазмұнына сай шартты белгілермен жанама түрінде схемалық таңбамен береді. 3. Таң- балармен беріліп отырған ақпараттың ерекше қасиеттері графикалық арнайы кескіндермен ерекшеленеді.  Ежелгі және байырғы көшпелілердің өз қолдарымен сызып, қашап қалдырған осы құндылықтарды салыстырмалы түрде алып қарастырып, XIX ғасырдағы қағазға түскен қазақ халқының ішіндегі кіші жүз құрамындағы ру-тайпаларының таңба белгілерімен салыстыру арқылы ежелгі түркі этносының психологиясын, дүниетанымының тікелей мұрагері қазақ халқы екендігін таныту. Сол құндылықтарды жандандыру. Мұндағы әрбір таңбалар мен нышандардың дәуірі анықталған. Олардың түр өзгерісі, қолданыста болған дәуірі, кейінгі дәуірмен сабақтастығы салыстырмадан анық байқауға болады. Ежелгі және байырғы түркілердің қалдырған логограммалық рухани құндылықтарын сараптау барысында, оларды екі топқа бөліп қаруды жөн көрдік. Олар: 1.Таңбалар; 2. Нышандар.       Таңбалар әрбір жеке тайпаларды танып, түстеп беретін белгісі (код). Сол белгі (код) арқылы пәлен деген түсінікті екінші, үшінші жақ алады. Малға басқан таңба арқылы пәлен тайпаның малы деген ақпарат алады. Ал, біздің рәміздеріміз, тікелей киетекке (тотем) байланысты екенін көпшілік біле бермейді. Киетек (тотем) деп аталған ұғым тайпалардың намысына, арына тікелей байланысты болады. Кие – олардың шығу тегі, ата- бабасы. Оларды желеп-жебей жүретін аруағы. Тайпа мүшелері, қауымдастық жауға, қауіпті сапарға аттанғанда, табиғаттың апатына тап болғанда, қысылғанда, қуанғанда киетекке (тотем) жүгініп, күш-қуат сұрап, солар арқылы тәңірге табынып отырған. Сондай қасиетті, киелі болғандықтан рәміз ретінде құрметтейтін болған. Киетектер қуатты, қорқынышты, айбарлы жануар кейпінде абстракт түрде бейнеленген. Бұл ежелгі және орта ғасырдағы адамдардың дүниетанымымен, этнопсихологиясымен тікелей байланысты. Ежелгі адамдар қоршаған ортасын түйсіну, сол түйсігін ой сарабынан өткізу арқылы жануарлардың ерекше бітімін шамадан тыс бейнелеп рәмізге айналдырған. Керісінше, таңба кескіндері ежелгі және байырғы түркі әліпбиіне айналған. Көріп отырғанымыздай, таңба ретінде қолданған таңбалар әріпке бірден айналса, рәміздер кескіні оған көнбеген. Міне, осының өзінде өте көп мән жатқан сияқты.  Таңбалар анда-мында қала береді, демек ақпарат береді. Ал рәміз кие- лі болғандықтан оны кез келген жерге сызып, аяқасты етуге жол берілмеген. Байырғы түркі қағанатының елтаңбасы серке немесе тауешкі. Мезолит дәуірінен бермен қарай пәлен мың, миллион ешкінің (тауешкінің) суреті жартас бетіне сызылған. Ал дәл мынандай сурет Күлтегін мен Білге қағанның ұстынан (қабыртас – М.Ғ.) басқа жерде жоқ. Бұл – Түркі қағанат Елтаңбасы. Орта ғасырлық Оғызнаме жырында Оғыз қағанды суреттемес бұрын оның рәмізі мынау деп өгіздің (бұқа – М.Ғ.) басын абстракты суретпен берген. Бұл екі елтаңба қағанат рәмізі. Ал одан басқа әрбір тайпа, тайпалық одақтардың (бірлестік – М.Ғ.) елтаңбалары болған. Осы жерде біздің ру- тайпалардағы таңбаларымыздың шығу тарихы қалай келіп шығатыны бел гілі бола бастайды. Яғни, олар белгілі бір көшпелі мемлекеттер құрамында одақтас болған деп тұжырым жасауға болады. Ежелгі көшпелілер таңбасы мен байырғы түркі алфавитінің бір-бірінен көшіргендей дәл келуі, егіздің сыңарындай ұқсастығы рухани сабақтастықтың жемісі екенін баса айтқанымыз дұрыс болар. Рәміз нышаны – киелі белгі.                                                           Жоғарыда айтқанымыздай киелік ұғым өте басым.Өйткені ежелгі адам- дар түсінігінде қорғаушы, қамқоршы болып өлілер рухы бірге жүреді. Бұл тарихи деректерде тайпа нышаны сол тайпалар мен тайпалық одақтардың саяси-құқықтық ахуалын, егемендігін айғақтайтын құжат рөлін атқарған. Жеке тайпа атанып, таңбасын белгілеу басқа тайпалармен терезесі тең болды дегенді көрсетеді.Сонымен қатар, б.з. VI–IX ғғ. дәуіріндегі деректер рәміз бен бітіг (жазу – М.Ғ.) екеуінің тең дәрежеде қарастырғаны анық байқалады. Оның өзіндік мәні болуы мүмкін деп ойлауға болады. Өйткені, көшпелі түркі қауымы бітіг (жазу – М.Ғ.) қасиетті деп білген. Енисей бойындағы Тугутүп шаршы тасына қашалған мына бір қанатты сөзге көңіл аударалық: «Таңба ерден ерге (ұрпақтан ұрпаққа) еншіленген». Кезінде, әлемге белгілі археолог С.В.Киселев «Что касается кыргызов, западно-тюркская письменность попал на Енисей на подготовленную почву уже почти два тысячелетия существовали там разнобразнейшие рисунки на скалах и на нарочито поставленных скалах» – деп түркі бітіг жазуының шығу тегі ежелгі тайпалар мен тайпалық қауымдастықтардың пайдаланған таңбасынан басталатынын осылайша айтып кеткен еді. Бұлай болса, б.з.б. VI-I мың жылдықта жартас бетіне қашап жазып кеткен таңбалар логографиялық жазулар болмақ. Өкініштісі, С.В. Киселевтің көрегендікпен айтып кеткен бұл идеясына (болжамына – М.Ғ.) 1950 жылдардан кейін зерттеушілер көңіл бөле қоймады. Ғалымның осы идеясына ерекше мән бере, саралай отырып, байырғы түрік жазуының бас алған қайнар бұлағын ежелгі таңбалардан іздестіруді жөн көрдік. Таңбаның нышанды атқаратын рөлін анықтау – бір төбе де, оның шығу тегі, мән-мағынасын анықтау – бір төбе. Онымен қатар, таңбаның құқықтық реттеу, үйлестіру міндеті, әлеуметтік, саяси рөлін анықтау – өз алдына бір төбе. Таңба арқылы тайпалардың шығу тегін, олардың динамикалық бірігуі, бөліну қозғалысын анықтау – ол өз алдына тағы бір сала. Осындай, таңбаларға байланысты ғылыми тұжырымдамалар жасалғаннан кейін, біздің тікелей тақырыбымызға байланысты Бай ұлы құрамындағы кіші жүздің ру-тайпаларының таңбаларының көне заманда қай кезден бастап кездесе бастайтындығына байланысты өзіміздің тұжырымдамамызды жасар болсақ; Байұлы құрамындағы ру-тайпалардың көне заманда жеке-дара немесе басқа да ру-тайпалық бірлестіктердің құрамында жүргендігін жоққа шығаруға болмайды. Олардың Байұлы құрамына топтасуы бертінірек болғанын жазбаша деректер, шежірелер, археологиялық қазба кезінде табылған көне рулардың белгілері (жартастарға қашалған белгілер, пышақтардағы, тастарға салынған таңбалар, құлыптастардағы рулық таңбалар т.б.) көп мағлұматтар береді. Соған қарағанда, осы күнгі «оната-байұлы» деген атаумен белгілі болып жүрген, кіші жүздің ру-тайпаларын таңбалық белгілері бойынша тарқатар болсақ, олардың кейбіреуін түрік қағанаты құрамынан, ал енді біреулерінің таңбалық белгілерін ғұндар мен сақтар дәуірі кезеңінен де кездестіруге болатындығын көріп отырмыз. Ғалым Қаржаубай Сартқожаның еңбегінде «Ежелгі сақ (скиф) Бұғытастардағы елтаңбалары мен тайпа таңбалары деген сөйлем келтірілген, осы сөйлемнің жанында б.з.б. VIII–V ғасырлар аралығындағы елтаңба суреттері берілген. Олар – таутеке, қасқыр, барыс, бұғы, қабан, тұмсығы құс бейнесіндегі крест, өсімдіктер дүниесі т.б. Ал, сақтар құрамындағы тайпа және тайпалық одақ таңбалары, тікелей кіші жүздің Байұлы тайпаларының кейбір тармақтарын қайталайтыны көрініп тұр. Атап айтқанда, Беріш,Таз, Ысық, Есентемір, Жаппас т.б.. Бұл біздің тарапымыздан жасалып отырған тұңғыш қадам болғандықтан, сақтар құрамындағы ру-тайпалардың барлығы бірдей кіші жүзден шыққан екен деген пікір туындамас үшін, осы таңбалардың Ысты (ұлы жүз), Терістамбалы, Албан, Ботбай, Рамадан, Суан т.б. да кездесетінін атап кеткеніміз дұрыс болар. Түрік қағанаттарының дәуіріндегі елтаңбалар мен тайпа таңбаларының құрмында Жаппас, Таз, Шеркес, Қызылқұрт, Есентемір, Ысық т.б. кездесетіндігін атап кетуге болады. Осы түрік қағанаты ішіндегі Тайхар жартасындағы, Қар – ауыл Қызыл, Дундговь, Ұлықтар мүйісінде, Жыланды су, Ұлы қорым т.б. көпшілігіндегі тайпалық белгілердің ішінде «жаппас» таңбасының жиі-жиі кездесетіні бізді таң қалдырып отыр. Әсіресе, Ұлықтар мүйісінде екі ғана елтаңба суреті бейнеленген. Біреуі – Таутеке болса, екіншісі – Жылан бейнесі (Жаппас тайпасының, біз айтып жүрген, басын көтеріп тұрған жылан бейнесіндегі суреті өте анық бейнеленген). Бұдан шығатын қортынды, Жаппас (яғни, «жыланбас») тайпасының қан шалықты күшті болғандығын елтаңбасының болғандығына қарап та бағалауға болады. Самашев З., Базылхан Н., Самашев С. «Көне түрік таңбалары» қазақ-моңғол тарихи- мәдени экспедицияның еңбектері нәтижесінде жарыққа шыққан ғылыми еңбегінің маңызы өте зор. Жоғарыдағы еңбектің үшінші томында біздің тақырыбымызға қатысты кіші жүздің Байұлы тайпалар бірлестігінің кейбір рулық-тайпалық таңбаларының кездесетіндігін атап өткіміз келеді. Осы ғылым еңбектің «Көне түріктердің таңбалары мен белгілерінің» кес- тесі берілген. Бірінші топқа жатқызылған таңбалар мен белгілерді – ескерткіш, таңба мен белгі, Кешеннің басқа құрамдас бөліктеріндегі таңбалар, мерзімі, билік иесі мен этнос атауы деген тармақтары бойынша тарқатар болсақ нені байқаймыз? Мысалы: Ескерткіштің атауы – «Өңгіт / Унгет / (жаппас тайпасындағы өңгіт болуы мүмкін)» таңба мен белгілерінде – арқарлардың төрт түрі кездеседі (төрт аяғы бар, мүйізі арқасына қайырылған арқар, екі аяғы ғана бар, мүйізі арқасына қайырылған, екі жаққа қарай бейнеленген екі басты арқар, екі аяғы бар, мүйізі арқасына қайырылған арқардың (екі сурет) бар. Сонымен бірге, екі құс бейнесі бедерленген. Олардың біреуі қанатын жайып ұшып бара жатқан қарлығашты көз алдымызға әкелсе, екіншісі аспанда қалықтаған қыранды елестетеді. Осындай таңбалар қатарына аузын ашып бұрылған жылан бейнесі, отырған адам бейнесі, балық бейнесі, астында түзу сызығы бар үш бұрышты ромб бейнесіндегі таңбаларды айтуға болады. Ал кешеннің басқа құрамдас бөліктеріндегі таңбалар деген жерінде арқардың үстінде (арқасы) ұзын түзу сызық бейнеленген, оның астында жүріп келе жатқан адам бейнеленген. Бұл таңбалардың мерзімі: VI-VII ғасырлар аралығы деп көрсетілген. Бұл жерде, билік иесі мен этнос атауы деген жерге ешнәрсе жазылмаған.  Біздің пайымдауымыз бойынша, билік иесі мен этнос деген жерде «өңгіт тайпасы» деген сөйлем жазылу керек секілді. Себебі, ескерткіш-өңгіт /унгет/ (жаппас) болса, сондай-ақ бұл ескерткіш VI–VII ғғ. жататын болса, осы кезде өңгіт деген өз алдына рулық немесе тайпалық деңгейдегі көшпелі мемлекет болуы да ғажап емес. Яғни, көне түріктер құрамында өңгіттер (жаппас) болды деп ашық айта аламыз. Екінші топқа жатқызылған көне түріктердің таңбалары мен белгілеріне ғылыми талдау жасар болсақ нені байқаймыз? Бұл топқа барлығы 21 ескерткіш жинақталған. Солардың ішінде: Күлтегін, Хөшө Цайдам- 1( Хушо-цайдам-1), Елетмиш йабғұ (Ел етмиш Дэлу-ул ескерткіштерін баса көрсеткен жөн деп ойлаймын. Себебі, бұл ескерткіштердің барлығында (Күлтегін ескерткішінен басқасында) таңба мен белгі деген бағандардың барлығында арқарлар мен жылан бейнесі кездеседі. Тіпті бұл екі сурет кестенің 4-бағанындағы «кешеннің басқа құрамдас бөліктеріндегі таңбалар» деген жердегі суреттерде де бірін- бірі қайталайды. Күлтегін ескерткішіндегі таңба, белгі деген тұсында тек арқардың ғана суреті берілген. Кешеннің құрамдас бөліктеріндегі таңбалар деген жеріндегі «таңбалық суреттер» астында төмендегідей сөйлемдер жазылған: Балбалдардағы таңбалар. Бұл жерде он түрлі таңбалар бейнесі берілген. Солардың ішінде, екі жаққа қараған, мүйізі арқасына қайырылған, екі арқардың таңбасы. Басын көтеріп, шағуға дайындалып тұрған жылан (жаппас таңбасы), жемтігін іліп, ұшып бара жатқан бүркіт, жаңа туған ай т.б. бейнеленген. Бұл ескерткіштің және таңбалардың уақыты –732 жыл. Билік иесі мен этнос деген бағанда: Күлтегін (685- 731) деп жазылған.  Ал, енді осындай тағы да бір ескерткіш – Білге қаған ескерткіші деуге болады. Бұл жерде, «таңба, белгі» деген бағанда тек жалғыз арқардың суреті ғана берілген. Ескерткіш 735 жылға жатады. Білге қаған (683-734) деген жазулар ғана бар. Ал, Хөше-Цайдам, Ел етмиш йабғұ, Чойыр, Хангидай хад, Қара балғасұн – 2 ескерткіштердің барлығында архарлар мен жылан бейнелері қайталанып отырған. Бұлардың барлығы да VII–VIII ғасырлар ескерткіштері болып табылады. Чойыр ескерткішінде мүйізді жылан мен арқар бейнесінің кездесуі зерттеушілерге «көп сырды бүгіп отырмыз, күшті болсаң іздеп тап» дегендей әсер қалдырады. Мүйізді жыланымыз, таңбалық тұрғыдан кіші жүз құрамындағы жаппас тайпасының таңбасын көз алдыңызға алып келсе, қалған ескерткіштердегі тауешкі бейнелері бірқалыпты бейнеде салынса, ал жыландар бейнесі әртүрлі формада бейнелен- ген. Атап айтқанда: «құйрығын қайырып, басын көкке көтерген», «бауырымен жорғалап, ирелеңдеп, аузын ашып қашып бара жатқан, құлағы бар жылан» т.б. бейнелерде салынған. Солардың ішінде, Мұхар ескерткішінің алатын орны ерекше деуге болады. Себебі, «Мұхар» ескерткішіндегі салынған арқар мен жылан таңбалары немесе белгілері өте жақсы салынған, бірінші арқар кетіп барады, оның соңынан жылан еріп бара жатқандай әсер аласыз. Ескерткіш VII-VIII ғғ., жатады. Салынған жылан бейнесі немесе таңбасы осы күнгі Байұлы құрамындағы жаппас тайпасының таңбасын Z көз алдыңызға алып келеді (сурет-таңбадағы жылан бейнесі мен жаппас руының таңбасы арасындағы ұқсастыққа таңданбасқа болмайды). Хунну империясы орнағанға дейін қытайдың солтүстігін мекендеуші көшпелі түріктердің тұрғылықты мекені Чэндэ, Жэхэ деген жерлерден ежелгі көшпенділер мәдениетінің құндылықтары табылған. Бұл жерлерде ежелгі көшпенділер моласына қытай археологтары 1932, 1937, 1941 жылдары қазба жұмыстарын жүргізген. Қазба кезінде үшкір ұшты пышақтар табылған. Пышақтарға ежелгі көшпелілердің бітіг жазуы жазылған. Қытай ғалымы Пэн Синь-Вэй бұл идеографиялық жазулар Хунну, Дунхулардың мұрасы деген тұжырым жасаған. Пышақ-ақшалар (пышақтағы таңбалар – М.Ғ.) отырықшы халықтардың мұрасы емес, көшпелілердің дүниесі дегенді сенімді түрде дәлелдеген. Жэхэ, Чэндэ-ден табылған бұл пышақ-ақшадағы (пышақтағы таңбалар – М.Ғ.) буындық жазулар Еуразия құрлығының археологиялық олжалары мен тас бетіндегі таңбаларға өте ұқсас екенін зерттеуші Г.Сухбаатар, А.Дамдинсүрэн еңбектерінде көрсеткен. Пышақ- ақшаның (пышақтағы таңбалардың – М.Ғ.) жасалған дәуірі б.з.б. 403- 222 жылдардағы Чжоу хандығы дәуіріне дөп келетінін қытай ғалымдары анықтаған. Бұл хунну империясы орнағанға дейінгі хунну тайпалық одақты құрушы немесе хандық дәуірдің мұралары. Осы жерде сөз болып отырған ғұндар дәуіріне жататын Сарыөзен-2 деген атпен белгілі ескерткіштегі түрік бітіг кескіндемелерін таңбалық тұрғыдан алып қарастыратын болсақ, бұл жерде ғалым Қаржаубай Сартқожаның пайымдауы бойынша, ғұндар тайпалық одағының құрамында, таңбалық белгілері бойынша, қазақ халқының құрамындағы кіші жүз Байұлының: Алшын, Жаппас, Адай, Шеркеш,Таз, Ысық тайпаларының таңбалық белгілерін кездестіріп отырмыз. Осыдан шығатын қорытынды,  бұл тайпаларды ғұндар құрамында болған деген болжам жасауымызға негіз бар. Яғни, ғұндардың ордасы құрамында кіші жүздің Алшын, Жаппас, Адай, Шеркеш, Таз, Ысық тайпалары болуы мүмкін деген болжам айтуға болады. Оны таңбалық белгілері де растап отыр. Ал енді ғұндардан соң тарих сахнасына келген түрік қағанаты дәуіріндегі таңбалардың ішінде де кіші жүздің құрамындағы Байұлы тайпалар бірлестігіне қарасты ру-тайпалардың таңбалық белгілері кездеседі. Атап айтқанда: Жаппас, Байбақты, Беріш, Алаша, Шеркеш, Қызылқұрт, Өңгіт (жаппастың бір атасы). Хазар таңбаларының ішінде (В.Е.Флерова бойынша) Байұлы тайпалар бірлестігіне қарайтын рулар мен тайпалардың таңбалық белгілеріне ұқсас, соны қайталайтын таңбаларды кездестіруге болады. Олар: Адай, Беріш, Шеркеш, Жаппас, Ысық, Есентемір, Байбақты, Қызылқұрт ру-тайпаларының таңбаларына ұқсастықты байқаймыз . Қаржаубай Сартқожаұлының «Байырғы түрік жазуының генезисі» монографиясында ру-тайпалар тарихына байланысты көптеген құнды деректер кездеседі. Оның ішінде таңбалардың және руналық жазулардың шығу тарихы, олардың кескіндемелері, топтама түрінде берілген ғылыми анықтамалары, символдары, сондай-ақ түркі тіліндегі руналық жазуларға түсініктеме берілген. Бізді қызықтырғаны осы руналық жазулар ішінде кездесетін ру-тайпалар атаулары болды. Олар көптеп кездеседі. Мысалы: «Ізгіл (тайпа атауы), оғыз (тайпа атауы), алтын (бұл жерде тайпа атауы деген сөйлем кездеспейді, соған қарамастан бұл тайпа атауы болуы керек деп ойлаймыз) «Бай»(түсініктеме берілмеген), «Байырқу» (тайпалық одақ), «Құрықан»(сібірлік хандық), «Қытай» (кидан), «Қырғыз» (түсініктеме берілмеген) «Беріш елі»  (түсініктеме берілмеген), «zabyz» біздің болжамымыз бойынша, бұл жердегі «жабус» деп оқып отырғанымыз «жаб-бус, жаб-пус, жаб-пас» сөзінің баламасы болуы да мүмкін деп түсініктеме беруге болады. «Татабы» (тайпа), «Алты-Чуб» (алты баулы тайпа атауы) , «Оғут» (кісі аты), бұл жерде де «Оңғут, Оңғыт, Өңгіт болып жүрген Жаппас құрамындағы Өңгіт болуы да ғажап емес), «Қадар» (тайпа), «Жылан қол» (түсініктеме берілмеген), соған қарамастан осы жылан қол деп отырғанымыз «жылан» атын иеленген ру немесе тайпа жөнінде болып отыр деуге болады. Былайша айтқанда, «жылан» атауын таңбалық белгісі бойынша қарастыратын болсақ, ол «жаппас» тайпасына қатысты болады. Себебі, «жылан» таңбасын алған қазақ ру-тайпалары ішінде, тек қана бір ғана рудың немесе тайпаның таңбасы Z, басын жоғары көтеріп, шағуға дайындалған жыланды көз алдыңызға келтіреді. Бұл таңбаны «жылан» таңбасы екенін ежелгі ғұн, түркі дәуірінің таңбалары мен жазбалары да дәлелдейді. Сол себепті, «жылан қол» деген сөйлемді «жаппас қолы» деп түсінген дұрыс болар деп ойлаймыз. Соның бірі, «жылан қолы» /жаппас қолы/ деген сөйлем де біздің ойымыздың дұрыстығын дәлелдеп тұр. Осыдан шығатын қорытынды: Түркі руна жазбаларында, тікелей біздің тақырыбымызға қатысты Байұлы ру-тайпаларының бірнеше руларының атаулары кездеседі. Олар – Алтын, Жаппас, Беріш, Өңгіт атаулары және Бай, Байырқу тайпалық одақтары деуге болады. Бұл тайпалардың руна жаз ба деректерінде кездесуін атап өтсек, таңбалық белгілері бойынша – осы аталған тайпалармен қатар: қызылқұрт, шеркеш, алаша, байбақты тайпалары да бар. Барлығы 8 тайпаның атауы кездеседі. Қаржаубай Сартқожаұлы еңбегіндегі руна жазбаларында әзірге біздің тақырыбымызға байланысты 4 рудың ғана атауы кездесті. Ал, ру-таңбалық белгілері бойынша барлығы 8 ру белгілі болып отыр. Бірақ, қалған 4 рудың атаулары кездеспеді немесе олар басқа атаумен де жүруі мүмкін деген қорытынды жасауға болады. Осы жерде бізге белгісіз «Қадыр» (тайпа), «Берік, қасар» (тайпа), «Сары» (түсініктеме берілмеген), «Тохар» (түсініктеме жоқ), «Едіз» (тайпа), «Қадар» (тайпа ), «Чік» (тайпа), «Авар» (тайпа) т.б. кездеседі. Сондықтан, Байұлы құрамындағы ру- тайпаларды осы күнгі атауы бойынша іздемес бұрын, оның ру-таңбалық белгілері бойынша, осы атауды қандай ру-тайпалар пайдаланып, олардың қай жерде көшіп-қонып жүргенін анықтау керек. Түрік қанағаттарының дәуіріндегі (елтаңбалар – belgu) мен тайпа таңбалары (tuyray) берілген. Бұл жерде бізді қызықтырып отырған: Тайхар жартасындағы ескерткіште 10 тайпа таңбалары арасында, Байбақты мен Жаппас тайпаларының ғана таңбалары кездеседі. Қарауыл Қызыл ескерт- кішіндегі 35 тайпа таңбалары ішінде, Байұлы тайпасының Шеркеш, Алаша, Есентемір, Ыссық,Тана, Байбақты, Жапбас, Беріш таңбалары кездеседі деуге болады. Осындай мысалды басқа тарихи ескерткіштерге байланысты айтуға болады. Қаржаубай Сартқожаұлы монографиясында төмендегідей құнды пікірді кездестіреміз: Z жуан айтылатын сөзге жазылады.Түркі тілдерінің фонологиясымен айналысқан зерттеушілер «z» (ж) фонемін әр тілдегі айтылымын еске ала отырып dz , z , З, З, з деген 5 түрмен транскрипциясын беріп келгенді. Кезінде «Советская тюркология» журналының редакциясы қабылдаған халықаралық фонетикалық транскрипция бойынша z (ж) транскрипциясын қолдануды жөн көрдік. Орта Азия (I–VI ғғ.), Алтай (V–VI ғғ.), Оңтүстік Енисей (VI–VII ғғ.), Еуропа (Дон, Кубань, VII–X ғғ.), Орхон, Енисей, Талас жазуында таңбаланған (Кесте. X.71) Тайпа таңбасы ретінде соңғы палеолит, қола, темір және түрік дәуірінде қолданыста болған. Яғни, Z таңбасын алған жапбас руы немесе тайпасы көне заманнан өзінің тарихын алатынын көріп отырмыз. Осындай болжамды таңбалық белгілеріне қарап: Шеркеш, Адай, Тана, Ыссық, Беріш, Қызылқұрт рулары мен тайпаларына байланысты да айтуға болады . Мырзатай Жолдасбеков, Қаржаубай Сартқожаұлы «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» еңбегінде қазақ ру-тайпаларына байланысты жазбаша және заттай деректердің молынан кездесуінде десек болады. Бұл жерде Байұлы ру-тайпаларына аз да болса қатысы бар деген жазба деректер мен археологиялық заттай деректерді топтастыра қарастырсақ, көп мағлұматтар алғандай боламыз. Археологиялық қазба жұмыстар: Бұғыты ескерткішінің батыс жағынан диаметрі 1 метрлік үш дөңгелек қоршау табылған. Қоршау тастан қаланған. Бұл ту тұғырдың орны болуы мүмкін. Кешеннің шығыс алаңындағы барықтың тура алдынан жалға (қоршау дуалға) дейінгі 2,5 м жерге 6 балбал тас орнатылған. Дуалдың сыртынан шығысқа қарай 300 м жерге 258 тас балбалдар шаншылған. Әр балбалдың арасы 0,8–1 м. Дуалдың ішіндегі тас балбалдар қираған. 112 тас балбалдың басын дөңгелете қырнаған. Балбал бір жағына қисайып тұр. Балбалдың бас жағына Мог-ойн Шинэ-ус ескерткішіндегі таңба салынған. Екеуі де бір текті, ромб форма- лы. Ортадағы биік таңбадан төменге қарай аша аяқ шығарылған. Бұл үш таңбаның астыңғы жағына бүгінге дейінгі біздің назарымызға ілінбеген қоспалы таңба қашалған. Бұл – аспанда ұшып жүрген құсқа ұқсайды. Іздестірсе, дәл осыған ұқсас өзге де үлгілердің табылуы мүмкін. Ескерткіш Архангай аймағының мұражайына 1968 жылы әкелінген. Қазір сонда сақтаулы тұр. Ескерткіштің бас жағы бұрыштана жарылып түскен. Ұстының бас жағына қасқырды еміп тұрған баланың кескіні салынған. Кес- кін ұстыны екі жалпақ жағына да салынған. Бұл арғы шығу тегін қасқырдан бастайтын көк түріктер мен «кие тегін бөрі» деп санаған қазақ халқының әуелден келе жатқан наным-сеніміне тікелей байланысты кескін. Бұл көк түріктер мен қазақ елінің генетикалық тегінің бір екенін байыптаумен қатар, осыдан 1500 жыл бұрын өмір сүрген байырғы түріктер мен қазақтардың этнопсихологиясында, әдет-ғұрпында (палеоэтнографиясында) жібі үзілмеген дәстүрлік сабақтастықтың бар екенінің бір дәлелі. Бөрінің бейнесі тек Бұғыты ескерткішіне ғана салынбаған. Ол – Күлтегін, Білге қаған, Қарабалғасун (Ордубалық – Ордабалық болуы мүмкін) ұстындарының бас жағына сақтардың (скифтердің) хайуанат стилінің үрдісімен кескінделген. Бұл ескерткіште де бөрі бейнесі тас бетіне түсірілген де, басын қасқырдың басына, денесін-айдахарға (жыланға), аяғын жолбарысқа, шудасын-арыстанға ұқсатып мифтік кейіпте бейнелеген. Дәл осындай етіп бейнелеу түрік халықтарында кең тараған. Байырғы түрік заманында бөрінің мүсіні гранит тастан тұтас ойып жасалған. Орталық Моңғолияның Шивэтулан ескерткішіне қойылған бөрі бейнесі рәміз ретінде пайдаланған. Мұндай үлгілер көптеп кездеседі. Ежелгі этрустердің Римде қалдырған Католий қасқыры, солтүстік Тәжікстандағы б.з. VII ғ. мұрасы Уструшан Ордасының қабырғасында бала емізіп тұрған қасқыр суреті, одан соң міне, Моңғолияның Бұғыты кешеніндегі ұстынға бала емізіп тұрған бөрі кескіні сияқты сюжетте. Бөрі – көне түріктердің киетегі. Қытайдың Чжошу жылнамасында бар бұл әпсана Түрік қағанатындағы қаған рәмізінің атрибутіне де айналған. Байырғы түріктердің туы бөрілі байрақ болумен қатар, олардың қорғаушы – оққағарлары да «бөрі» аталған. Қағанның оққағарынан бастап, Кіші ханға дейін бөрі атап, мәңгілік елдің аруақтарының рухын сақтап тұратын киелі орынға қойылатын ескерткіштің басына бөрі бейнесін ойып қалдырып, оны бүкіл қағанаттың киетегіне айналдырған. Бұл елдіктің белгісі ғана емес, қуатты төрдің (биліктің) беделді басшыларының өз қолдарында мемлекеттік идеологияны берік қалыптастырып үлгіргендігінің бірден бір айғағы болып табылады. Елтеріс Құтлұқ қаған кешені (Шу). Бұл кешеннің екінші Түрік қағанатын құрған.  Елтеріс Құтлұқ қағанның құрметіне арнап тұрғызылған тасаттық орны екендігін, Екінші Түрік қағанатын құрған, түрік тектес тайпалардың бір тудың астына жиналып бір ұстынға өз таңбаларын ойып қашағандығын дәлелдеді. Бұл – бірліктің ынтымақтың нышаны болған киелі орын, мәңгілік ел орнатамыз деген елдің тұтастығының белгісі. Ұстын (ескерткіш – М.Ғ.) доғалдап жасалған, бас жағы – 80 см, аяқ жағы – 83 см. Ұстынтастың бір беті тегістеліп, оған 53 таңба ойып түсірілген. Бұл Екінші Түрік қағанаты қол астына кірген тайпалардың таңбалары болса керек. Таңбаларды бір адам ғана қашамаған. Оларды тайпа өкілдерінің өздері ойғаны көрініп тұр. Өйткені, таңбалардың мөлшері әр түрлі болумен қатар бейберекет орналастырылған . №1 – Бөрі. Кешен қорғанның оң жақ ішкі босағасында беті кіреберіске қарап тұр. Бөріні шоқайтып отырғызып мүсіндеген. Сол жақ санында таутекенің (серке) бейнесі. Бұл таңба-көне түріктердің қаған тұқымының символы. Бөрінің тісі ақсиған. Бетінің үсті танауымен бірге опырылып сынып түскен. Қазір табыла қойған жоқ. Биіктігі – 93 см, көлденеңі – 51 см, қалыңдығы – 24 см. 1970 жылы Бұлғын аймағының Баянагт сұмынына апарылған. Қазір сол өлкеде сақтаулы тұр. Онгин (онгит – онгут – өңгіт ) кешені. Бұл өңгіт кешені болуы әбден мүмкін деп ойлаймыз. Себебі, Қаржаубай Сартқожаұлының «Байырғы түрік жазуының генезисі» зерттеу жұмысының 203 – бетінде Оғут (кісі аты) деген сөйлем кездеседі. Осы жердегі ғалымның «Оғут» деп отырғаны Оңғұт екендігінде дау жоқ. Оңғыт кісінің аты болса, онда Онгин деп отырғанымыз Оңғыт деген кісінің кешені болуы керек деп тұжырым жасауға болады. Оңғыт кешені Моңғолияның Өвөрханғай аймағы Уянга сұмының орталығының оңтүстік-шығысында 17 шақырым Маньтбүрд тауының солтүстік етегінде. Аймақ орталығы Арвайхээр қаласынан 30 шақырым. Уянга сұмының жанынан шығысқа қарай Таримал өзені ағады.Оған кішкентай Маньт бұлағы келіп құяды. Маньт бұлағы мен Өңгіт кешенінің арасы 300 м. Өңгіт кешені мен Таримал өзенінің арасы 5 шақырым. Таримал өзені атақты Өңгіт дариясына құяды. Зерттеушілер бұл кешенді осы өзеннің атымен «Онгин / Өңгіт / ескерткіші» деп атаған. Осы ескерткіш ұстынның жоғарғы жағындағы ашина түріктердің рәмізі болған «серке» таңбасы және ұстынды тасбақаның бейнесі қашалған іргетасқа қондырып отырғызған ерекшеліктері Баға Теңіркен шадтың қаған тұқымынан шыққан адам екендігіне дәлел бола алады . Балбал тастағы таңба және жазу. Бұл жерде 13 таңба белгісі немесе жазу әрпі қашалып берілген деуге болады. Ескерт- кіш кешеннің төменгі жағында «серке» және басын жоғары қаратып, құйрығымен жоғары қарай ұмтылған «жылан» бейнесі кескінделген деу- ге болады.Серкенің бейнесі мен жыланның бейнесі қатар берілген. Осы ескерткіштің жоғарғы жағындағы таңбалардан Байұлы тайпаларына – Масқар, Есентемір,Таз, Шеркеш таңбаларына ұқсастықты байқауға болады . В.Томсен, В.В.Радлов Күлтегін, Білге қаған ұстынындағы (ес- керткіш – М.Ғ.) байырғы түрік мәтіндерін оқып, транскрипциясын жасаған кезде ұстынның беттері нің бағытын дәл анықтамаған. Олар 1894, 1896, «серке» таңбасы қашалған беттен бастап оқып, мәтіннің транскрипциясын жасаған. Осы бетті В. Томсен «шығыс бет» атаған. В.В.Радлов «қаған символы қашалған ұстынның беті шығысқа қараған» – дейді. Өйткені, шығыс байырғы түріктер үшін қасиетті бағыт деп тұжырым жасайды. «Japyz Jer» деген сөйлемді «жабпуз-жаббаз-жабпас жері» деп болжам жасау біршама шындыққа келетін секілді. Бұл сөйлемді «қара жер», «қоңыр» (қара жер), «темная земля», «бурая земля» т.б. анықтамалар берілген.Мұндағы «жер» деген сөздің оқылуына зерттеушілердің ешқайсысы да қарсы келмейді, оны «земля» деп оқиды. Ал, «жабуз» деген сөзді неліктен «қара»- ға, «қоңыр»-ға, «темная»-ға, «бурая»-ға айналып шыға келетініне түсіну қиын. «Қара»-ны (Kara, Cara) – деп жазуға және оқуға да болады. Ал, «жабуз»-ды, «жабпуз-жабпаз-жаппаз» деп оқығанымыз шындыққа біршама жақын келеді деген ойдамыз .  Орта ғасырдағы көшпелі халықтар бүкіл бүтін ру, тайпа, елді қағанатқа еңбек сіңірген батырларға, хан тұқымына мұралыққа үлеске беретін болған. Бұл жерде жоғарыдағы жаппас жері де осындай жағдайға байланысты берілген жер болуы керек деп тұжырымдама жасауға болады]. «Jer-bajyrquu» – географиялық атау. Оңтүстік шығысы Иньшань жотасынан батыс солтүстікте Аққу көліне (Гусиное озеро) дейінгі созылған үлкен аймақты алып жатқан Байырқу конфедерациясының (одағының ) жері. VIII ғасырдың басында Байырқу конфедерациясы 17 ірі тайпадан құралған. Біріккен Түрік қағанаты орнаған соң, Турайын қаған 749-750 жылдары қағанаттың құрылымын жаңадан жасағанда, 17 Аз-байырқуларды екі бөліп, екі қанатқа орналастырған. Тоғыз тайпадан тұратын тоғыз оғызды төлес қанатқа, сегіз тайпадан тұртын сегіз оғыздарды тардуш қанатқа енгізге [6, 195 б.]. Осы жерде Түрік қағанатының құрамына оғыз тайпалық одағымен бірге, екі қанат болып кірген ру-тайпалардың құрамында, тікелей біздің Байұлы тайпалық одағына кірген ру- тайпалар да болуы мүмкін деген бол- жамды жоққа шығаруға болмайды. Бұл жерде төлес одағында – 9 тайпа, ал тардуш одағында – 8 тайпа кірген болса, олардың жалпы саны 17 тайпа болып тұр. Білге қаған кешені Күлтегін кешенінің оңтүстік жағында 500 м. қашықтықта. Кешеннің жалпы құрылымы Күлтегін кешенімен ұқсас, батыстан шығысқа қарай орналасқан.Сыртқы қорған сілемімен қоса есептегенде 150×110 м. Барықтың есігі шығысқа қарайды. Барықтың қираған орнында әппақ мәрмәрдан жасалған Білге қағанның малдас құрып отырғызған мүсіні және бір тізерлеп отырған Бүбү-бегім ханымның мүсіні сақталған Барықтың шығыс жағында жолбарыстың мүсіні жатыр. Одан шығысқа қарай үш бөлініп опырылған мәтін қашалған ұстын (ескерткіш – М.Ғ.) жатыр. Ұстынның оңтүстік-батыс жағында /250 см. аралықта/ арқасында ұңғысы бар бақатас орналасқан. Ұстынның шығыс жағында /2 м. аралықта/ қорған есігінен кірер жолда бір-біріне қарап екі қойтас тұр. Кешеннің ішкі аллеясының сыртында «Төлес шад балбалы» деген жазуы бар бас балбал тұрғызылған. Міне, осы бас балбалдан соң кешен қорғанның сыртына қорған есігінен тура күн шығысқа бағытталып 3 км-ге созылған 230 дана балбал тастар сап түзейді. Балбалдардың соңғы тізбегінің ұшы солға бұрылып барып аяқталған. Бұл сөйлемді келтірудегі біздің мақсатымыз, 749-750 жылдары түрік қағанатының құрамында Аз-Байырқу тайпалық одағының екіге бөлінген кезінде, оның құрамындағы 9 оғыз тайпалық одағын «төлес» деген атпен Түрік қағанатының оң қанатын құрағанын, ал 8 оғыз тайпалық одағының «тардуш» деген атпен сол қанатты құрағанын білеміз. Осындағы «Байырқу»-ды «Байұлы» деп алатын болсақ, кіші жүздің құрамындағы байұлы тайпалық одағының түрік қағанатының құрамында жүрген болып шығады. Байырқудың (Байұлының) екіге бөлінгенін, оның бір тайпалық бөлігін Төлес, екінші бір тайпалық бөлігін Тардуш деп атаған болып шығады. Білге қаған ескерткішінде «Төлес шад»-тың бас балбалы деген сөйлем кездеседі. Осы еңбектің 252-бетінде Төлес шад балбалының фото суреті берілген. Бұл балбал таста 17 таңбаның қашалып жазылғаны көрініп тұр. Бұл таңбалар – Байұлы тайпалар бірлестігіндегі кіші жүздің таңбаларын қайталайтындығы көрініп тұр. Атап айтқанда, Адай, Шеркеш, Жаппас, Таз, Ыссық, Тана, Есентемір, Алаша, Қызылқұрт ұқсастығы байқалады. Сонымен бірге, Түрік қағанатының символы «серке» бейнесі бар.Оның мүйізі арқасына қарай қайырылған, тұмсығы (басы) мен мойны, денесі, алдыңғы және артқы аяқтары, құйрығы бар. Оның жанындағы кескіндемеде бұғының мүйізі кресттің үстінде тұрғандай күйде салынған «Bediz» сөзін, Байұлы құрамындағы «Berij» немесе «Beriz» деп оқуға болатын секілді. Тәңіртекті, Тәңірден жаратылған түрік Білге қаған бөдке (тақ иесіне) отырдым. Сөзімді түгел естіңдер! Ұласқан іні, тумаларым, ұрпағым, ебтегі- иелі-гімдегі халқым! Ілгері күн шығысындағы, бергі күн ортасындағы және артқы күн батысындағы, тысқары түн ортасындағы, мұндағының бәрі Ордалық халық. Мұншама халықты бағындырып басын құрадым. Ол сөзімде ағаттық жоқ… Терістікте Жер-Байырқу жеріне дейін жауладым. Білге қаған тұсында осы күнгі Байұлы мекендеп отырған жерлері толығымен түрік қағанатының құрамында болғанын байқауға болады. Оған бірден-бір дерек ретінде Байырқу тайпалық бірлестігі (одағы – М.Ғ.) мекендеген жерлерге Білге қағанның жорық жасағанынан біліп отырмыз. «Байырқу»-ымыз Байұлы тайпалық бірлестігі болса, оның құрамында сол кезде 17 тайпаның болғанын көріп отырмыз. Таңбалық белгілері бойынша, оның 9-ың таңбасы Байұлы тайпасының бірлестігінің құрамындағы рулардың таңбаларына өте жақын екендігін байқаймыз. Олар: Адай, Жаппас, Шеркеш,Таз, Ыссық, Тана, Есентемір, Алаша, Қызылқұрт, т.б. Осы жерде, аталмыш монографияның төмендегі сөйлем жолдары бізді төмендегідей ғылыми талдау жасауға жетелейді: «Білге қаған сөзін арнап тұрған алты тақтың иелері кімдер? Қандай тайпалар? Тоғыз-оғыз, едіз жерінің күлік бектерін олармен теңестіріп ерекше атаған. Бұндағы алты тақ иелері Құтлұғ Елтеріс, Білге қағанға дейін ұлы қағанат құрмаса да, кіші хандық құрып таққа отырған болуы мүмкін. Олардың иелік еткендері түрік бірлігіндегі үлкен орны бар түрік текті тайпалар еді. Олар кімдер? Б.з. V–VIII ғасырлар аралығында тарихта мәлім түрік текті тайпалық үлкен бірлестіктер: қыпшақ, тоғыз оғыз, басмыл, қарлуқ, түргеш, отыз оғыз. Осы алтауы ғана. Осы алтауы-Түрік төрінің алтын бағанасы. Бұл алтауы бірлік-ынтымақта болса, қағанат айбарлы, қаһарлы. Алтауы араз болса, қағанат әлсіз. Түрік қағанатының көк туының астына жиналғанға дейін олардың өзді-өзінің қағанаты болған. «Алты тақ иегерлері» деп Білге қаған сондықтан да ерекше атап отыр. Осы алты хандықтың ордасы не деп аталған. Таңқаларлығы соншалық, кіші ордаларды М.Қашқари «алачу» (аIaиu) деп жазыпты. XI ғасырға дейін халық санасында қалыптасып, XI ғасырдың басында жазылып хатқа түскен атау. «AIacu» – кіші орда. Бұл тарихи дерек… Алты үлкен тайпалар одағы алты кіші хандық құрып тұрған. Түріктер қағанат орталығын орда деп атаса, хандықтардың орталығын «алачу» (алаш) деп атаған. Олай болса байырғы түріктердің осы алты тайпасы кейін «Алты Алаш» атанып, күні бүгінге дейін халық жадында сақталып қалған. Бұл атау Еуразия құрлығындағы ұлы дала көшпелілерінің ұранына айналған, бүтін оғыз, қыпшақ, қарлуқ, басмыл, он-оқ түргештердің кейінгі ұрпағы –қазақ халқының ұранына айналған. «Алты Алачу» көк түріктердің ұраны болуы да мүмкін. Ол заманда «Алты Алачу» деп ұран салып ту көтергенде, бүкіл түрік бір тудың астына жиналған да болар. Олай болса, алты есірдің (тақ) Алты Алашы көк Түріктің аналогы болмақ. Біздің бұл ойымыз әлі де тереңірек зерттей түсуді, зерделей түсуді қажет етеді. Осындай, әлі де болса тереңдей зерттей түсуді қажет ететін тағы да бір сөйлем «тоғыз оғыз» дегендеріміз кімдер? Білге қаған ескерткішіндегі сөйлем жолдарын ғылыми талдайтын болсақ, Білге қағанның «Терістіктегі (солтүстіктегі) Байырқу жеріне (Байұлы жеріне) жорық жасағанын біліп отырмыз. Бұл жердегі Байырқу дегеніміз «Байұлы» деп қарастыратын болсақ, олардың терістікте (солтүстікте) орналасқаны, оның құрамындағы тоғыз оғыз тайпалық одағын, Байұлы құрамындағы таңбалық белгілері бойынша анықтаған рулармен салыстыра отырып, Байырқу құрамындағы 9 оғыз тайпамыз Байұлы құрамындағы 9 тайпамыз емес пе деген ой туындайды. Яғни, олар – Адай, Жаппас, Шеркеш, Ыссық, Таз, Тана, Есентемір, Алаша, Қызылқұрт руларын – Төлес құрамындағы 9 тайпалық одақ деп баға беруге болады. Себебі, олардың мекендеген жерлері мен таңбалық белгілері, оғыздың құрамында болуы т.б. бізді осындай тұжырым жасауға итермелейді. Бұдан шығатын қортынды, түрік қағанатының құрамында Байұлы тайпалық одағының 9 руы болғандығы, олардың жорықтарға қатысқандығы, т.б. белгілі болып отыр. «…Демек, ежелгі хундардың солтүстік-батыс бөлегін құраған оғуз хун-түрік-оғуз VI және VIII-XI ғасырларда қыфчақ /уйсун, түргес/ қыфчақ он оқ және хун-түрік-оғуз тайпа одақтары жағдайында келіп бірігіп, XI ғасырда жаңа тайпа бірлігі келіп шыққан. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, оғыз атауының белгілі бір халыққа байланысты айтыла бастауы осы кезден бастау алатын секілді. Осындай пікірлердің бірі төмендегідей тұжырымда жазылған: «В генетической взаимосвязи с огузами находились туркмены. В силу сложившихся исторических условий в IX-XI в.в. происходит естественная дифференциация на западных и восточных огузов, называвшихся также туркменами, до первой четверти XI в. название «туркмен» прилагалось лишь к части огузов. Туркменами тогда именовали тех огузов, которые приняли ислам и ассимилировались с коренным, главным образом ираноязычным населением Средней Азии. Во второй половине XI в. название «туркмен» получает широкое распространение и старое название «огуз» постепенно исчезает. Яғни, бұдан шығатын қорытынды, оғыз атауының бірте-бірте қолданыстан шыға бастағанын, оның орнына «түркімен» деген атаудың қолданысқа кіре бастағанын көреміз. Осы жерде, ертеректе оғыз тайпалар бірлестігінің пайда болғаны туралы, оның құрамында кіші жүздің тайпалар бірлестіктерінің жүргендігі мүмкін деген ой айтуға болады. Оны таңбалардың сәйкес келуімен және орналасқан жерлеріне байланысты айтамыз. Оғыз атауына байланысты, ғалымдар арасында күні бүгінге дейін әртүрлі ғылыми талдаулар жазылып жүр. Соның ішінде, Бернштам және Басин пайымдауы бойынша, сонымен бірге, ғалымдардың басым көпшілігінің пікірінше, «оғыз»- дың шығу тарихы, ежелгі тотемдік белгілердің шығу тарихымен тығыз байланысты. Себебі, «оғыз» дегеніміз «өгіз» /бұқа/ сөзінен келіп шыққан дейді. Бұл сөздің астарында шындық болуы да мүмкін деп ойлаймыз. Таулардағы үңгірлердің ішіндегі жабайы бұқалардың суретінің жиі-жиі кездесуі соның бірден-бір дәлелі деуге болады. Сонда, сонау қола дәуірінен бері келе жатқан тотемдік белгілердің ұшқыны, сақ-ғұн-түрік- оғыз дәуірлерінде де сақталған деуге болады. «Оғыз» атауына өзіндік талдау жасауға ұмтылған ғалымдардың бірі С.П.Толстов болды. Оның пікірінше, «оғыз» атауының шығу тегін массагеттердің тайпалары арасынан іздеген дұрыс деп санайды, «augas» сөзін өзен /речные/ оғыздары деп түсінген. Бұл үшін, тарихи дәлелдерге сүйене отырып,оғыздардың құрамы туралы деректерге, ғылыми тұрғыдан жаңаша талдау жасаған дұрыс деп ойлаймыз. Мұндай жағдайда, біздің тікелей тақырыбымызға қатысты Байұлы құрамындағы 9 тайпамызды массагеттер ішінен іздеген дұрыс. Олар: Адай, Жаппас, Шеркеш, Таз, Есентемір, Ыссық, Тана, Алаша, Қызылқұрт тайпалары. Сақтар мен Ғұндар дәуіріне жататын заттай ескерткіштер ішінен таңба белгілері бойынша осы тайпалардың таңбаларының кездесуі біздің пікіріміздің шындыққа біршама жақын екенін көрсетеді. «Оғыз» атауының шығу тегіне тарихи- филологиялық тұрғыдан талдау жасаған, онысы біршама шындыққа жақын келетін, бұл Кононов деген ғалымның пікірі деуге болады. «Оқ» – ру, тайпа дегенді білдіреді. Бұл сөздің шығу тегі көне түркінің «оғ» /оқ /-ана деген сөзбен тікелей байланысты. Яғни, «тайпалардың бірігуі» деген мағынада түсіну керек дейді. Оған мысал ретінде «Тоғыз оғыз», «Үш оғыз» т.б. сөйлемдердің шығуымен байланысты қарастырады. Кононовтың пікірі де біздің ойымызбен тура шығып отыр дейміз. Өйткені, Байұлы құрмындағы 9 тайпамыз оғыздар бірлестігінің оң қанатын құрап отыр. Ол «Төлес» деген атаумен белгілі . «… Надо полагать, что остаток турков-тукю, у которых, как видно из надписей на памятниках Кюльтегину и Могилянь-хану на Орхон, существовало два главных рода или племен телес и тардуш, правители которых, всегда из ближайших родственников хана, назывались для первого ябгу и у второго шад. Осыдан байқап отырғанымыздай, Н.А.Аристовтың еңбегіндегі төлес бірлестігіндегі 9 тайпа одағының түрік қағанатында билеуші рөл атқарғаны көрініп тұр. «Japys» сөзін «жапбус, жапбас, жаппас» деп оқыған дұрыс деп ойлаймыз. Осыған қарағанда, «жаппас» атауын түрік қағанаты кездерінде кездестіруге де болады. Махмұд Қашқаридың атақты «Диуан лұғат ат-түрік» атты еңбегінде: жавуш – «тот, кто выстраивает отряды к битве и предотвращает бесчинства со стороны войска». Осы жердегі жавуш / жабуш / жаббус / жаббас / жаппас этнонимының балама ұғымы деп айтуға болады. Яғни, жабус / жаббус / жаббас / жаппас атауы деп нақты ғылыми талдау жасау дұрыс деп есептеймін. Бұл жерде жабус / жаббус / жаббас / жаппас: «шайқасқа жасақтарды ұйымдастырушы және әскер тарапынан болуы мүмкін жүгенсіздікке жол бермеуші» деген мағына береді. Былайша айтқанда, әскер қатарында және орда ішінде беделді қызмет атқаратын ру- тайпа деп түсінген дұрыс. Онымен бірге, жаппас тайпасының таңбаларын сақтар, ғұндар, түрік қағанаты, оғыздар т.б. дәуірлерден кездестіруге болады. Қаржаубай Сартқожаұлы «Байырғы түрік жазуының генезисі» еңбегі бойынша «bajyrquu» (байырқу- тайпалық одақ), байырқуды байұлы одағы деген жағдайда, «bai» (бай), байұлының атауына негіз болған атау болуы мүмкін деуге болады, жазбада түсініктеме берілмеген. «jabyu» немесе «zabyz» (жабус-жапбус-жабпаз) Байұлы тармағындағы үлкен ру немесе тайпа деуге болады, көне сақтар, ғұндар, түрік қағанаты кездеріндегі жаз- баларда таңбалық белгілері жиі кездеседі. «beris eli» (беріш елі), Байұлы тармағындағы үлкен ру немесе тайпа, таңбалық белгісі сирек кездеседі. «altun» (алтын ру), Байұлы тармағындағы ру немесе тайпа, таңбалық белгілері көне дәуірде кездеседі, жазбаша деректерде зерттеуші ғалымдар алтын атауына «ру, тайпа» ретінде алып қарастырмайды, анықтама бермейді. Бірақ алтын атауының жер-су атаулары, елді мекендер, жазбаша деректерде жиі-жиі кездесетіндігін, т.б. ескере отырып, оның шығу тарихы көне заманда жатқан ру немесе тайпа деп айтуға болады. Қазақ халқының тарихында көпшілік жағдайда алтын руын жапбас руымен қатар айтады. Соған қарағанда, алтын мен жапбас тарих бетіне қатар шығуы да мүмкін деген болжам айтуға болады, «alacu» (алаша ру) Байұлы тармағына жататын ру немесе тайпа деуге болады.  Жазбаша деректерде кіші жүздің жеке руы немесе тайпасы ретінде қарастырылмайды, ғалымдардың көпшілігі «алаша» атауын «алшын»-мен байланысты қарастырады. Ал, алшын атауын кіші жүздің жалпылама атауы ретінде қарастыру үрдісі қалыптасқан. Осыған байланысты, Алаша атауы көпшілік жағдайда жеке ру немесе тайпа ретінде көп атала бермейді. Қола дәуіріне жататын, А.Н.Окладников зерттеген ескерткіштерде, темір дәуіріне жататын Д.Цовээн-долж зерттеген археологиялық ескерткіштердегі таңбаларда Байбақты руының таңбасы, Адай таңбасы , Жаппас таңбасы,  Алтын таңбасы  кездеседі. «Егер жүз жылға үш ұрпақтан есептегенде, екі жүз елу жыл шамасында бір ру шығып қалыптасып отырған». Осы жерде, бір ғасырда 3 ұрпақтың өмір сүретінін ескеретін болсақ, екі жарым ғасырда 1 ру пайда болады. Ал, сонда тайпа деген ұғымды қалай түсіну керек. Мысалы, кіші жүздің құрамындағы Байұлы құрамындағы Жаппас тайпасын (руын) ғылыми талдап қарастырып көрейік: Жаппастардың 6 атадан тұратын тайпасындағы Шылауын (Сумырын), Жансары, Таңқы (Дәнсары), Шалтақ, Қияқы, Ұңғыт атауларын бір- бір ру деп қарастырсақ, онда Жаппас тайпасының шығу кезеңі шамамен алғанда 5–6 ғасырларда тарих сахынасында жүргенін байқаймыз. Біздің археологиялық қазба кезінде табылған заттай деректер мен жазбаша дерек- тер, аңыз-әңгімелер, жырлар, шежірелік жылнамалар т.б. біздің ғылыми пайымдауымыздың біршама шындыққа жақын тұрғанын көрсетеді. Жаппас тайпасының көне тарихы, таңбалық белгілері бойынша ежелгі сақтар, ғұндар дәуірімен сабақтасып жатыр. Қаржаубай Сартқожаұлы еңбегінде таңбаларға талдау жасалған. Солардың ішінде Жаппас тайпасының таңбалық белгісі б.з.б. VIII–III ғғ. Сақ / іч-оғуз /(үш оғыз) құрамындағы рулардың ішіндегі 23 таңбаның ішінде кездеседі. Сол секілді, б.з.б. V–б.з. I ғғ. Ғұндар дәуірінің ескерткіші Сарыөзен II- дегі 37 рудың тайпалық белгілері ішінде де жаппас таңба белгісі кездеседі. Осы таңба, б.з. I–VI ғғ. Орта Азиядағы кездесетін тарихи ескерт- кіштерде жаппас тайпасының таңбалық белгілері кездеседі. Орта Азиядағы сол дәуірде өмір сүрген 46 рулық таңбалар ішінде жаппас тайпасынан басқа да кіші жүздің өзге де ру-тайпаларының таңбалары кездесетіндігін атап кеткеніміз орынды болар. Атап айтқанда: Адай, Беріш, Шеркеш, Тана, Байбақты, Таз, Ыссық, Есентемір.  Қаржаубай Сартқожаұлының монографи жұмысының құндылығы сонда, бұл еңбекте көне ру-тайпалардың белгілерінің салыстырмалы түрдегі таңбалары келтірілген. Соларға ғылыми талдау жасай отырып, тікелей біздің зерттеп отырған Байұлы құрамындағы ру-тайпалар таңбалық белгілерін анықтауға болады. Мысалы, б.з.б. VIII–III ғғ. Сақтар /іч-оғуз/ (үш оғыз) дәуіріне жататын заттай деректердегі ежелгі және байырғы түрік әріп кескіндемелерінде Байұлына жататын ру-тайпалардың таңбалары кездеседі. Атап айтқанда, бұл жердегі 23 таңбаның ішінде жаппас тайпасы таңбасынан Z басқа, қызылқұрт пен тана тайпаларында кездесетін I таңбасы, шеркеш және есентемір тайпаларында кездесетін V таңбасы кездеседі. Осындай ғылыми талдауды ғұндар дәуіріне жататын б.з.б. V – б.з. I ғғ. Сарыөзен-2 тарихи жәдігерлеріне байланысты айтуға болады. Бұл жердегі 37 ру-тайпаның белгілерінің ішінде, жаппас тайпасынан басқа, адай І (басы төмен қаратылған жебе) таңбасы, қызылқұрт пен тана І (әліп, көсеу деп жазылған) таңбасы, байбақты О таңбасы, қызылқұрт ІІ таңбасы, беріш /\ (үш бұрыштың суреті салынған ) таңбасы кездеседі. Осы секілді таңбалық белгіні б.з. I-VI ғғ. Орта Азиядағы тарихи ескерткіштерден де байқауға болады. Бұл жердегі 46 ру мен тайпалар ішінде жаппас таңбасынан басқа да кіші жүздің ру-тайпаларының таңбалық белгілерінің кездесетінін атап кетуіміз керек. Мысалы, алаша мен шеркеш V таңбаларының бір-бірін қайталайтыны, қызыл- құрт пен тана І таңбаларының да қайталанатындығы, беріш таңбасы /\ , «Ө» (көз таңбасы) , байбақты О таңбасы т.б. кездесетіндігін атап кетуге болады. Негізінен, көпшілік жағдайда кіші жүздің осы ру- тайпаларының таңбалық белгілері Дон мен Кубань бойындағы (б.з. VII–X ғғ.), Батыс Моңғолия (б.з. VI–X ғғ.), Орхон (б.з. VI–X ғғ.), Талас (б.з. VII– IX ғғ.) бойындағы тарихи жәдігерлерден көптеп кездесетінін атап кетуге болады.  «Если попытаться синтезировать изложенные материалы, правомерным будет вывод о том, что ранняя этническая история собственно айлинских родов развивалась на Сырдарье и в Приаралье. Следовательно, этнические взаимосвязи айлинских башкир с каракалпаками и туркменами в золотоордынскую и последующие эпохи были лишь инерцией более ранних процессов. Происхождение же айлинцев было связано с огузами. В генеалогической структуре древних огузов, составленной Ращид-ад-дином, племена яраз / япаз-яппаз-ябпаз /, дукер, дургэ и яирлы / ягирлы-ягаирлы-ягалбайлы / обьединяются в отделение айлуна (или полумесяц), получившего название по имени второго сына Огуза . Бұл жерде біздің тақырыбымызға байланысты айтар болсақ, Рашид-ад-диннің жылнама деректері бойынша оғыздардың көне шежіресінің ішінде, «Ай» – бұл Оғыздың екінші баласы болып тұр. Айдың қарамағына төрт тайпалар бірлестігі бағынған. Солардың ішінде «Яраз» деп отырғанымыз «Япаз-Яппаз- Ябпаз» деген атаумен жүрген Жабпаз тайпасы екендігінде күмән жоқ. Сондай-ақ, «Яирлы» деп отырғанымыз «Ягирлы – Ягаирлы – Ягалбайлы» деген сөздің баламасы деуге болады. Біздің халқымыздың тарихында әлі де болса терең ғылыми зерттеу жүргізуде қажет ететін күрделі тақырыптың бірі – бұл қазақ ру – тайпаларының ежелгі шығу тарихы. Оған ғылыми тұрғыдан сараптама жасап, халқымыздың тарихындағы белгісіз болып келе жатырған ру-тайпалар тарихын терең ашып көрсету,келешек ұрпақты ұлтжандылық рухта тәрбиелеуге жол салады ғой деген ойдамыз.


 Ғани Абылайұлы МЕҢЛІБАЕВ,

Тарих ғылымының кандидаты, доцент,

“Қазақстан тарихы”.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Қызылбай көтерілісі

Қарағаштың батысында «Қызылбайдың қырманы» деген жер бар. «Бұл жерде Сыбаннан шыққан Қызылбай егін егіп, қырман ...