Түнектен оралған есімдер жөніндегі жаңа кітап

3188
Adyrna.kz Telegram

Жазушы Бейбіт Қойшыбаев өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасында, билік басындағы коммунистік партияның жариялылық және қайта құру саясаты өрісалған шақта тарихтағы «ақтаңдақтар» жайында қалам тербей бастаған болатын. Ол саяси жазаға ұшыраған тарихи тұлғалар тағдырын зерттеп, олардың күрес жолдарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлді. Зерттеулерін тереңдете келе, жекелеген қайраткерлер жайында деректі дербес кітаптар шығарды. Алаш қозғалысы жайында ауқымды рисәлә жазды. Қаламгер өткен ғасырдағы қазақ азаттық қозғалысының көшбасында тұрған, 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін науқанының құрбандарына айналған Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Мұстафа Шоқаев, Жанша Досмұхамедов, Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов, Смағұл Садуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов, Дінмұхамед Әділов сынды халқымыздың ондаған аяулы ұлдарының өмірі мен қызметі жайында әр жылдары жазған зерттеу еңбектерін «Түнектен оралған есімдер» деген төрт кітапқа топтастырған еді. Бұларда қайраткер тұлғалардың ұлт мүддесі жолында атқарған қызметтері қарастырылып, зерделенеді. Аталмыш кітаптар тоталитаризм дәуірінде ұмыттырылған шынайы тарихымыздың көмескі беттерін ашуға жәрдемдеседі. Жақында осы төрттомдықтың «Төрт күлік» атты алғашқы кітабы «Рух БГ» баспасынан жарық көрді (Бейбіт Қойшыбаев. Түнектен оралған есімдер: тұлға және тарих. 1-кітап.– Төрткүлік. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2016. – 240 бет + 4 жапсырма бет).

Кітапқа автордың ұлт көсемі, Алаш автономиясы үкіметінің тұңғыш басшысы Әлихан Бөкейханов, Алаш автономиясының Батыс бөлімшесіндегі үкімет басы Жанша Досмұхамедов, Түркістан автономиясы үкіметінің басшысы, халықаралық социалистік қозғалыс қайраткері Мұстафа Шоқаев және кеңес өкіметі платформасында езілген елді прогреске жеткізуді көздеген қайраткер, қазақтан шыққан тұңғыш советтік елші НәзірТөреқұлов туралы жазған зерттеу мақалалары, баспасөз өкілдеріне берген сұхбаттары енген.

Алаш қозғалысының 100 жылдығына, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бүткіл азаттық күрескерлерінің рухтарына арналып шығарылып отырған бұл кітап Отан тарихымен әуестенетіндерге, зерттеушілерге, студенттерге, оқушыларға, қалың көпшілікке арналған.

 

«ТҮНЕКТЕН ОРАЛҒАН ЕСІМДЕРДІҢ» ЕКІНШІ КІТАБЫ

 

Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың 30-шы жылдардағы қуғын-сүргінде саяси жазаға ұшыраған тарихи тұлғалар жайында жазған «Түнектен оралған есімдер» атты төрттомдық жинағының «Іргетас» атты екінші кітабы Алматыдағы «Рух БГ» баспасынан жарық көрді (Қойшыбаев Б. Түнектен оралған есімдер: тұлға және тарих. 2-кітап.– Іргетас. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2016. – 192 бет + 4 жапсырма бет). Қаламгер бұл кітабына кеңестік саяси репрессиялар жылдарында жапа шеккен он шақты тұлғаның өмірі мен қызметін арқау еткен.

Аталмыш томдағы материалдар, мәселен, қазақ азаттық қозғалысының алғышебінде болған демократ, ағартушы, қайраткер Бақытжан Бисәліұлы Қаратаевтың патша әкімшілігінің заң бұзушылығын әшкерелеп, он алтыншы жыл көтерілісшілеріне ара түскені, жер-су мәселесіндегі күрескерлігі, өзге де іс-әрекеттері жөнінен мағлұматтар береді. Шығыстанушы, ұлт-азаттық қозғалыстың Түркістан өлкесіндегі белсенді қатысушысы, азаттық күрескері, еңбегі жұртшылыққа әлі жете таныла қоймаған Серәлі Лапиннің ғылымдағы жолы мен қоғамдық қызметін қарастырады. Қазақ мүддесін күйттемек мәселені І Мемлекеттік дума мінберіне тұңғыш алып шыққан алғашқ заңгерлердің бірі, ұлттық қозғалысқа да, кеңестік құрылысқа да еңбек сіңірген Ахмет Бірімжанов, отарлық ауыр ахуалды қазақ зиялыларының басын қосып талқыламаққа талпынғаны үшін каторгаға айдалған, одан бірінші орыс революциясының дүмпуімен босанып, мұсылман қозғалысына атсалысқан, алғашқы екі Думаға да депутаттыққа сайланған Шәймерден Қосшығұлов жайында әңгімелейді. Ұлтымыздың ар-ожданы атанған Ахмет Байтұрсыновтың саяси көзқарасын ашады, ахметтанудың азаматтарды тарих арқылы тәрбиелеудегі маңызын, оның өмір жолының тағылымды тұстарын сөз етеді.

Кітапта, сондай-ақ, қазақтар үшін тұңғыш «Әліппе» кітабын жазған ағартушы, ұлттық қозғалыстың оңтүстік өңірдегі белсендісі, ғалым, зерттеуші Қоңырқожа Қожықов, Ахмет Байтұрсынов репрессияланғаннан кейін тіл ғылымы саласындағы жаңа кезеңнің бастауында тұрған ғалым ҚұдайбергенЖұбанов, «Қазақстан» газетінің редакторы Елеусін Бұйрин, әскери дәрігер, ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері Халел Досмұхамедов, заңгер Жақып Ақбаев, кеңестік қызметкер Абылай Серғазиев, кеңестік ұранмен ұлтқа қызмет етуге тырысқан қырғыз азаматы Төреқұл Жанұзақов сынды азаттық күрескерлері туралы тың мәліметтер бар.

Жинақ Алаш қозғалысының 100 жылдығына, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бүткіл ұлттың азаттығы жолына басын тіккен күрескерлерінің рухтарына арналып шығарылып отыр. Оның Отан тарихы мен әуестенетіндердің, зерттеушілердің, студенттердің, оқушылардың, қалың көпшіліктің кәдесіне асары күмәнсіз.

 

 «ТҮНЕКТЕН ОРАЛҒАН ЕСІМДЕРДІҢ»ҮШІНШІ КІТАБЫ

 

Жазушы Бейбіт Қойшыбаев тарихтағы «ақтаңдақтар» жайында қырық жылдан бері қалам тербеп келеді. Ол өзінің осынша уақыттан бергі зерттеушілік қызметі барысында саяси репрессия құрбандары жөнінде жазған мақалалары ментүрлі баспасөз өкілдеріне берген сұхбаттарын «Түнектен оралған есімдер» деген тақырыппен төрт кітапқа жинақтаған. Осы төрт томдық жинақтың «Үш пері» атты үшінші кітабы жақында Алматыдағы «Рух БГ» баспасынан жарық көрді (Қойшыбаев Б. Түнектен оралған есімдер: тұлға және тарих. 3-кітап.Үш пері. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2016. – 248 бет + 4 жапсырма бет).Төрт томдықтың осы 3-ші томына қазақ елінің кеңестік тарихында өзіндік ерекше орындары бар Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов сынды  қайраткерлердің тұлғалық бейнелері арқау болған.

Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған аталмыш тұлғалар билеуші партия жеке басқа табыну дертін әшкере еткен жылдарда-ақ ақталған, алайда олардың адал есімдері қоғам өміріне бірден қайтарыла қоймады. «Жылымық» жылдары Рысқұлов жайында алғаш қалам тартқанжурналист те, оның мақаласын жариялаған баспасөз органы да жазаланып, әділетті қалпына келтіруге тағы бірқатарқажыр-қайрат пен уақыт жұмсау керек болды. Ал Қожанов пен Садуақасов «оңшылдар», «ұлтшыл-ауытқушылар» ретінде партиялық әдебиетте тек сыни тұрғыда ғана аталып жүрді. Олардың адал есімдерін жаңғыртуды биліктегі партияның жариялылық пен қайта құру саясаты ғана мүмкін етті. Өмірлерін ұлт болашағы жолындағы күреске арнаған  бұл абзал азаматтардыбүгіндері, аңсап күткен мемлекеттік тәуелсіздіктің арқасында толық тани бастадық. 

Автор аталмыш жинаққа енген әр кезде жазған мақалаларында Кеңестік Қазақ Республикасының алғашқы онжылдықтарында белсенді еңбек еткен осынау танымал тұлғалардың күрескерлік бейнелерін мейлінше жан-жақты зерттеп біле түсуге талпыныс жасайды. Олардың қазақтың елдік мәселелеріне, ұлттық мүдделеріне қызмет ету жолдарына деген өзіндік көзқарастарын қарастырады. Бүгінгі ұрпақтың тәлім алуы тиіс тұстарына тоқталады.

Алаш қозғалысының 100 жылдығына, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына, тәуелсіздіктің  25 жылдығына орай бүткіл ұлттың азаттығы жолына басын тіккен күрескерлерінің  рухтарына арналып шығарылып отырған бұл жинақтың Отан тарихымен әуестенетіндер, зерттеушілер, студенттер, оқушылар және, әрине, қалың көпшілік үшін пайдалы боларына шүбә жоқ.  Қызығушылық танытып, кітапты сатып алғысы келетін  азаматтар  (8 727) 374-83-42, 8 701 746 33 01 телефондарына хабарласуына болады.


 

"Адырна" 

Пікірлер