Карлос Фуэнтес. Латын Америкасының «інжілі»

2634
Adyrna.kz Telegram

Габриэль Гарсиа Маркес туралы мәліметті ең алғаш Альваро Мутистің аузынан естідім. Ол өзі Мутист маған «Жұтаған ағашты» сыйлаған 50 жылдардың кезі болатын.

Мутист: «Бұл баспадан шыққан ең жақсы кітап», – деді. Ол өте ақылды адам, кітаптың басылып шыққан уақыты мен мекен-жайы туралы тіс жармады.

Сол кезде Эммануил Карабайльо екеуіміз «Мексика әдебиеті» журналында редактор болатынбыз. Журналға өзім ерекше құрметтейтін, бірақ, ешқашан жүздеспеген Габриэль Гарсиа Маркестің ұлы шығармалары – «Гранде апаның қазасы», «Изабельдің жаңбыр астындағы монологі», т.б. барлығын бастырып тұрдым.

1963 жылы Еуропадағы сапарымды ақырластырып Месикаға қайтып келгенімде Габриэль Гарсиа Маркес те сонда жүріпті. Бізді Берта Малдона таныстырды, кездескен жерден ашылып-жарылып шүйіркелестік те кеттік.

Әуестік, мейрімділік, талғам, таным, көзқарас, қызмет және бет ажарымызға дейінгі ұқсастықтар бізді тіптен жақындатты. Гарсиа Маркестің кемелділігі мен шексіз білімділігінің маған берген әсері тіптен керемет, біздің достығымызға 30 жыл толды. Бұл отыз жыл – Гарсиа Маркестің өзі айтқанындай, екеуіміз бірігіп жазған биография. Бұл биографияның адамды бірден өзіне баурап ала қоятын «Чурубускдегі адасушы», «Прага көктемі», «Жалған виза ісі», «Ақсүйек әиелдің ескі жыры», «Сент-Энглевердің мың жексенбісі», «Жырға құрылған дуэт» сияқтыларда менің жазғандарымдағы тараулар оның жазғандарының арасынан орын тепсе, менің жазғандарымның тараулары оның жазғандарының арасынан көрініс тапты, осылайша іші-қарнымызға дейін араластық.

Осындай адал достығымыздың аясында кейіпкерлер мен шығармалар сағым болып көрінбей кетіп жатты. Қайсы бір капитан Гавилан атты кейіпкер менің «Артемио Круздың өлімінен» шығып кетіп, Гарсиа Маркестің «Жұз жылдық жалғыздығына» барып қоныстанған. Ал оның «Лабринтостың ішіндегі генаралындағы» түсі өзгерген, белінен үш қайтара буылған, 1821 жыл туралы жазылған тарауы мен жазған соғысқа қатысты.

Тумасақ та бір туғандай болған достық сүйіспеншілік.

1965 жылы Парижде жүргенімде «Жүз жылдық жалғыздықтың» қолжазбасын қолыма алып, алдыңғы бір екі тарауын оқи салысыммен қалам алдым да өз әсерімді жаза бастадым: «Осы қазір ғана Латын америкасының Библиясын оқыдым; тағы да, ең жақсы достарымның бірі Габриэль Гарсиа Маркес ерекше талант екенін айқайлап тұрып айтамын».

Тағы да, менің есіме біз Куэрнавакадан шығыпАкапулькоға саяхаттап бара жатқан жолда Габриэль Гарсиа Маркестің: «біз Латын Америкасы романын бірігіп жазайық, Коломбия тарауын мен жазайын, Мексика тарауын сен жаз, Аргентина тарауын Хулио Кортасар, Чили тарауын Хосе Доносо, Куба тарауын Алехо Карпентьер жазсын...», – деп айтқан ұлы сөзі оралды.

Ең маңыздысы мынау: Габриэль Гарсиа Маркес ұзақ уақыттан бері бауырластарының алқауында. Біз оның жеңісін өз жеңісімізбен бірдей тойлаймыз, біз ол үшін бар ықыласымызбен шапалақ ұрамыз, тура оның өзі «ләйім бұл соғылған шапалақтар маған тілекші болсын», «ендігі өмір бұрынғыдан мүлдем өзгеше» деп айтқанындай. Расында солай-тын. Біздің жеке соққан шапалағымыз жұрттан өзгеше, шынайы, ұзақтан ұзаққа жалғаса береді.

Бүгін мен тағы да оны жүзге, екі жүзге, үш жүзге келсін деп тілеймін. Екеуімізге де ең жақын болған досымыз әйгілі Кронопиостық ұлы адам Хулио Кортасар қайтыс болғанда Габриэль Гарсиа Маркес: «бұл өтірік, ол өлген жоқ» деген болатын.

Өйткені, достыққа құрылған берекелі ісіміз сол қалпында сақтаулы еді.

Аударған: Қалбан Ынтыханұлы

Пікірлер