Қордайдағы жағдай бүткіл елді елең еткізіп, ешкімді бей-жай қалдырмады. Мемлекет тарапынан тиісті іс-шаралар дереу қабылдануда - оқиға салдарын жою мақсатында Үкіметтік комиссия құрылып, зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп, осы жағдайға жол берген жауапты қызметкерлер орнынан босатылды. Бірақ, әдеттегідей, әлеуметтік желідегі дау-дамай, сөз тартыс тоқтайтын емес. Бүгінде сол әлеуметтік желіде дауласып жатқан азаматтарды шартты түрде бірнеше топқа бөлуге болады:.
1. Ұлтшылдар. Орын алған жанжалдарда тек қазақты айыптау қателік. Өзге ұлттар қазақтың мүддесімен санасуы қажет. Болған жағдайдың себебі – өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілі, дәстүрін сыйламауы. Көпұлтты саясат ұстанымынан бас тарту керек.
2. Либералдар. Қазақтар және өзгелер деп бөліну дұрыс емес, барлығымыз, ең алдымен Қазақстан азаматтарымыз. Заң бәріне бірдей ортақ. Қазақстан көпұлтты саясаттан бас тартпауы қажет. Бәріне кінәлі билік. Саяси реформалар керек, мысалы әкімдер сайлануы қажет.
3. Бірлікке шақырғандар. Бірлік пен тұрақтылық басты құндылығымыз. Ұлтаралық келісімді сақтау қажет. Қазақтар мемлекет құраушы ұлт ретінде өзінің жауапкершілігін сезінуі тиіс. Бәріне кінәлі – араңдатушылар.
4. Діншілдер. Ұлтқа бөліну дұрыс емес. Ұлтшылдық – қауіпті. Ең алдымен, барлығымыз мұсылман бауырлармыз. Мұсылман мұсылманға қол көтермейді. Бірлікті сақтауымыз қажет.
Бұл тек шартты түрде атап отырған негізгі топтар. Одан басқа да түрлі пікірлер мен позициялар жеткілікті. Осыдан, айталық, он жыл бұрын қоғамдық пікірталаста мұншама тараптар болмаушы еді, ары кетсе билік жағындағы және билікке қарсы болып бөлінетін. Бірақ соңғы жылдары саяси-қоғамдық өмірдің соншалық күрделенгені, енді пікірталас алаңы да кеңейе түсті. Және бұрын либералды топтардың өздері негізінен орыс тілді азаматтардан тұратын болса, қазір либералды алаңда біршама қазақ тілді спикерлер пайда болды. Яғни, қазақ қоғамы өзгеріс үстінде, жаңа топтар, жаңа мүдделер, жаңа талаптар пайда болуда. Бұл соңғы процесстердің оңды тұсы. Ал, қауіптілігі ол жалпы радикалды пікірлердің пайда болуы. Діншілдік қауіпті емес, бірақ әсіре діншілдік қауіпті. Және де, тек мұсылман мұсылманға емес, жалпы адам баласы басқа адамға, қандай дін ұстанса да, қол көтеруі қылмыс. Ұлтшылдық та қауіпті емес, бірақ әсіре ұлтшылдықтан сақтану керек, әйтпесе, одан басқа қиын жағдайға ұрынып қаламыз. Либералды ұстаным қажет, бірақ билікті сынаймыз деп, мемлекетті тіптен жоққа шығару қателік. Бірлікке, ынтымаққа шақырғанның бәрін биліктің сөзін сөйлеп отыр деп айыптау дұрыс емес, бұлар шынымен де қажет құндылықтар, бірақ бар кемшіліктерді де мойындауымыз тиіс. Яғни, айналада болып жатқан кез келген оқиғаға байыппен, салмақты қарауға ұмтылғанымыз жөн. Дискуссия керек қой, бірақ қызыл кеңірдек болып айтысып жатқанда, өшпенділіксіз, агрессиясыз, тек менікі ғана дұрыс деп, өзге пікір ұстанғанның бәрі сатқын, опасыз, жау деп көрмей талқылауымыз қажет. Болған оқиғалар, бұл мемлекетіміздің даму тарихындағы қайғылы бір сәті, ауыр кезеңі, бірақ бұл сыннан да өтуіміз қажет, Құдай қаласа, өтеміз деген ұстаныммен қараған абзал. Тек ашық, бүкпесіз әңгіме, бірақ терең салмақты талқылаулар арқылы ғана біз сол әлеуметтік кеселдерден арыламыз.
Ерлан Қаринның Фейсбук парақшасынан