Сұңқарлар жыры
Сүйінер сүйікті елің,
Жапырағын жайған шынар.
Аңсатты-ау биіктерің,
Сұңқарлар, қайдасыңдар?
Сандуғаш бола алар ма,
Сайраса сауысқаның.
Құздарға қона ала ма,
Тауық пен тауыстарың.
Жолында пысықтардың,
Ешкіні ел серке дейді.
Жонында мысықтардың,
Тышқандар еркелейді.
Қашырға ер салғанмен,
Арғымақ бола алмайды.
Қырандар тұғырына,
Құмайлар қона алмайды.
Мың есек жарамайды,
Бір тұлпар тұяғына.
Мың торғай паналайды,
Бір сұңқар қияғына.
Дарыған жаныма құт,
Бабалар киесінен.
Бөрінің тәңірі артық,
Иттердің иесінен.
Тірлікте тең бе мүлде,
Орыны бар ұл-қыздың.
Жетпейді жалғыз күнге,
Жарығы бар жұлдыздың.
Төсінде төлдейді елік,
Таулар көп, даналар аз.
Көлшікті көлдей көріп,
Жүзеді сарала қаз.
Алатау құт тарланым,
Десем де тасып, таяп.
Абай мен Мұхтарлардың,
Алдында асықтай-ақ.
Қан төгіп көрсе дағы,
Ар төгіп көрмеген ел.
Арысын берсе дағы,
Намысын бермеген ел.
Түлкілер қыран жемі,
Болса да айласы бар.
Ту қылар тұмарлы елі,
Сұңқарлар қайдасыңдар?
Ту қылар тұмарлы елі,
Сұңқарлар қайдасыңдар?..
Шұбат жыры
Біздің ауыл сексеуілді, түйелі,
Иелі ел түйесімен киелі.
Құтты дала құдіретін қарашы,
Жыланы да аққа басын иеді.
Тарихтан көштің алдын иелер,
Жүк көтерер атандарын сүйеді ел.
Сиыр емес сүтіменен қадірлі,
Шұбатымен шырайланбас түйелер.
Сүтін сорып інгендерді басқа ұрып,
Тым орынсыз осқырынба жас жігіт!
Кейде тіпті, кеткен бе деп ойланам,
Мына елдің дымкәстығы асқынып.
Шаңырақты көре алмайсың қостардан,
Бұйда, бұрау бәрі жлға тасталған.
Інгендері індет үшін қамалып,
Атандар жүр өгіз сынды бос қалған.
Тұғырың боп тұрған шақта отаның,
Таудан даңқы артық емес жотаның.
Аузындағы нәрін жырып қайтесің,
Ертең жүгің артылатын ботаның.
Қиын күндер қия асырған күшімсің,
Түйелерім – құдыретімсің, құтымсың!
Буралары буырқанған егей ел,
Құрсақ емес, ұрпақ жайын түсінсін.
Көңіл жыры – жүрек сыры от алар,
Болашақтың болса екен досы адал,
Ерініме шұбат тиген шақтарда,
Елестейді шөліркеген боталар...
Жарлының жалғыз атымын
Тойға да мініп баратын,
Қойға да мініп баратын.
Кезегі келе қалғанда,
Шанада сүйреп шабатын.
Толтырған тақыр тақымын,
Жаралының жалғыз атымын.
Бала да мініп алатын,
Дана да мініп алатын.
Деп мақтанып қанатым,
Байгеге де салатын.
Аяңмен толғар ақылын,
Жаралының жалғыз атымын.
Ешкімді тістеп, теппеген,
Ішпегі терден кеппеген.
Оттаса алыс кетпеген,
Дұшпаны қуса жетпеген.
Айналып жүрер жақынын,
Жарлының жалғыз атымын.
Алақанат сауысқан,
Жауырынға жабысқан.
Жауыздыққа жол бермей,
Ауыздыққа қарысқан.
Арқалаған батырын,
Жарлының жалғыз атымын.
Тағдыр басып таңбасын,
Осы жөлға салғасын.
Есек емес аттарға,
Жолда қалу арға сын.
Бапсыз болсам болайын,
Атсыз ием қалмасын!
Ешкілер
Керім өлке кез болатын кеш кірер,
Қоңыр дөңнен қоңыр кеңес естілер.
Қиялымды қытықтады сондайда,
Тау басында тайраңдаған ешкілер.
Ойнақтайды тастан-тасқа ойқастап,
Құз-қиялар түнереді ой тастап.
Жүргендігін ойлай ма екен осылар,
Сетерлері, серкелері қой бастап.
Биіктердің баурайында сонылап,
Ешкілер-ай, есептеген соны бақ,
Серкелердің арқасында сендерді,
Әлпештейді- ау,
Ауыл төске қонып ап...
Қырықтың қысы
Қылаулап келді қырықтың қысы,
Билеп тұр ойды бұлттың мысы.
Түлкілер түске кіреді тағы
Келеді-ау шіркін, қызықтырғысы.
Ұшады самғап үміттің құсы,
Келмес-ау кімнің жүріп-тұрғысы.
Ақ жөлға салып жіберші мені,
Ақ жорға мінген қырықтың қысы.
Үш қонақ кетті аттанып тезден,
Жирма бес қайран шаттанып кезген.
Қырық белде де көктем күз бар ғой,
Дегенмен жылдар емес-ау жездем.
Қылыштың жүзі қырықтың қысы,
Тез келер жанның мұрт қырғысы.
Екенін енді сезгендей көңіл,
Адамның айлар қырт құрбысы.
Қырықтың қысы кеңесін шертіп,
Қыраулы бақта келеді ертіп.
Қарында ізім қалғаныменен,
Көктемі келіп кетерме ертіп.
Келгенмен көңіл қылық қылғысы,
Өзіңе мәлім құрықтың күші.
Қырқаға шығып қалғаныңды ойлап,
Толғантар тоқсан қырықтың қысы.
Қаңтардың таңы қаңтарып тұлпар,
Салбурыныңа салайын сұңқар.
Ойлы да тойлы қырықтың қысы,
Өзіндік өмір әуенін шырқар.
Қылыштай қияр салымымды жер,
Деген бір оймен сабырың кірер.
Кез келіп қалған сияқты, құрбым,
Қастерлі күннің қадырын білер.
Қанатын қыран құс қомдағандай,
Самғайын биік күш сомдағандай.
Ойларымды онға бөлмеші уақыт,
Қырыққа дейін қыс болмағандай!
Өзіңді ғана табамын
Таң атты тағы күлімдеп,
Хат бастадым күнім деп.
Жақын жанның қадірі,
Алыстағанда білінбек.
Айтайын деген сырым көп,
Жазайын деген жырым көп.
Барасың-ау таң сайын,
Табынатын пірім боп.
Қарадым таңғы шолпанға,
Көрінер ыстық сол таңба.
Маған жыр боп жазылып,
Аман жүр қайда болсаң да.
Елесің еріп жаныма,
Келесің ойға тоңсам да,
Қанатым өзің қадірлім,
Қай биікке қонсам да.
Сағындым деген сөзден де,
Табындым десем шынырақ.
Жақын жүрген кезденде,
Барасың ғой шын ұнап.
Тұрсақ та дәйім тілдесіп,
Аңсадым тербеп жыр бесік.
Сөз жеткенменен қол жетпей,
Жүрміз-ау жетім күй кешіп.
Алыс емес аяулым,
Қауышар күндер жүздесіп.
Ауасын аңсап даланың,
Көркіне көз сап қаланың.
Жабырқау жалғыз күй кешіп,
Сағыныш әнін саламын.
Көкірек толы нала-мұң,
Сен жаққа жиі қарадым.
Өткенді ойға салады,
Сыңар ізді әр адым.
Мен жаққа сенде қарағын,
Бақыттымын деп санағын.
Кермаралдай кеудеңе,
Жырымды гүл қып қададым.
Елесімді аңсап тұрғанда,
Есігіңді қағамын.
Бір көрсем-ау деп жүргенде,
Бір күні жетіп барамын.
Өмірде тағы айланып,
Өзіңді ғана табамын...
Қансонарда
Қарашаның қалыңдап қырбақ қары,
Сары күздің жиналды сырмақтары.
«Кәрі құда» ақ тонын жаба салды,
Дала жатты баладай құндақтағы.
Көсіледі кешегі кестелі бел,
Есіреді терістен ескеуіл жел.
Саршұнақтар бастарын сояулаған,
Шуылдайды теріскен, сексеуілдер.
Қызыл жонның қол салған талайына,
Қырау тұрған мұртына, самайына.
Қыран алған қарт аңшы қырдан асты,
Дабыл ұрып көз тастап маңайына.
Күні бойы із шалды, жалықпады,
Жыра-жылға бәрі де жарытпады.
Томағасын алды да қоя берді,
Бірақ қыран көкте құр қалықтады.
Қасқырдан да тұрған жоқ қорыққалы,
Қорлығы сол қоян да жолықпады.
Тышқан жымы жатқанмен түлкі ізі жоқ,
Осы болды аңшының торыққаны.
Бұрынғыдан өзгерген өңі мүлде,
Көлдей толқып көп ойлар көңілінде.
Қансонарда құр қайтты бірінші рет,
Сары табан саятшы өмірінде.
Бізден артық аң үшін дұшпан бар ма,
Жүгіргенін ұстаттық ұшқандарға.
Қорғалмаған қоңыр аң ауып кетті,
Қайран дала қор болды тышқандарға.
Шындық үшін шыңғырып шықты дарын,
Қансонардан құр қайтты құттыларың.
Қырандардың ағытып аяқ бауын,
Енді мысық баптаңдар, мықтыларым!
Серік Әбілұлы 1973 жылы 4 ақпанда Қытайдың Алтай аймағындағы Үліңгір көлі бойында, Жетіарал деген жерде дүниеге келген. Шыңжаң Университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін, Шыңжаң партия мектебінің экономикалық басқару факультетін бітірген.
«Дариға-ай», «Шолпан», «Самал» публицистикалық, «Күміс жебе», «Қобыз сарын», «Аққу арман» жыр жинақтары, «Күн» атты балаларға арналған шалқыма, балладалар жинағының авторы.
Серік Әбілұлы Қытайдағы қазақ радиосында ұзақ жылдар қызмет етіп, сол елдегі қандастардың мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғаның бірі. Ол қазақтың таңдаулы 50 әнін қытай тіліне аудартып, ұлтымыздың кең тараған 500 күйі мен 200 халық әнін таспаға түсірген, 100-ге жуық ән мәтіні мен көптеген әннің авторы, радио эфирінде 30-ға тарта роман оқыған танымал диктор, ақын, әнші, сазгер.
Құлаққа жағымды қазақы қоңыр дауыс иесі Серік Әбілұлы қазір атамекенге оралды.
Фото Бауыржан Жуасбаев