Билік банктерді неге үнемі қолдай береді?

2779
Adyrna.kz Telegram

Кеше Ресейдің Макроэкономикалық сараптау және қысқамерзімді болжамдар ұсыну орталығының мамандары биылғы 2020 жылы Ресейде 200-ге жуық банктің қысқартуға ұшырауы әбден мүмкін екенін мәлімдеді. Аталмыш орталықтың сарапшысы Михаил Мамоновтың айтуынша, егер мемлекеттік нақты қолдау болмаса Ресейде 2020 жылдың соңына қарай 200 банк қысқарады. Бұған себеп банктердің жағымсыз несие портфелінің шамадан тыс көптігі, сыртқы қарыздарының қайтарылмауы, мемлекеттік компаниялардың банктер алдындағы ірі борышын өтей алмауы. Мұның барлығы қазірде Ресей банктерінің жағдайын ауырлатып, дағдартып тұр.

Сарапшылардың пайымдауынша, Ресей банктерін қысқартуға кетірмей ұстап тұру үшін кем дегенде 1 трлн рубль керек. Ал Ресейдің Орталық банкі мен үкіметіне мұндай қаржыны демеу ретінде ұсыну оңай болып отырған жоқ. Бұған қатысты Михаил Мамонов «Банктерді банкроттықтан сақтау үшін көмек көлемі 1 трлн рубльді құрауы керек. Экономикалық ахуалды болжай отырып біз қазір Орталық банк негізгі мөлшерлемені 37 пайызға дейін өсіруі мүмкін екенін болжап отырмыз. Егер негізгі мөлшерлеме тағы өсетін болса онда банктер одан әрі қарыздарын қайтара алмай қинала түседі. Қазір Ресей банктерінің Орталық банк алдындағы қайтарылмаған қарызы тіптен еселене түсті. Тоқырауға түскелі тұрған банктердің әрқайсысына ең кемі 1,2 млн рубльден асып жығылатын капитал қажет. Ал банктерді қолдауға мұндай қаржы бөлу қазір Орталық банк үшін де үкімет үшінде оңай болып отырған жоқ»,-дейді сарапшы.
Мұны біздің отандық мамандар да жоққа шығармайды.
«Ресей банктерінің Орталық банк алдындағы қарыздары өз алдына, сыртқы қарыздары да шаш етектен. Ресейдегі ірі-ірі компаниялар кезінде Италия, Нидерландия, Германия елдерінен көлемді қарыздарды алды. Енді келіп сол қарыздарын қалай қайтаруды білмей жанұшыруда. Жалпы, Ресейдің бұлайша қарызға батуы Батыс экономикасына да оңай тиіп отырған жоқ. Елден капитал қашып жатыр. Инвесторлардың сенімі кетті. Ресей экономикасы тоқырап тұр. Экономика айналымындағы қаржы да ойламаған деңгейде азайды. Демек бұл арада Ресейге енді бір алты айда тіптен қиын бола түседі. Өйткені Ресей банктері сыртқы қарыздарын қайтаруда қазірдің өзінде қатты қиналып отыр», – дейді экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова.
Ал енді осы жайттарды есепке ала отырып, мамандар отандық банктердің тәуекелділігін айқындау үшін стресс-тестіден өткізудің артықтығы болмайтынын алға тартты.
«Бұл банктердің тәуекелдік әлеуетіне берілетін баға. Егер экономика, халықаралық және тауар нарығы құлдыраған жағдайда, біздің банктеріміз өз міндеттерін атқара ала ма?! Міне, осындай стресс-тест жасау керек. Әр банкке қатысты нақты бағдарламалар қайта түзіліп, мүмкін оның капиталын арттыру керек шығар немесе банкке тәуекелі төмен жүйе қажет шығар, осының бәрі саралануы қажет» деді Тоғжан Шаяхметова..
Маманның пайымдауынша, 2010 жылдан бастап АҚШ-та қаржы нарығын реттеудің заңы қабылдана салысымен, банк секторында ұдайы стресс-тестілер өткізіліп тұрады. Алайда осындай сынақтан былтыр америкалық ірі төрт банк өтпей қалған.
«АҚШ-тың ірі төрт банкі стресс-тесттен өтпей қалғаны белгілі. Ресейдің банктері де, Ұлыбританияның банктері де нәтижесін көріп мұндай тест нәтижелерін жариялаудан бас тартқан. Қаржы нарығы дамып, банк секторы тәуелсіз деген батыстың өзі мұндай сынаққа шыдас бермей жатқанда, бізге бейқам отыруға болмайды. Сондықтан бұл арада жалпы қаржы жүйесі мен банктер сүйенетін модельдің ел экономикасына қаншалықты тиімді-тиімсіздігін сараптап, осыдан нәтиже шығарсақ, бізге жақсы болар еді»,- дейді Тоғжан Шаяхметова. .
Отандық банк жүйесі осал, әрдайым мемлекеттік қолдауды қажет ететінін,  билік оларды қолдап мемлекеттін қаржы бөліп отыратыннын алға тарқан маман, болашақта бұл саланы билік өз еркіне жіберсе, шетелдіктер сатып алып, аталған нарықты жаулап алуы да мүмкін. «Билік осыдан да күдіктеніп, оларды өз еркіне жібере алмай отыр. Сондықтан, әзірге біздегі банк секторы үнемі  мемлекеттің қамқорлығында болып отыр»,- дейді маман.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

Пікірлер