Зайсандағы Заңсыздық

1692

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа.
Елбасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы,
"НҰРОТАН" партиясының төрағасы
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа
Шығыс Қазақстан Облысы,
Зайсан ауданы, Зайсан қаласы.
Еркебұлан Зағыпаровтан
Журналистік зерттеу

"Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?" Соңғы уақытта Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңсыздықтар белең ала бастады. Ел Президенті сыбайлас жемқорлықты қатаң бақылауға алғандығын сонымен қатар табиғи байлықтарды қатаң қорғауды тапсырған болатын. Президенттің аталған тапсырмалары Зайсан ауданында қалай жүзеге асып жатыр деген сұрақ қойылса, басшылардың заңсыз әрекетінен керісінше әрекеттер жасалып жатқаны көрінеді.

Ауданға әкім болып келгелі 9 айдың жүзі болған Ақтанов Серік Қасымбекұлы аудандағы қол астында жүрген біраз мемлекеттік қызметкерлерді сыбайлас жемқорлық әрекеттерге өзі итермелеп жасатып отыр деген деректер бар. Атап айтсақ 2019 жылы жаз айында Зайсан қаласы және 7 ауылдық округтеріне және Зайсан қаласына спорттық алаң "Воркауттар" салуға облыстық бюджеттен трансферт ретінде қаржы бөлінген. Бір воркаут салу үшін әр ауылға 10 млн теңге, Зайсан қаласынада 10 млн теңге қаржы жұмсалған.

Бүгінгі таңда ауданға қарасты 7 ауыл округінің және Зайсан қаласының әкімі воркаут бойынша мемлекеттік сатып алу заңының, нормаларын өрескел бұзғандары үшін 2-реттен әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттері үшін жауыпкершілікке тартылып, оларға жаза ретінде әр қайсысына 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонда осыншама айыппұл төлеп отырған әкімдер не бүлдірді десек, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес жергілікті әкімдерге 1-жыл ішінде 3 мың есептік көрсеткіш көлемінде (2019 жылы 7 млн 575 мың) теңгеге дейін жұмыспен қызмет түрлерін бір көзден сатып ала алады деген норма бар.

Бұл дегеніміз осындай жұмысты атқаруға олар кез келген қолынан іс келетін кәсіпкерді тарта алады дегенді білдіреді. Алайда құны 3 мың есептік көрсеткіштен асатын жұмыстарға әкімдер мемлекеттік сатып алу заңдылығына сәйкес конкурс өткізуге міндетті болған. Бірақта біздің 7 әкім воркаут құрылысның жұмысын ИП "Мұратбек Жаңқұт" деген кәсіпкерге беру мақсатында 10 млн-дық воркаут жұмысын қағаз жүзінде екіге бөлген - балалар алаңы, үлкендер алаңы дегізіп. 10 млн теңгені әр қайсысы 5 млн теңгеге бөліп ИП "Мұратбек Жаңғұтқа" бір көзден сатып алынды деп әр қайсысы 2-ден шарт жасасқан. Біз білетін әкімдер жоғарыда жазылған сыбайлас жемқорлыққа қатысты осы әрекеттерді аудан әкімі С.Ақтанов жасатқанын ашық айтып отыр. Дәл осы воркаут мәселесі бойынша жоғарыдағы 8 әкім құрылыс заңының тәртібін бұзғаны үшін, қосымша әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін жауапкершілікке тартылып 202 мың теңгеден айыппұл салынған. Осы заңсыздықтар сыртында 2019 жылы жаз айында Зайсан қаласының 8 көшесінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын өткізу үшін 24 млн теңге шамасында қаржы бөлінген болатын. Аталған жұмыстарды атқару үшін қала әкімшілігі мемлекеттік сатып алу заңының талаптарына сәйкес ашық конкурс өткізуге тиіс болған. Себебі жұмыстың құны 3 мың есептік көрсеткіштен үш есе асып тұрған. Алайда бұл мәселелерде де, заң талаптары өрескел бұзылып, аталған жұмысқа бөлінген қаржы төрт бөлікке бөлшектеніп, аудан әкімі С.Ақтановтың тапсырмасына сәйкес Өскемен қаласында орналасқан "Евразия" ЖШС-ның мемлекеттік сатып алу заңының бір көз тәсілімен делініп, төрт шарт жасалды.

Депутат Қ. Сайранов осы заңсыздықтарды, жоғарыдағы жазылған сыбайлас жемқорлық əрекеттерді аудандық мәслихаттың 2019 жылы 24 желтоқсанында өткен сессияда қозғап айтқан екен. Сол сессияда Қ.Сайранов депутаттардан," "Нұр Отан" партиясынан біріккен комиссия құрып, əкімдерді заңсыздыққа итермелеп отырған тұлғаны анықтап, жауапқа тартқызайық" деген. Алайда осыны естіп, біліп отырған прокуратура, Зайсан аймақтық сыбайлас жемқорықпен күрес басқармасы ешқандай жұмыс жасамады.
Көше жөндеу жұмысына байланысты аудан әкімі С.Ақтановтың тарапынан жасалған тағы бір заңсыздық шығып жатыр. Ол аталған "Евразия" ЖШС Зайсан көшесіне тас қиыршық тас төгуде Кеңсай ауылдық окуругіне қарасты жерден, заңсыз қиыршық тас қазып алып, табиғатқа зиян келтіргендігі, осы мәселе бойынша қазіргі кезде аудандық ішкі істер бөлімі тарапынан қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы "Евразия" ЖШС-на қиыршық тас қазып алуына орын белгіліеп беруде С.Ақтанов заңсыз тапсырма беріп, екі әкімді мәжбүрлеген. Сонда аудан әкімі С.Ақтанов Президенттің табиғатты қорғауға қатысты тапсырмасына қарсы ма?

Бұл жерде бір қызығы, қызығы емес шыжығы көшелерге ағымдағы жұмыс өткізеді деген "Евразия" серіктестігінен жұмыс жасауға ешқандай техника келмеген. Тек екі жігіт келіп аудан, қала әкімдерімен шаруаларын шешіп, техника жалдап жұмыс істеді. Бұл жерде Зайсан ауданындағы жол жөндеумен әбден машықтанған жергілікті кәсіпкерлер, шаруашылық серіктестіктері неге осы жұмысқа тартылмаған. Оларда маманда, техникаларда жеткілікті. Оның себебі біреу-ақ. Олар С.Ақтановтың көңілінен шықпаған болуы керек.
Кезекті былық Зайсанның Кондюрина көшесіндегі "Кітаптар әлемі", "Рахат" сауда үйі тұсындағы Арбат құрылысында орын алып отыр. Ол құрылысқа 23 млн 515 мың. 5 теңге бөлінген. Осы Арбат құрылысын жүргізуде С.Ақтановтың тапсырмасы бойынша " COMPANY COLD" ЖШС-на қаражатты заңсыз төртке бөлшектеп, мемлекеттік сатып алу заңының бір көзден деген тәсілімен аталған серіктестікпен төрт шарт жасасқан.
Біз осыншама заңсыздықтарға өзіне бағынышты мемлекеттік қызметкерлерді сыбайлас жемқорлық әрекеттерге итермелеп отырған аудан әкімі С.Ақтановтың заңсыз әрекеттеріне Республика деңгейінде тосқауыл қойып, тексеріп, шара қолдануын талап етеміз. ШҚО бойынша Прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі тарапынан келетін тексеріске күмәнмен қараймыз. Себебі жоғарыда жазған былық-шылықтың көбін Зайсан қаласының тұрғыны Алмагүл Құрмашқызы Ахметжанова жазған екен. Осыған байланысты жүргізілген қаржы бақылау органдары жоғарыдағы фактілерді анықтаған. Алайда күні бүгінге дейін еш нәтиже жоқ. Сондықтан осы хаттың бір данасын Президент Қ.К.Тоқаевқа, Елбасы, Тұңғыш Президентіміз, "НұрОтан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдауға мәжбүрміз.
Себебі біздің түсінгеніміз Зайсан ауданының әкімі С.Ақтановқа Шығыс Қазақстан Облысында "Әй, дейтін ажа, қой дейтін Қожа жоқ" көрінеді. Өйткені жоғарыдағы былықтан басқа басшылық кадр таңдау, тағайындау мәселесінде де өзі білгенін істеп жатыр. Ол мәселе туралы бөлек жуық арада жазылады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы