"Бунт будет, бунт!..."

6158
Adyrna.kz Telegram

Қаңтардың 3-і күні Алматы жұртшылығы мемлекет жəне қоғам қайраткері Серікболсын Əбділдинмен қоштасты.

Неге екені айтпаса да түсінікті, жоғарыдағылар марқұмды соңғы сапарына Ғылым Академиясынан емес, Жамбыл атындағы филармониядан шығарып салғанды жөн көрген екен. Оның өзінде филармонияның көрермен залын бермепті. Қуықтай фойе келушілерге тым тарлық етті. Қоштасуға келгендер иін тіресіп, сығылысып əзер сиып тұрды. Қаралы митинг те шолақ қайырылды. Митингтен соң, қалың нөпірмен бірге лықсып, сыртқа ақтарылдық.

Далаға шыққанда байқадық, бағана ішке симай тұрғандай болып көп көрінген қаралы жұрт сыртқа шыққанда бір-ақ уыс боп қалыпты. Осы бір уыс жұрттың ішінен биліктің бетке ұстар бір шендісін көре алмағанымызға қынжылдық. Жайшылық жиындарда микрофонға жармасып, мінбе мен той төрін бермейтін "орденді ақын-жазушылар" да бұл жиында болған жоқ.

Марқұмды шығарып салуға өзін оппозиционер санайтындар, сосын Алматыдағы семейлік жерлестері ғана келгендей əсер қалдырды. Бірде-екілі өзіндік пікірі бар жастар мен жас журналистердің көзге шалынғаны болмаса өздерін блогер атайтын диван батырлар да байқала қоймады. Сол секілді өзге ұлт өкілдері де көзге түспеді. (Сондықтан биліктегі мырзалар, бұдан былай орысша сөйлемесеңіздер де болады екен. Бəрібір түбі бір келетін ажал жетіп, о дүниелік болсаңыздар "Кеңсайға" немесе Нұр-Сұлтандағы пантеонға шығарып салуға өз қазағыңнан басқа ешкім де келмейді. Оған мына қаралы жиын куə)

Айтпақшы, өзге ұлт демекші мәйітті əкетіп бара жатқанда əнші Батырхан Шөкеновті есіме алдым. Марқұмды Алматы жұртшылығы 2015 жылы дəл осылай Жамбыл филармониясының алдынан шығарып салған болатын. Сол жолы əншімен қоштасуға келген жұрттың көптігінде есеп болмап еді. Қаралы қауым Кеңсайға қарай лықси жөнелгенде филармония алаңынан сонау Бөгенбай батыр көшесіне дейін сіресе қозғалғанын көзіміз көрді. Өз басым алты алаштың игі жақсысы жиылған Алматыда тап Батырхан əншідей ардақталып жерленген ешкімді көрген жоқпын. Сол жиында кімдер болмады дейсіз? Кімдер дегеннен гөрі қай ұлттың өкілдері болмады деген дұрысырақ шығар. Даңқты əншімен қоштасуға билікшіл саясаткерлеріміз биік мінберлерден сөйлеген сайын ауыз толтыра мақтанышпен айтатын, бірақ елімізде қандай жағдайлар орын алса да көзімізге еш түсе қоймайтын 130 ұлттың өкілдерінің түгелі болмаса да дені келген еді. Міне, саған "Қазақстандық ұлт"! - деп едім мен сонда іштей таңырқап. Жоғарыдағы ресейшіл, шала идеологтар қазақтың санасына қайта-қайта тықпалап жүрген "Қазақстандық ұлттың" жаны көпшілік мəдениетте, жүрегі қалың бұқара сүйген өнерпазда екен ғой деп таң қалған едім сол жолы.

Бұл жолы Тəуелсіз мемлекетіміздің тарихында шешуші пəрменге ие болып, алғашқы саяси, тарихи маңызы бар құнды құжаттарға қол қойған, кейін билікке конструктивті оппозиционер болған мемлекет қайраткерін өзге ұлт түгілі өз жұрты өз мəнінде ардақтай алмады. Ардақтай алмағаны сол емес пе, сонау советтік кезеңде бірге қызмет істеген, əлі де болса, тұғырдан түспеуге жанталасып осы күнгі биліктің маңайын айналсоқтап жүрген замандастарының тым болмаса біреуі келіп төбе көрсетуге жарамады. Жоғарғы Кеңестің, Парламент төрағасы болған тұлғаны ақтық сапарға шығарып салуға бірде-бір жоғары дәрежелі мемлекеттік шенеуніктің қатыспауы - егер дені дұрыс елде орын алса шетін жағдай саналар еді. Бірақ біздің елде мұндай нəрселер қалыпты дүниеге айналған, оған осы жолы көзімізді тағы бір мəрте жеткіздік.

Расында, Əбділдин ағамыздың əріптестері, топырақты өлімге барғандарыңыз, келіп көңіл білдіргендеріңіз үшін мемлекет сіздерді қылмыстық жауапкершілікке тартпайтын еді ғой. Күні кеше ғана Үкімет үйінде өздеріңізбен саясат майданында тізе қосысқан соратниктеріңіз емес пе еді? Шенеуніктік честь, намыс қайда?!
Намыс демекші, осы орайда XIX ғасырдың бір əңгімесі есіме түседі. Біздің елде Құтжан мен Бақа деген бақталас екі кісі ғұмыр кешіпті. Құтжаны - болыс, Бақасы - батыр екен. Екеуі келелі кеңестерде, ел мол жиылған жиындарда оқтын-оқтын ерегісіп қалып жүріпті. Жанжалды бұрын бастап, қамшы көтеретін көбінесе Бақа батыр екен.
Бір жылы болыс сайлауы өтетін болып ішінде Бақа батыр да бар, ел жақсылары Құтжанды болыс қоймаққа Ақмолаға аттаныпты. Орыстың дəргейіне біржолата қараған, қазақтың екі тізгін, бір шылбыры жемқор Ресей шенеуніктерінің қолына көшкен кез. Ел ішін парақорлық аралап, ояз маңын əлекедей жалаңдаған пысықтар жайлай бастаған тұс. Сондай ысқаяқ біреу орыс ояздың жемсауын кеңірдегіне дейін тығындап, бұлар барғанша болыстық қызметті өзіне қарай икемдеп қойса керек. Істің былайша насырға шапқанын күтпеген Құтжан тобы алғашқыда абдырап қалыпты. Өңешінен өлеңге семірген өгізге дейін өтіп кеткен майжелке ояздың да бұлармен еш ісі болмағандай, кердең-кердең басып маңайына жолатпапты. Сол сəтте түтігіп кеткен Бақа батыр беліне қылышын іле салып, найзасын қолына кезене ұстаған күйі ояздың кеңсесіне баса көктеп кіріп барып: "Осыдан Құтжан болыс болмаса бунт будет, бунт будет, бунт будет! - деп үш рет ақырып, найзасымен кеңсенің еденін үш мəрте дүрсілдете қойып-қойып қалып шалт бұрылып шығып кетеді. Бұл Кенесары заманынан кейінгі уақыт - орыс ұлықтары бунт десе əлі де болса зәресі ұша қорқады екен. Содан жемқор ояз пара берген пысықтың парасын өзіне қайтып беріп Құтжанды болыстыққа бекітіпті.

Осылайша шаруасы оңынан шешілген азаматтар елге олжалы қайтады. Ұзақ жолда қалжыңы жарасып келе жатқан соң ба, топтың ішінен бір жас жігіт батылы жетіп Бақа батырға жанаса бере əзілге жығып: "Батыреке, бір гəптің мені таңғалдырып келе жатқаны. Ауылда жүргенде Құтжекеңе күн көрсетпеуші едіңіз. Дүниеде екі адам араз болса сіз екеуіңіз шығар деуші едім. Сөйтсек араздықтан бұрын өзіңіз əуелі Құтжекеңнен қаймығады екенсіз ғой. Олай дегенім бағана Құтжекең болыс болмайды дегенде ояздың төрі былай тұрсын, көріне кіріп кете жаздадыңыз ғой!" - депті. Сонда Бақа батыр күйіп кетсе керек, жалт қарап: "Əй, шірік неме, Құтжанмен менің араз екенім рас онымен араз болып өтетінім де рас. Бірақ Құтжанмен өзім араз болғаныммен намысым араз емес қой!" - деген екен.

Тағы бір əңгіме. Арқа елінде алтай Алшағыр батыр мен керней Баубек батырдың осы сипатты хикаясы сақталған. (Алшағыр батыр əйгілі "Дайрабай" күйін шығарған атақты Дайрабай күйшінің атасы Байқарамен бір туысады. Алшағырдың өзі де күйші болған)
Заманында Кенесарының батыры болған Алшағыр мен Баубек батыр ғұмыр бойы жауласып, тартысып өтіпті. Күндердің бір күнінде Алшағырға ажал жетіп, келместің кемесіне мініпті. Жаманат хабар жерде жата ма, ескен желдей тез тарап Баубек батырдың еліне де жетіпті. Осы орайды пайдаланып батырға жақсы атты бола қояйын деген ауылдың бір пысығы қаралы хабарды естіген бетте Баубекке алқына жетіп: "Батыр, ата жауыңыз Алшағыр ажал құшты, о дүниеге аттаныпты", - депті сүйінші сұрағандай аңқылдап. Сонда Баубек батыр: "Не дейді?!" - деп орнынан ұшып тұрып, əлгі ауылдасын көгала қойдай қылып сабап: "Бауырым-ай, теңім едің, тұстасым едің, енді кіммен айқасамын" - деп өкіріп жылап жіберген екен. Содан Алшағырдың еліне аттанып, əулетіне көңіл айтып, мал атап, дұға оқытқызып қайтыпты деседі. Кейін де "Бастасым еді, тең құрбым еді", - деп үнемі еске алып, Алшағыр батырдың аруағын құрметтеп отырады екен.

Қарап отырсаңыз, қарапайым жұрттың тілімен айтқанда: бұл кісілердің біздің оқыған шенеуніктеріміз сияқты қос-қостан дипломы жоқ, университет пен жоғарғы партия мектебін бітірмеген немесе қазіргі жас шенеуніктер сияқты шетелде "Болашақ" бағдарламасымен оқып келген жоқ. Десек те, осы қос батыр секілді ол заманның оқымаған оғландарының есімдері ел аузында осындай кісілік іс-əрекеттерімен сақталып қалғанын көреміз. Тек баяғының адамдарының осы күнгі оқығандардан айырмашылығы олар адами құндылықтар мен кісілік қарым-қатынастарды өмірдің өзінен үйреніп, бойларына дарытқан дала данышпандары еді. Мəшһүр Жүсіп атамыздың: "Бұрынғының бəрі əулие" дегені осындайдан айтылса керек.

Солай дейік, бірақ қазіргі билікте жүргендердің ел алдына маңдайы жарқырап жақсы болуына не кедергі немесе кім кедергі? Неге олар ел ішінде қасына түксиген оққағарларын ертпей жүре алмайды? Неге олар қарапайым адами қасиеттерден жұрдай. Неге оларда Бақа батырдың намысындай ердің намысы жоқ? Өздері араз болса да намыстары араз болмайтын адами биікке қашан жетеді?! Бұл - қазіргі уақытта жұртшылықтың билік иелеріне қояр ең көкейкесті сауалдардың бірі болып тұр. Бірақ кім жауап береді?..

...Иə, кеше тұтас бір дəуір көшті. Қанша дегенмен Серікболсын Əбділдин Қазақстандағы коммунистік партияның көшелі көсемі еді, ай мүйізді серкесі еді. Өз принциптерінен айнымаған ол өмірінің соңына дейін коммунизм идеясына адал бола білді. Ал басқа коммунистердің барлығы 1991 жылдың тамызында-ақ, партияға берген анттарынан айнып, өздері өліп-өшіп, жанынан артық сүйген, қалтқысыз беріле қызмет еткен коммунистік партияны оп-оңай, бір сəтте тік көтеріле сатып кеткен болатын.

Əбділдиннің əлеуметшіл болып, коммунизм идеясына адал болғаны - социализмді адамзат қауымы тоқтайтын ең соңғы қоғамдық формация бекеті деп танығанынан, оған имандай сенгенінен шығар. Өйткені ол күллі əлем жұртшылығының, əсіресе Батыс Еуропа мемлекеттерінің социализм жолын таңдай бастағанының куəсі болды жəне бұл мемлекеттер оның көз алдында ешқандай революцияларсыз-ақ, эволюциялық жолмен ақырындап социалистік елдерге айналып жатты.

Ал патшалық Ресейді, оның езгісінде болған феодализмнің битті күпісін киген қазақ қоғамын капитализмге соқтырмай бірден социалистік құрлысқа секіртіп өткіземін деп түбіне жеткен Октябрь революциясы ғой. Əйтпесе эволюциялық даму жолымен жүрсе, социализм - адамзат қоғамының даму сатысының ең жоғарғы баспалдағы екендігін - бұл күнде социализмге эволюция соқпағымен жүру арқылы көшкен, сөйтіп елдерінде əлеуметтік теңдік, ортақтық орнатып, əділет пен ізгілік идеялары салтанат құрған батыс мемлекеттері дəлелдеуде.

Бəлкім Серікболсын ағамыз да саяси тәжірибесі мол, саналы социалист ретінде қазақтың социализм дәуірінде ғұмыр кешкенін қалаған болар, армандаған да шығар. Бірақ ол үшін алдымен қазақ баласын сансыратқан мына жабайы капитализмнен, оның түгел кезеңінен өту керек болатын. Алайда жемқорлық жайлаған елдің жабайы капитализмді жеңіп шығуы əзірге мүмкін емес екенін, оған толассыз күреске толы мехнатты жылдар керек екеніне қарт коммунисттің кəнігі саясаткер ретінде көзі жеткен еді. Бəлкім қамығып, құсаланған да шығар. Құса түбі - дерт қой...

Солай... Жамбыл филармониясының алдынан марқұмның табытын арнайы көлікке көтеріп салып, ортамыздан ала жөнелгенде, қазақтың кəсіби саясат сахнасының ойсырап қалғанын түйсіндік. Серікболсын Əбділдинсіз ол енді осылай үңірейіп тұра бермек. Ұлттық һəм адамзаттық құндылықтармен қаруланған жаңа буын мемлекетшіл саясаткерлер келгенше...

Ерлан Төлеутай

Пікірлер