Кеше Павлодар қаласында облыс әкімінің Жаңа жылдық кеші өтті. Қаладағы танымал "Ертіс" қонақ үйінің ресторанында өткен әкімнің балы бүкіл Қазақстанды бір шулатып қойды. Қай әкім той тойламай жатыр дерсіз, бірақ та әкімнің суреті осы кеште 31 миллион теңгеге сатылды. Өңірдегі кілең қалталы бай-бағлан қатысқан шараны танымал шоумендер Тұрсынбек Қабатов пен Ярослав Мелехин жүргізген. Қайрат Нұртас ән шырқаған бұл кештің бәсі де биік болғаны сөзсіз.
[video width="848" height="480" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/12/whatsapp-video-2019-12-26-at-14.17.22-1.mp4"][/video]
Осы кешке "қатысқан" (дұрысы қатыстырылған) әр кәсіпкер 25 мың теңгеге билет алған. Сондай-ақ кеш барысында аукцион болатынын, оған да қатысу керектігі айтылған дейді кеште болғандар. Әкімнің суретінен бөлек, осы жерден шыққан танымал тұлғалардың да картинасы сатылыпты. Мысалы, әкімнің картинасы 31 миллионға сатылған кеште Сұлтанмахмұт Торайғыровтың суреті 1 миллион 300 мыңға сатылған.
Әлеуметтік желіні шулатқан бұл кеш қайырымдылық шарасына арналыпты деген ақпарат тарады. Облыс әкімінің баспасөз қызметі бұл аукцион туралы былай деп жауап беріпті.
"Лоттарды суретшілер ұсынады. 20-ға жуық сурет, "Ертіс" командасының қолтаңбасы бар футбол добы, ағаштан жасалған шоқпар. Жалпы сомасы 52,2 миллион теңге, оның ішінде 30 миллион теңгесі картиналар үшін", - деді аймақ әкімінің баспасөз хатшысы Ернар Сейтахмет.
Баспасөз хатшысының айтуынша Ауған соғысы ардагерлері сыйлаған әкімнің портреті қойылғанын растады. Әңгіменің тамыздығы болған 31 миллион теңгеге әкімнің портретін сату туралы ақпаратты растамады.
"Бұл сурет үшін, менің ойымша, 700 мың теңге. Бұл әзіл", - деп мәлімдеген ол портреттің кімге сатылғанын білмейтінін айтты.
Бірақ та, портретті сатып алған, "АЗА" фирмасының иесі, қалалық мәслихаттың депутаты Гнел Акопян ол картинаны 31 миллион теңгеге сатып алғанын растады.
[video width="848" height="480" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/12/whatsapp-video-2019-12-26-at-14.17.22.mp4"][/video]
"Картинаны мен сатып алдым. Бұл қаражат мүгедектерге көмек ретінде жұмсалады. Оның кімнің портреті екені қаншалықты маңызды", - дейді Гнел Акопян.
Білетіндер, облыстағы сүбелі тендерлер осы Акопян басқаратын фирмаға тиесілі дейді. Сондықтан майлы жілік ұсынып отырған басшының суретін 310 миллионға да сатып алады дейді.
Әкімдіктің мәліметі бойынша, акционерден түскен барлық қаражат Қазақ соқырлар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорнына жіберіледі, олар әкімге қолдау көрсету жөнінде бірнеше рет өтініш білдірген.
"Адырна" ұлттық порталы