Дабыл! Көпқабатты үй қисайып, тұрғындар далада жүр (фото, видео)

6620
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Зерделі ықшам ауданындағы (бұрынғы Алғабас-6) 179 үй қисайып, көршілер сыртта дүрлігіп жүр.

«Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2013 жылы Алматының «Зерделі» ықшам ауданында пайдалануға берілген №179 үйде барлығы 72 пәтер бар. Күн санап үйлерінің шалқайып бара жатқанын байқаған тұрғындар құзырлы орындардан көмек сұраған болатын. Бірақ, бүгін күн бата үй қисайғаннан қисайып, тұрғындар көшеге қашып шыққан.

Көршілер тарапынан тәуелсіз тексеру нәтижесі 34 см болса, әкімшіліктің тексерісі 1 см ғана көрсетіп тұр.
Жер астынан сараптама үшін топырақ алынғанда үй батпақта тұрғаны анықталған. Бұл да тұрғындар өміріне өте қауіпті жағдай екенін айғақтайды.

Бұрын Алғабас деп аталған ықшам ауданда бұған дейін мұндай жағдай 2016 жылы орын алған. Ол кезде 9 қабатты үй 32 сантиметрге қисайған. Ал 2017 жылы тағы бір ғимаратта осындай белгілер анықталған. Кейін құзыретті органдар бұл нысандардың іргетасын қатайтып, тұрғындарды қайта үйлеріне көшірген болатын. Бірақ, тұрғындар батпақтың үстіне орнатылған үй деп санайтын бұл үй сонда да оңалмапты.

[video width="848" height="480" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/12/whatsapp-video-2019-12-13-at-20.42.06.mp4"][/video]

"10-шы желтоқсанда біз МЧС-қа звондадық. Үйдің қисайғаны туралы айттық. Олар келді де көрді де кетті. Ертеңінде келді де өлшеді де 1 сантиметр жылжыды деді. Біз өзіміз өлшегенде 34 сантиметр жылжыпты. Олар қағазға аз етіп көрсетіп жазып жатты, біз оларға мына жерде 0,5 емес қой 7 сантиметр деген кезде олар түзеп жазып жатты. Осы күнге дейін нақты қанша сантиметр қисайғанына нақты ешкім жауап берген жоқ. Топырақтың қорытындысын алып жатқан адамдармен сөйлескенімізде мынау жақсы емес, жеті метрден су шығып жатыр деді. Өте қауіпті деп айтты. Біз үйдің қисайғанын бөлмелердің есігінің ашылып қала беретінінен байқадық. Сосын баспалдақтар асфалтьпен аралықта ашылып кетіпті" дейді осы үйдің тұрғыны Биниязов Мерей.

Тағы бір тұрғын Әлімжанова Эльмираның айтуынша баспалдақтың арасындағы тесік бір күннің ішінде саусақ сиятындай болған. "Біз төбеге көтерілгенде кабельдердің тартылып тұрғанын байқадық. Осыдан екі күн бұрын журналистер келгенде сол кабельдерден спокойно аттап жүргенбіз. Үйдің қисайғаны жай көзге де байқалып тұр. Ал, әкімдіктің айтқан цифрлары мына үйдің жағдайымен сәйкес келмейді. Біз МЧС-қа звондағанда бізге екінші ретінде былай жауап берді. "Не надо провокация жасап. Сендердің үйлерің жайлы ешқандай документ түскен жоқ. Ал, оны кім береді? Құдайға шүкір бәрімізде көз бар. Көреміз. Алаңдаймыз. Бұл жерден жас отбасыларға үй берілді. Қуанып кірдік осы үйге. Біз басқалай шыққымыз келмейді осы үйден. Бізді қолдауларыңызды сұраймыз" деген Эльмираның сөзін тұрғындар бір ауыздан қолдады.

[video width="848" height="480" mp4="https://adyrna.kz/content/uploads/2019/12/whatsapp-video-2019-12-13-at-20.42.06-1.mp4"][/video]

Оқиға орнына келген Алматы қаласы әкімінің орынбасары жұртты сабырға шақырып, өзі де көппен бірге осы үйде қонатынын мәлімдеді. Қазір өзі қалаған бір пәтерде әкім орынбасары қонуға қалды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер