«Қазақстан- біздің ортақ үйіміз». 130 ұлт пен ұлыстың басын қосқан мемлекет ретінде жаһанға жария болдық, бірақ бүгінгі мәселе бөлек. Қазақ жері бұрыннан ұлттар лабораториясына айналғаны жасырын емес. Азаматтық турасында айтылмаған айғақ қалмағаны тағы шын. Жалпақшешейлік танытуда біз неге озып тұрмыз?
Азамат атанудың алғышарты «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңында жазылған. Әңгіменің ауанын сол жақтан бастайық. 1991 жылы жарияланған құжатта: «Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады» деп тайға таңба басқандай анық жазылды. Бұл тақырып аясында осыдан өзге шартты таппайсыз. Демек, мемлекеттің заңды тұрғыны ол елдің тарихы мен тілін білуге тиіс емес. Бұл ретте қазақ тілінің мәртебесі туралы сөз қозғаудың өзі артық сияқты.
Біз құшақ ашып, достық танытқанда, өзге елдің жайы қандай? Мысалы, Оңтүстік Корея Конституциясы азаматтық алу жөнінде өтініш берген азаматтарға корей тілін базалық деңгейде білуді, мәдениеті мен дәстүрін құрметтеуді, әр аймақтың жергілікті заңдарына бағынуды міндеттейді. Аталған мемлекетпен қатар Түркияда да тұрақты табыс көзін растау қажет. Азаматтық алу құқығына ие болу үшін Түркияда 500 мың доллар көлемінде қаржы қорыңыз болуы тиіс. Одан бөлек, кемінде бес жыл елде тұруыңыз, түрік тілінде еркін сөйлеуіңіз және денсаулық жағдайыңыз тексеріледі.
Біріккен Араб Әмірлігі ел территориясында тұру мерзімін 30 жыл деп көрсетеді. Әрі араб жігітіне тұрмысқа шыққан қыз заңды некеге 3 жыл толғанда ғана азаматша атана алса, араб қызына үйленген өзге ұлт өкіліне БАӘ-нің азаматтығы мүлде берілмейді. Ал бізде ше? Біз кеңдігімізді күйеуге де, жиенге де танытып жүрміз. Мәселенің шетін түртсең, жібі ыдырап, осыдан кейін қазақ қыздары шетке кетті деп дабыл қағамыз. Сөзге тұздық болсын, Түрік азаматына тұрмысқа шыққан Айсана Йылдырым мәселе жайында бүй дейді:
«Шетелдікке тұрмысқа шықтың деп әлеуметтік желіде әлі де табалап жатыр. Бірақ, қазақ жігіті бір баламмен далаға тастап кеткенде ешкім ештеңе деп дабыл қақпады. Екінші рет ана атандым, шүкір бақыттымын. Түркияда оқыған жоқпын, тұрмысқа шыққанға дейін тіл білмедім. Мұндағы азаматтық алудың әр түрлі аспектілері бар. Мысалы, неке жолымен азаматтық алу үшін кемінде 3 жыл түрік азаматымен заңды жұбай болып, келешекте де отбасының сақталатынына сенімді болуың керек. Айрықша айта кетерлігі, отбасының беріктігіне зиян келетін қызмет түрімен айналысуға тыйым салынады. Мен әлі Түркия Республикасының азаматтығын алған жоқпын. Қазір қосазаматтық туралы Заң қаралып жатыр».
Сайып келгенде, тіл мен тарихқа деген құрмет ең әуелі осы азаматтық туралы Заңда міндеттелуі тиіс. Конституциямызда Азаматтық алу жөніндегі халықаралық шарттардың алынып тасталғанына да біршама уақыт өтті. Сау басымызға сақина тілеп алғандай көрінеді кейде...
Мәдина ОҚАС,
"Адырна" ұлттық порталы