Әлемде «қай елдің ақыл ой орталығы – идеялар фабрикасы басым?» деген мәселе күн тәртібіне шықты
Әлем жұрты саяси-экономикалық институттарының жұмысын «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп жарнамалап жатыр. Оның қорытындысы мамыр айының бас кезінде БҰҰ штаб-пәтерінде «әлемдік ақыл-ой орталықтарының жыл сайынғы рейтингісі» (Global Go-To Think Tank Rankings) жарияланды. Идеялар бәсекелесінде 156 елден 6 545 ақыл-ой орталығы, саяси-экономикалық институттың жұмысы, қарым-қабілеті сынға түсті. Нәтижесінде ең үздік 30 ақыл-ой орталығы белгілі болды. Идеялар фабрикасы бәсекесіне шыққан елдердің арасында АҚШ пен Жапония көш бастап тұр. Қазақстандық институттар бұл рейтингінің отыздығынан көріне алған жоқ. Жалпы, ақыл-ой орталықтарына арнал-ған қай рейтингіге назар салсақ та, төменгі қатардан орын алады. Тіпті Орталық Азия және Шығыс Еуропа аймағы ғана қамтылған рейтингілік көрсеткіштегі топ – 30 институттың арасында да қазақстандық орталықтар жоқ болып шықты. Әзірбайжанның Экономика және әлеуметтік зерттеулер институты 15-орыннан көрінді. Бұл тізімде Украина, Эстония елдерінің ақыл-ой орталықтары бар. Иә, бiздiң қазақстандық “балаң” аналитика әлi күнге ескi қалып пен жаңа стереотип арасында басы қатып, қалыптасудың бастапқы кезеңiнен шыға алмай жүретiн. Бірақ Ерлан Қарин, Нұрлан Ерімбетов, Айдос Сарым тәрізді ел тұтқасындағы азаматтардың ең маңызды мәселенi терең түсiнiп, оң әрекеттерге кiрiскенiн көріп жүрміз. Біздің қоғамда идеялар фабрикасының іргетасының қалануына екі жақ та мүдделі: Екі тараптан да қозғалыстар бар. Үміт басым, бағдар айқын. Себебі біздің ел 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын айқындап алған ел. 2050 Стратегиясы – біздің саяси доктринамыз. Идеялар фабрикасында көтерілер тақырыптар 2050 Стрегиясының мүмкіндіктерін жан-жақты саралап, қоғамға ой салса, үміттің ақталғаны. «Әлемдік саясаттанушылардың қорына «Идеялар фабрикасы» ретінде еніп кеткен ұғым біздің елге кештетіп болса да жетті» дейді мамандар. Күнделікті басылым беттерінде осы тақырыпта біраз мақалалар жарияланды. Соның ішінде біздің назарымызды аударғаны – профессор Мұхтарбек Шайкемеловтың «Біздің қоғам саясаттану саласын ғылым деп тани ма?» деген мақаласы. Автор өз мақаласында «Идеялар фабрикасы» бүгін де болған, ертең де жалғаса береді. Ол билік элитасының қолдауына ие болғанда ғана материалдық күшке ие болады. Қазақстанда жағдай өзгешерек. Бiр жағынан аталған ғаламдық дағдарыстардан ел үшiн саяси және экономикалық дивиденд алуға болса, екiншiден, оны болашақ жаңғырудың алғышарты ретiнде қарастыруға болар едi. Бірақ ол, әзірге өзіміздің ел шекарасынан әрі аса алған жоқ. Әлемдік қауымдастықтың назарын аудара алмауымыздың себебі осы» дейді. Қазақстандық саясаттанушы Эдуард Полетаев та қазақстандық саясаттану ғылымы кенжелеп дамып келе жатқан сала екенін айтады. Бірақ түйткіл онымен ғана шектелмейді екен. – Бірақ бір ғана проблема бар. Біздің қоғамда саясаттанушының құқықтық мәртебесі анықталмаған, ол жайлы нақты көзқарас та қалыптаспаған. Саясаттанушы белгілі бір мамандық па, әлде белгілі бір тұлғаның хоббиі ме, ол жағын да ешкім кесіп айта алмайды. Соңғы жылдары барлық тақырыптарға пікір білдіре беретін саясаттанушылар тобы қалыптасып келе жатыр. Бұл оқырманның саясаттану туралы түсінігін тым тұмандандырып жібереді. Мысалы, бізде Қытай, Ауғанстан немесе ТМД көлеміндегі интеграциялық үдерістер туралы пікір білдіре беретін саясаттанушылар қатары тым көп. Біз айтып өткен тақырыптар саясаттанушының жанына жақын тақырып па, әлде ол оны терең меңгергендіктен қана жүрексінбей пікір білдіріп отыр ма? Ол жағын ешкім айта алмайды. Қоғам бір орында тұрмайды, заң өзгереді. Заман өзгереді. Сондықтан саясаттанушыларға «саяси көзқарасы тұрақсыз» деген айыптар да тағылып жатады. Сондықтан мен әріптестерімнің белгілі бір салалық тақырыптарға маманданғанын және саяси кландар мен саяси топтардан тәуелсіз болғанын қалар едім. Саясаттанушы барлық тақырыпты бол-жап айтып беретін астролог немесе балгер емес. Ал саясаттанушылардың сараптамаларын билік орындары қаперіне ала ма, жоқ па, ол бөлек әңгіме. Бірақ біздің жағдайымызда саясаттанушылар билік үшін №1 запаста тұрған мамандар. Қазір құзырлы министрліктер саяси орталықтарға әлеуметтік зерттеу мониторингін өткізу туралы бойынша мемлекеттік тапсырыс беріп тұрады. Екі тараптың ұйымдастыруымен халықаралық конференциялар өтіп тұрады. Демек, екі тарап та саясаттану ғылымының қажеттілігін, өзектілігін мойындай бастады. Бірақ билік – саясаттанушының орнында өзін сезіне алмайды. Бұл барлық елдерге тән кемшілік. Екі тарапты екі жақтың да мүдделері барынша ескерілген Идеялар фабрикасы ғана жақындата алады. Оның көрігін қыздыру – саясаттанушылардың еншісінде. Қоғамдық пікірдің беталысы соған қарап айқындалады, – дейді Эдуард Полетаев. Саясаттанушылар отандық саясаттанудың өзге ғылым бағыттары секілді аяғына тұсау болып тұрған тұсы – мамандану мәселесі екенін айтқан болатын. Яғни геосаясатта, ұлтаралық, дінаралық қақтығысқа, мемлекеттік қызмет жүйесіне, қорғаныс саласына маманданған саясаттанушылар кем. Осы салада қалам тербегендері диссертациямен, дәріспен шектеледі, көпшілік қауымға шықпайды. Есесіне, есімі бір-екі газет-журналға жарияланған сарапшылар кез келген сауалға қатысты өзінің көзқарасын білдіруге дайын тұрады. Өзінің зерттеу саласы болмаса да, пікір айтуға қымсынбайды. Сәйкесінше, пікірдің, бағаның, болжамның сапасына сын келеді. Дегенмен ол жөнінде қатты алаңдап жатқан саясаттанушылар аз секілді.Төрткүл дүниенің төрт бұрышында белең алып жатқан түйіткілдерге тойтарыс беру жолында ақыл –ой фабрикасының маңызы зор. Себебі әлем елдерінде ушыққан проблеманың елімізді айналып өтеді деп айтуға болмайтындығын уақыттың өзі көрсетіп дәлелдеп отыр. Ал бұл мәселе бізден түрен түспеген тақырып. Бұл әлемнің барлық елінде мұндай орталықтарға арқа сүйеді солардың ұсыныстарына құлақ асады. Бізде осыған үйренуіміз керек.. |
Билік саясаттанушылардың идеясын дұрыс пайдалана алып жүр ме?
07.12.2019
3873
Пікірлер
Басқа материалдар
Adyrna.kz ұлттық порталының маңызды ақпараттарына жазылу
Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз