Жақтастары белсендінің "қамаудан қашқанын" айтқан полициядан айғақ талап етті

1531
Полицейлердің белсенді Дулат Ағаділді (ортада) күштеп ұстап жатқан сәті. Нұр-Сұлтан, 26 қазан 2019 жыл.

Ақмола облысы полиция департаменті әкімшілік сот шешімімен қамауда отырған Дулат Ағаділдің "қашып кеткенін" айтады. Бұл хабарға күмән келтірген құқық қорғаушылар мен жақтастары белсендінің "қашқаны" жайлы видеоны көрсетуді талап етті.

"ВИДЕОНЫ КӨРСЕТУДІ ТАЛАП ЕТЕМІЗ!"

Қарашаның 14-і күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан ішкі істер министрлігі алдына жиналған бір топ азамат жергілікті белсенді Дулат Ағаділ туралы толымды ақпарат беруді талап етті. Наразылармен сөйлескен Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің өкілі, полиция полковнигі Кәрім Жарылқасыновтың айтуынша, Ақмола облысы Целиноград ауданы орталығы Ақмол кентіндегі уақытша қамау изоляторында әкімшілік қамауда отырған жалғыз адам – белсенді Дулат Ағаділ ғана отырған.

- Бақылау камерасына оның киімін киіп, жарықты өшіріп камерадан шыққаны, дәлізде ары-бері серуендеп жүргені жазылған. Аяғы ауыратынын айтқан соң оған дәлізде серуендеуге рұқсат берген. Кеше ол кезекшінің телефонға жауап беріп жатқан сәтін пайдаланып, бірінші қабаттағы терезенің сыртқы торы ашық қалғанын көрген соң, сол арқылы сыртқа шығып кеткен, іздері бар, - деді Жарылқасынов.

"Күйеуім бүгін шығуы тиіс болатын, қашып кеткен дегенге сенбеймін, бақылау камерасының жазбасын көрсетуіңізді сұраймын" деген Дулат Ағаділдің жұбайына әкімшілік полиция комитеті өкілі Жарылқасынов:

- Бүгін емес, Дулат Ағаділ қарашаның 19-ы күні шығуы тиіс болатын. Себебі, алдыңғы мерзіміне "сотты құрметтемегені үшін" тағы бес тәулік жаза мерзімі қосылған, ол туралы сот қаулысы бар, - деп жауап берді.

Бақылау камерасындағы жазбаны көрсетуді талап еткен белсендінің туыстары мен жақтастарына ол Целиноград аудандық полиция бөлімінен мән-жайды анықтауға болатынын айтты.

Белсенді Бибігүл Тұяқованың әлеуметтік желідегі трансляциясы:

"ҚАЙДА ЕКЕНІ БЕЛГІСІЗ"

Полиция қызметкерлерінің әкімшілік сот шешімімен қамауда отырған Дулат Ағаділдің "қашып кеткенін" хабарлап, оны іздеуге кіріскені туралы қарашаның 13-і күні әлеуметтік желіде нұр-Сұлтандық белсенді Нұржан Сейітжанов хабарлаған. Ол сәрсенбі күні үйіне "Ағаділді іздеп келген" полицейлердің диванның астына үңіліп, тексеріп жатқан сәтінен түсірілген видеоны жариялаған.

Бейсенбі күні Азаттық тілшісі сөйлескен Дулат Ағаділдің адвокаты Данияр Ақтанов уақытша қамау изоляторына кіруге рұқсаты болмағандықтан қолында белсенді жайлы ешқандай ақпарат жоғын, қазір оның қайда екенін білмейтінін айтты. Оның сөзінше, қамауда болған кезде Ағаділ ешкіммен байланысқа шықпаған.

- Қашып кетті ме, әлде қашпады ма, немесе басқа жаққа алып кетті ме, ол жағы әзірге түсініксіз, - деді ол.

Ақтанов қарашаның 13-і күні кешке Ағаділдің үстінен қозғалған істі жүргізіп жатқан тергеушіге телефон шалып, белсенді туралы ақпарат түссе өзіне хабарлауын сұрағанын айтты.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер билікті Дулат Ағаділге байланысты барлық мән-жайды анықтап, барлық ақпаратты жариялауға шақырды.

42 жастағы Дулат Ағаділ азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтардың сақталуын талап етіп жүрген белсенді ретінде танымал. Ол билікке наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік қамауда болған. Соңғы рет қарашаның 4-і күні Ақмол кентінде "сотқа апармақ болған полицияның заңды талабына бағынбаған" деген айып тағылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалған.

Оған дейін, қазанның 28-і күні Целиноград аудандық соты Дулат Ағаділді "қазанның 17-і күні аудандық полиция бөлімінде билік өкілдерінің талабына мойынсұнбаған" деген айыппен 10 тәулікке қамауға шешім шығарған.

Белсенділер Дулат Ағаділ (сол жақта), Әлия Жакупова мен Назым Серікпекова әкімшілік сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.
Белсенділер Дулат Ағаділ (сол жақта), Әлия Жакупова мен Назым Серікпекова әкімшілік сотта отыр. Нұр-Сұлтан, 25 тамыз 2019 жыл.

Тамыздың 27-і күні Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты белсенді Дулат Ағаділді "шеру өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, он тәулікке қамаған. Адвокаты Данияр Ахтановтың айтуынша, әкімшілік сот белсендінің үстінен бір күнде екі сот өткізген. "Бейбіт митинг, шеру, пикет өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша айып тағылған оны бір судья ақтаса, іле-шала екінші сот болып, басқа судья дәл сол баппен айыпты деп танып, он тәулікке қамады" деген адвокат.

Содан үш күні бұрын, тамыздың 24-і күні Дулат Ағаділ "полицияға бағынбады" деп айыпталып, бес тәулікке қамалған еді. Сот оны тамыздың 24-іне Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдында "заңсыз акция өткізді" деп айыптап, дәлел ретінде белсенділердің тамыздың 23-і АҚШ елшілігі мен Әзірет Сұлтан мешіті алдындағы "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен наразылықтан түсірілген видеоны пайдаланған.

Дулат Ағаділ өзіне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарып, мойындамайтынын мәлімдеген.

Биыл маусымның 9-ы, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен күні Нұр-Сұлтанда полицейлер Азаттық радиосының тікелей эфиріне бара жатқан Дулат Ағаділді ұстап, Есіл аудандық полиция бөліміне апарған. Кейін белсенді полиция бөлімінде билік өкілдері өзіне күш көрсеткені туралы мәлімдеген.

Белсенді Дулат Ағаділдің жарақат алғаны туралы дәрігердің анықтамасы. 18 маусым 2019 жыл.
Белсенді Дулат Ағаділдің жарақат алғаны туралы дәрігердің анықтамасы. 18 маусым 2019 жыл.

- Бір майор мен екі-үш адам ұрып тепкілеп, қолымды шығарып жіберді. Иығым көгеріп, ісіп кеткен соң жедел жәрдем шақырып еді, олар №1 қалалық емхана алып барды. Иығы шыққан деп салып, гипстеп берді, - деген ол Азаттық тілшісіне.

Дулат Ағаділ полицияның үстінен сол күні түнде кезекші прокурорға арызданған. Сонымен бірге ол Бас прокуратураға маусымның 9-ында полиция тәркілеп алып кеткен телефонын қайтаруды сұрап, шағым жазған.

Белсендінің шағымы бойынша қандай шара қабылданғанын Бас прокуратура хабарлаған жоқ.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер