Шығыс Қазақстан өнер музейінде қылқалам шеберлерінің Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Тарих толқынында» атты сурет көрмесі ашылды.
- Бүгінгі көрмеде біз тарихтың тереңіне үңіле отырып, бабаларымыздың мұраттарын қайтадан жаңғыртуға, қазіргі қоғамның бірлесуі мен өзара шоғырлануының өміршең формаларын түзіп шығып, ерте заман мен жаңа заманның сабақтастығын негіздеуге тырыстық. Тарихтың ғылым ретіндегі оғаштау қасиеті – өткен заман туралы білімді бізге жанама түрде ғана беретіндігі. Ақынның, жылнамашы мен суретшінің өз заманынан жүз пайыз бейтарап және әділ болуы мүмкін емес. Көркем шығарма, сурет, ән тарихты ұрпақтың жадында ұзақ сақталатындай, нақты болған оқиғадан бөлектеу етіп, қайтадан жазып шығатын сияқты, - дейді өнер музейінің сектор меңгерушісі Гүлнара Капсанова. «Тарих толқынында» атты көрме көне және қазіргі заман оқиғаларын суретшілердің нақ осылайша талдауы, түсінуі арқылы көрермендерге ұсынып отыр. Суретшілер – тарихшы емес. Олар көрерменге өз туындыларын уақытты ерекше, көркем, қылқалам шеберінің субъективті, әсерлі қабылдауы түрінде ұсынған. Мәселен, суретшілер Құдаш Нұрсадықов, Гүлнар Бекбердинова, Ержан Тұрғанбаев Қазақ хандығының мұрасын тек ерлік, эпикалық нұсқада емес, күнделікті өмірдегідей, суретшілер «тұрмыстық» деп атайтын жанрда көре білген. Қайсан Қадырбеков Абылайханның образын шартты көркемдік кеңістікте сомдаған. Мұндағы суреттің қос қапталындағы собор мен қытай қорғанының архитектуралық нышандары Қазақстанның Ресей мен Қытай арасындағы кеңістігін білдіреді.
Айтмұхамбет ҚАСЫМОВ,
өнер музейінің қызметкері