Шырмауық. Қазақстандағы діни идеологиялардың халықаралық байланысы

4589
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда сәләфилік идеологиялық ағымдардың сопылардан басымдығының кейбір ерекшелігіне тоқтала кетейік. Араб тіліндегі «сәләф» сөзі «алдыңғы өткендер, бұрынғылар» деген мағына береді. Сәләфизм – алғашқы мұсылман қауымының заманын «алтын дәуір» санап, соған негізделген қоғамдық қатынастар құруды көздейтін ХІІ ғасырдың басында пайда болған идеологиялық ағым, сәләфиттер осы жолды «таза дін» деп санайды. Сәләфизм идеологиясы өзге діни мазхабтарды, сопылық тариқаттарды мойындамайды. Қазір сәләфизм Сауд Арабиясының ресми діні әрі саяси-идеологиялық доктринасы саналады. 

Сауд Арабиясы корольдігі атауымен құрылған мемлекеттің ислам дінінің тарихи бастауына себепші болған Мәдина, Мекке сияқты қалаларды қамтуы сәләфизм идеологиясына артықшылық беріп тұр. Мұсылманның бес  парызының бірі – қажылықтың Сауд Арабиясы белгілеген тәртіппен өткізілуі осы санатқа жатады. Сондықтан Қазақстандағы сәләфилік ағым идеологиясының таралуының бір бағыты қажылық арқылы жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. Мұны Қазақстан мен Сауд Арабиясының өзара мәдени байланысы деп те қарастыруға болады. Бұдан басқа екі елдің инвестиция, сауда саласында және басқа да экономикалық байланысы бар.

Халықаралық деңгейдегі жылышырайлы қарым-қатынас ресми Нұр-Сұлтанның сәләфилік идеологияға қарсы нақты әрі қатаң позиция ұстануына қолбайлау болып тұрған сияқты. Мысалы, Қазақстан соттары «Хизбут-Тахрир», «Таблиғи жамағат» сияқты кейбір ұйымдардың қызметіне тыйым салды. Бірақ бұл ұйымдардың ел аумағында адамзатқа қарсы қылмыс жасағаны жөнінде нақты факті жоқ. Есесіне Ақтөбеде қарулы «жиһад» жасаған топтың немесе Сирияға «халифат» құру үшін соғысқа аттанған жүздеген қазақстандықтың сәләфизмнің радикал идеологиясымен уланғанын жұрттың бәрі біледі. Қазақстан билігі тек Атырауда жарылыс ұйымдастырған «Халифат сарбаздары» сияқты сәләфизм идеологиясын негізге алып құрылған жекелеген ұйымдарға ғана үкім шығарды. Осындай оқиғаларды сараптай келе, ресми Нұр-Сұлтанның сәләфизм идеологиясына қарсы нақты қадамдарға  бара алмауының себебін Сауд Арабиясымен арадағы қарым-қатынасты бұзғысы келмеуімен ғана түсіндіруге болады.

 Әрине,  сырттай қарағанда,  діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресте Сауд Арабиясы мен Қазақстан  өзара әріптестік танытып отыр- ғандай көрінеді. Оның мысалы ретінде Сауд Арабиясы  сол елде жасырынып жүрген Абдухалил Абдужаббаров («шейх Халил»), Ділмұрат Махаматов (Абу Мухаммад), Назратулла Абдулкадиров (Абу Марьям) сияқты деструктивті уағызшыларды Қазақстанның өтінішімен қамауға алып, кейбірін экстрадиция жасап үлгерді. Бұл ақылға сыйымсыз болып көрінуі мүмкін. Айталық,  Абдухалил Абдужаббаров сәләфизмнің суруриттер тармағының уағызшысы болды. Ал суруриттер Сауд Арабиясының АҚШ-пен әскери әріптестігіне қарсы құрылған діни-саяси ағым екені, олар кез келген «кәпір» елмен байланыс жасауды күнә санайтыны белгілі. Сондықтан суруриттер 1991 жылдан (Парсы шығанағындағы дағдарысқа орай АҚШ сол жылы Сауд Арабиясымен әскери көмек беру жөнінде келісім жасады) бері Саудия Корольдігінің оппоненттері саналады. Осы тұрғыдан алғанда, Сауд Арабиясының  Қазақстанда мұсылмандардың радикалдануына себепші болған уағызшы Абдухалил Абдужаббаровты ұстап беруі заңды құбылыс. Ал Сауд Арабиясы мен АҚШ-тың әскери әріптестігін «мұсылман әлемінің қауіпсіздігінің кепілі» тұрғысынан тәпсірлеп, Саудия короліне қиын кезеңде қолдау білдірген діни идеологтардың көзқарасын қолдағандар «матхалиттер» деп аталады. Жоғарыда аты аталған Ділмұрат Махаматов пен Назратулла Абдулкадиров сәләфизмнің осы бағытының өкілдері болатын. Олай болса, «Сауд Арабиясы билігі сол елді паналап жүрген  қазақстандық мадхалиттерді шетінен неге ұстап беріп жатыр?» деген түсінбестік туындауы мүмкін. 

Таяу Шығыс пен Араб түбегіндегі, Парсы шығанағы маңындағы саяси процеске көз жүгіртсек, соңғы жылдары экономикасы мұнай-газ өндірісіне тәуелді елдердің Еуропа мен АҚШ-қа қатысты саясатында елеулі өзгеріс байқалады. Әсіресе, династиялық қауымдасу тәсілімен  басқарылатын Сауд Арабиясы билігінің ішінде қайшылық бар. Корольдікте жоғарғы лауазымды қызмет атқаратын ханзадалардың бірсыпырасы батыс елдерімен, әсіресе АҚШ-пен қарым-қатынасқа сыни тұрғыда қарайтын сияқты. Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығында былтырғы жылдың қазан айында америкалық Washington Post басылымының ұлты араб журналисі Жамал Хашоггидің айуандықпен өлтірілуі бекер емес. Журналистің өліміне қатысты тергеу Сауд Арабиясы билігіндегі жоғары лауазымды адамдардың осы қылмысқа тікелей қатыстылығын көрсетті. Ал кейбір сарапшылар Сауд Арабиясы мен аймақтағы басқа да мемлекеттерде матхалиттер жеңіліс тауып, сәләфизмнің суруриттік діни-саяси идеологиясы кеңінен қанат жайып, мемлекеттердің халықаралық саясаттағы ұстанымына  қатты әсер ете бастағанын айтады.

Сауд Арабиясын паналап барған сәләфизмнің қазақстандық матхалит уағызшыларының шетінен қамауға алынып жатуының басқа да себебі бар. Идеологиясының түпкі тірегі сәләфилік болғанымен, қазақстандық матхалиттер мен суруриттердің арасындағы қайшылық бұрыннан ушыққан. Саяси ұстанымы матхалиттердікі сияқты «байсалды» болмаса да, Қазақстанда суруриттердің ықпалды екені байқалады. Олардың қадағалауындағы «Асыл арна» діни-танымдық телеарнасы емін-еркін хабар таратып жатыр, қажылық, кіші қажылық сияқты діни рәсімді өтеуге алып баратын туристік компанияларға да ықпалы бар, діни-танымдық әдебиет шығаратын қорлар құрып алған, ұлттық салт-дәстүр мен руханият тақырыбын желеулетіп әртүрлі семинарларда жасырын уағызын емін-еркін жүргізеді және т.б. Ал матхалиттердің  Ділмұрат Махаматов, Назратулла Абдулкадиров, Тоиржан Ибрагимов, Октам Зауырбеков сияқты көсемдері әлеуметтік желідегі немесе жасырын құжыраларда шектеулі мүмкіндікті пайдаланып қана жалғызілікті уағыз жүргізіп келді. Мұндай кезде аты да, заты да сәләфи болғанымен, «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайтыны» белгілі. Сондықтан суруриттер өздерінің қазақ қоғамы ішіндегі үстемдігі мен ықпалын пайдаланып, билікті матхалиттерге айдап салып отырғанын жоққа шығаруға болмайды.

Сәләфизм идеологтарының ықпалымен намазға жығылып, дінге бет бұрған, кейін «құраншылар» деген ағымның лидері саналған философ Асылбек Мусин 2005 жылдардың басында-ақ Қазақстан сыртқы күштердің екпінді саясатының шырмауында қалғанын, шырмап, матап тастау  діни-саяси идеологиялар арқылы жүргізіліп жатқанын айтқан болатын. Ол көзге ұрып тұрған негізгі төрт бағытты анықтап берді: Сауд Арабиясы, Иран, Түркия және Қытай.

Оның ойынша, алғашқы үш елдің саяси мақсатты көздейтін діни идеологиясы қазақ топырағына тамыр тартып, әбден күшейіп алған, тіпті ҚМДБ солардың корпоративтік одағына айналды. Қазақ жеріндегі Шыңғысханды дәріптеу арқылы жүріп жатқан тәңіршілдік идеясының қайтадан түлеу процесі  – әлгі үш елден тарап жатқан идеологиялық интервенцияға қарсылық, бұған бірінші кезекте Қытай мүдделі. Кезінде Шыңғысханды талмай насихаттап жүрген философ Нұрлан Әміреқұлов- пен Асылбек Мусин арнайы кездесіп, тәңіршілдіктің ежелден буддизммен байланысы барын, қазір бұл діни идеологияны Қытай аймақтағы елдерге бағытталған рухани экспансия ретінде пайдаланып жатқанын қолмен қойғандай етіп дәлелдеп айтып берген. Алғашқыда дәлелді бұл пікірді қабыл алған Н. Әміреқұлов Асылбек Мусин қайтыс болған соң тәңіршілдікті насихаттауды қайта күшейтіп, Шыңғысханды қазақ ұлтын құрушы тұлға ретінде дәріптеп жатыр.

Діни идеологиялар қайшылығы Қазақстанды сыртқы күштердің саяси күш сынасу алаңына айналдырып жіберді. Тіпті Сауд Арабиясының ресми діні саналатын сәләфизмнің өз ішінде пайда болған суруриттер мен матхалиттердің текетіресі Қазақстанның саяси аренасында көрініс беруі таңғаларлық жағдай. Егер сәләфизмнің белсенді уағызшыларының атын атап, түсін түстесек, онда олардың бәрі ұлты өзбек Қазақстан азаматтары (діндарлар арасында Дарын Мұбаров өзбектенген қазақ, ал Тоиржан Ибрагимов өзбектенген тәжік деген пікір айтылады) екенін әрі елдің оңтүстігінен (ОҚО – қазіргі Түркістан облысы және Жамбыл облысы)  шыққанын білеміз. Мұндағы парадокс уағызшылардың ұлты өзбек болғанында емес, оңтүстікте туып-өскен бір менталитетті адамдардың сурурит және матхалит болып екіге жарылып, сәләфизм аясында өзара аяусыз идеологиялық күрес жүргізіп жатқанында. Бұл Қазақстандағы діни-саяси идеологияның көпқырлы сипатын ғана емес, әбден ушыққан рухани дағдарысын айшықтайды.

Діни-саяси идеологиясының негізгі платформасы шиизмге барып тірелетін сопылық тариқаттар да Қазақстанды өзара есеп айырысу алаңына айналдырып алды. Түркиялық күрд Саид Нурсидің ілімі бойынша құрылған «нұршылар» тариқатының ықпалы Қазақстанда 90-жылдардың басында-ақ күшейе бастаған. Кейде оларды «гүленшілер» (Фетхулаһ Гүлен есімімен байланысты, ол қазір АҚШ-та эмиграцияда жүр) деп те айтады. «Гүленші-нұршылар» Қазақстанда түрік-қазақ оқу орындарымен қатар, діни ағарту медреселерін де көптеп ашып, үміт күттіретін қазақ мүридтерге арнайы стипендия беріп, Мысырдағы әл-Азһар университетінде оқытып әкелді. Қазір олардың көбі мешіттерде имамдық етеді, кейбірі дінтанушы ретінде мемлекеттік құрылымдарда қызметте, бас мүфтидің орынбасары лауазымына дейін көтерілген «нұршылар»  бар. Мұның бәрі Ататүрік қалыптастырған Түркия Республикасының зайырлылық принциптерін қорғау үшін әркез әскери төңкеріс арқылы діни идеология шырмауына тежеу салып отырған генералдар мен адмиралдардың билікті азаматтық секторға (Өзал – Демирел – Ердоған) берген соң етек алған жағдайдан кейінгі процесс. 

Бертінде саясатын күрт өзгерткен Түркия басшысы Ердоған мен «гүленшілердің» арасы ушықты. Елде «гүленшілерді» жаппай қудалау басталды. Түркия басшысы оқу-ағарту жұмысымен шетелде жүрген Фетхулаһ Гүленнің жақтастарын ұстап беріп, «гүленшілердің» қатысы бар оқу орындарын жабу жөнінде өзге мемлекеттерге ресми өтініш жасаған. Орталық Азияның кейбір мемлекеттері Ердоғанның бұл өтінішін құптады. Ал Қазақстан қазақ-түрік университеттері мен лицейлерінің әлдеқашан  республиканың білім беру жүйесінің құрамдас бөлігіне айналғанын, олардың «гүленшілермен» байланысы жоғын мәлімдеп, Ердоғанның қаһарынан арашалып қалды. Оқиғалар тізбегінен көріп отырғанымыздай, Түркияның ішкі саясатына қатысты мәселе қазақ қоғамына да әсер беріп, біршама уақыт дүрбелең туғызып барып басылды. Бұл жағдай Қазақстанға сырттан келіп жатқан діни идеологияларға сақтықпен қарауға, олардың шырмауына оратылып қалмауға үйретуі тиіс.

 Былайғы жұртқа «зікіршілер» деген атпен белгілі болған Исматулла тариқатының (Қазақстандағы діни ахуалды реттеу мақсатында құрылған жобаның) да ұлттық деп айтуға келмейтін жағы бар. Исламдағы сопылықтың шиизммен байланысы жөнінде тариқаттар идеологиясының қатпарын аршыған кезде-ақ белгілі болған. Ал шиизм о баста Араб түбегінде қалыптасып, кейін қанатын кеңге жайған мұсылман халифатын (теократия- лық мемлекетті) басқаруға қатысты саяси идеологиялық көзқарас қайшылығынан туындаған ағым.  Шииттік көзқарастағылар «Пайғамбардың қасиетін қаны арқылы бойына сіңірген ұрпақтары ғана халифатты басқару құқығына ие» деген ұстанымда болды. Осы саяси көзқарас қайшылығы қарулы қақтығысқа ұласып, шииттер халифат билеушісінің мұрагері санап жүрген Хусейнді (Пайғамбардың жиені, Әлидің ұлы) сунниттер әскері Кербала шөліндегі соғыста өлтірді. Осы кезеңде фатимиттер (Пайғамбардың қызы, Хасан мен Хусейннің анасы Фатима есімімен құрылған оппозициялық қозғалыс) деп аталатын қозғалыстың пайда болуы халифаттағы саяси дағдарыстың әбден күшейгенін білдірсе керек.

Жалпы, саяси билікке таласқан кезде үстем шыққан топтың өзінің қарсыласын барынша тұқыр-туы бұрыннан бар әдіс. Кейде бұл әдіс аяусыз репрессияға ұласады. Идеяға берік, бірақ қысымға шыдай алмағандар жігері мен амалы таусылғанда қулығы  пен сұмдығы араласып жататын жасырын күрес тәсіліне көшетіні белгілі. Мұның кейбір мысалына жұма намаз оқып жатқан кезде шииттердің немесе сунниттердің мешітінде бомба жарып, талай адамды опатқа ұшыратқан жанкештілердің террорлық әрекетін қосуға болады. 

Діни идеологиялық көзқарас қайшылығына қатысты күрестің бейбіт тәсілі – қарсыластың кейпіне кіріп алып, қатерден сақтану. Бұл әдіс-айла «тақыйа» деп аталады. Талай ғасыр бойы қатты қысымға ұшыраған шииттер амалы таусылғанда  осындай тәсілге жүгінді. Бұл әдіс былайша тәпсірленетін: егер жаудың ортасында қалып кетсең, өзіңнің шынайы діни нанымыңды жасырып қалуға, тіпті өміріңе қатер төніп жатса, жау идеологияның уағызшысының кейпін танытуға болады. Орта ғасырларда Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы маңындағы шиизм идеологиясына берілген кейбір тайпалар «тақыйа» әдісіне салып, өздерін сунниттерше көрсете  білді.

Зерттеушілердің пікірінше, бертін келе «тақыйа» қатерден қорғанудың әдіс шеңберінен шығып, шииттердің сунниттерге қарсы идеологиялық жасырын күресінің тактикасына айналды. Сопылық тариқат пірлерінің түгелге жуығы өздерін сунниттер қауымдастығына жатқызатыны, мазхабтарды мойындайтыны саяси күрес конъюнктурасынан басқа ештеңе емес деген пікір де бар...

Жалғасы бар...

Автордың пікірі редакция көзқарасын білдірмейді.

Тұрарбек Құсайынов,

"Демос" ҚБ төрағасы

Пікірлер