Текемет

11439
Adyrna.kz Telegram

ДАЙЫНДЫҚ 

Киіз басудың өзі бір ғажап дүние. Жалғыз жарым адам ешқашан киіз баса алмайтыны белгілі. Киіз басу – көрші-қолаң мен жастар­дың қауымдасып атқаратын шаруасы. Бұл шаруаны атқару үшін жастардың білек күші аса қажет. Жас бозбалалар шиге салып ора­ған киізді ары-бері теуіп, иін қандырғанда біраз күш жұмсайтыны белгілі. Киіз басуға кіріспес бұрын, әуелі дайындық жұмыстарын жақсылап жүргізіп алу керек.

Әдетте ата-бабаларымыз киізді қойдың күзем жүнінен басқан. Бұл үшін күземнің уақыты келгенде қойды суға тоғытып, жүнді тазартып алған соң қырқымды бастағаны белгілі. Бұдан соң жүнді іріктеп, тулақтың үстіне үйіп алып әбден қопсытып сабайды. Осылайша жүнді шайыр мен шаң-тозаңнан ажыратқан. Жүн сабаудың өзіндік айла-тәсілі бар. Бас-көз жоқ сабасаң жүннің бәрін шашып, рәсуа болуы мүмкін. Қазақтар жүннен күнделікті тұр­мысына қажетті түрлі бұйым­дар жасағанын айта кетуіміз керек. Көп жағдайда түйе мен қойдың жүнін және ешкі түбіті көп пай­да­ланған. Тіпті, аталарымыздың жылқының жал-құйрығы мен түйенің шудасынан құ­лаш-құлаш арқан есіп, қажетіне жаратқаны санамыздан өше қойған жоқ.
Ертеректе жүн сабау бозбалалар мен бойжеткендердің бас қосып, бірлесіп ат­қаратын жұмысы болған. Сондықтан жүн сабауды қазақы ғұрыпта ойын-сауық пен той-думанның ортасы деп те атайтыны белгілі. Сабаумен жүнді қопсыта сабағанда, шаң-тозаңнан арылып, ұйысқан жері жазылып, желкілдеп шыға келеді. Жүн сабалып болған соң «тулақ шашу» деген ырым бойынша жас­­тар жиналып ет жеп, сауық кешін өткізген. Жүн сабауда сабау мен тулақтың маңызы зор екенін айта кетуіміз керек. Баяғыда ер азаматтар сабау жасау үшін бұтақсыз тал, қара мойыл мен майысқақ теректен, жыңғылдан сабауға лайық шыбықтарын маусым-шілде айларында қиып алып, қабығын аршып, кептіріп қоятын болған. Сабаудың ұзындығы 1, 2 метрден аспауы тиіс. Жүн сабаудың алдында тулаққа шамалы сүт бүркіп, жібітіп алған жөн. Әйтпесе, кеуіп тұрған тулақ са­бауға шыдамай сынып кетуі мүмкін. Киізді осы сабалған дайын жүннен басады.

ШИГЕ САЛЫП ПІСІРУ
Енді киіз басу үшін ұзындығы 5-6 құлаш болатын ши қажет. Қазақ сахарасында ши өспейтін жер кемде-кем. Ши тоқу өнері де біздің халқымызға ежелден таныс. Шиді жүнмен орап, оны өрнектеп тоқып, керегенің сыртына тұтуға, үй ішіндегі аяқ-табақ, киіз үйдің есігіне ұстауға, құрт жайып кептіруге, киіз басу жұмыстарына, киізді ылғалдан сақтау үшін жерге төсеуге, тары сүзу үшін шыпта жасауға пайдаланған. Міне, осындай шиге сабалған жүнді себелеп төсейді. Оны жүнді шиге салу деп атайды. Шабақталған шиге салынған жүннің біркелкі екенін байқау үшін алақанмен басып көрген абзал. Жұқа жеріне жүн қосады, қалың жері болса жұ­қартады. Содан барып алдын ала қазанда қай­­нап тұрған ыстық суды жүннің үстіне себелейді. Су себелеген кезде білегінің күші бар, қайратты екі әйел жүн салынған шиді домалатып орап отыруы тиіс. Жүн тегіс салын­ған ши түгел оралған соң, оны сыртынан үш жерден жіппен шандып байлап, шидің екі басына сынып қалмау үшін дорба кигізеді.

Бұ­дан кейін үй иесі шидің үстіне ақ тамызып, киіз басуға қатысатын адамдардың барлығына ақтан ауыз тигізетін ырым болған. Бұл да ата-баба дәстүріне сыйынуды білдіре­тін ғұ­рып.

Буулы шидің ортасынан екі ар­қанды өткізіп тоқтаусыз бір бие сауым уақыт бойы теуіп, иін қандыру керек. Осылайша шидің ішіндегі жүн киізге айналғанша тоқ­таусыз домалатқан. Бұдан соң домаланған киізді әйелдер үш рет білектеп, одан кейін үш рет алақандайды. Сосын киізді ұзынынан екі бүктеп, екі шетін қосып, шуда жіппен көктей­ді де, бір сағатқа жуық қарпиды. Әдет­­те киізді қарпуға жас жігіттер де қа­тысқаны белгілі.
Дайын киізден туырлық, үзік, түндік, текемет, сырмақ жасауға болады. Басылатын жүннің мөлшерін, жарамдылығын айыра алатын, шабақтау мен тартуға шебер адамды ауыл үйдің адамдары «киізші» деп ерекше қадір тұтқан. Бүгінде киіз фабрикаларда арнаулы станокпен басылуда.

ШЕБЕРДІҢ ҚОЮЫ –
ТЕКЕМЕТТІҢ ОЮЫ
Киізден жасалған бұйымдардың арасында өзінің қанық, ашық түсті оюымен текеметтер бірден көзге түсетінін айта кетуiміз керек. Мұражайлар мен ауыл үйдегі көздің жауын алатын текеметтерден қазақ халқының киіз бен текемет басудан мол іс-тәжірибе жи­нақтағанын байқауға болады. Жалпы алғанда киіз басу барлық жерде бір тәсілмен орындалатыны анық. Киіз дайын болғаннан кейін, оның бетіне түрлі боялған жүндермен қошқар мүйіз оюлардың неше түрі өр­некте­леді. Киіз басу тәсілі бір болғанымен текемет бетіне ою салу әр жерде әртүрлі бол­ған. Текеметке ою қойғанда сары түс пен қоңырқай түстің үндестік табуына ерекше мән беріледі. Жиекке түскен иірлер ортадағы негізгі ою-өрнекпен астасып, үйлесім табуы тиіс. Ою салынғаннан кейін киізді қайтадан шиге орап, киіз бен оның бетіне салынған ою-өрнектер бір-біріне қабысқанша, тағы да пісіріп аламыз. Осылайша киізіміздi ою-өр­некті текеметке айналдыруға болады. Текемет дайын болғаннан кейін оны күн көзіне жайып, жақсылап кептіріп алған жөн. Осылайша текеметті бір күн ішінде басып шыға­руға болады. Текемет басу барысында ауыл әйелдерінің басы қосылып, әңгіме-дүкен құрады, сөз алмасып, қазан көтереді, көңіл шалқып, соңы той-думанға айналады. Көне заманнан келе жатқан әр ұлттың өз ғұрпына мән-мағына беріп, өмірдің әр күніне сән бере білген заңдылығы осы жерде айқын көрініс береді.

СЫРМАҚ СЫРУ
Киізден текеметтен басқа сырмақ жасауға болатынын жоғарыда айттық. Қазақы тір­шілікте сырмақтар – сәндік құрылымы бір­қалыпты реттілікпен салынған, оюла­рының жіктері анық жиектелуімен ерек­шеленеді. Сырмақ жасауда ақ пен қара киізді ойып, қиюластырып жасаумен қатар бір­тұтас киіз бетіне помбарқыт, барқыт, мақпал, мауыты, сәтен сияқты маталардан немесе иірілген әр түсті жіптерден де өрнек салып, сыру сияқты тәсілдерді кеңінен пайдаланған. Сырмаққа ою салу жергілікті жердің ерекшелік­теріне байланысты үш түрге бөлінеді – сыр­мақ бетіне орталық бөлікті қоршай жиек оюын түсіру және жалпы біртұтас ірі ою құ­ры­лымын орналастыру немесе екі-үш дең­гейге бөлінген ою жолдарын түсіру. Сырмақ оюларының негізін көне заманнан байлықты, барлықты білдіретін мүйіз текті оюлардың барлық түрлері кеңінен қолданған. Оюлар­ды орналастыру реті әрқашан бұрыннан келе жатқан ой-санадағы наным-сенімге байла­нысты. Орталық бөлікті жиек оюларымен қор­шауда – отбасын, өзі өмір сүрген ортаны сыртқы жаман күштерден, күйреуден сақтау, оны қоршау мағыналары сақталған.
Сырмақ сырудың, яғни сырып тігудің негізгі үш тәсілі кеңінен тараған. Олар – қайып сыру, тепшіп сыру, қабып сыру. Бұ­лар­ды негізінен жіп салып сыру және жіп салмай сыру деп екі түрге топтастырады. Қа­зіргідей тігін машиналары жоқ кезде қазақ әйелдері барлық киім-кешек, көрпе-жастық, тұскиіз, дастарқан сынды тұрмыстық бұйым­дарды қолмен тіккен.
Осылайша ата-бабаларымыз киіздің сәндік қасиетін ұтымды пайдаланып, күнде­лікті өмірде тұрмысқа қажетті, көшіп-қонуға ыңғайлы аяққаптар, кесеқаптар, төсекқаптар сияқты бұйымдар да жасағанын айта кетуіміз керек.


Нәзипа ОМАРХАНҚЫЗЫ,
қолөнер шебері. «Дала мен қала».

Пікірлер