Киізден киім тігетін адам

5156
Adyrna.kz Telegram

Қазіргідей суық күндерде еденге төселген киіздің пайдасы зор. Алайда соңғы жылдары кейбіреулер шаң-тозаңы көп деген секілді түрлі сылтаулармен оған пыс­қырып та қарамайтын болған. Дегенмен ел ішінде әлі күнге дейін киіз басу өнерін ұмытпай келе жатқандар кездеседі. Тіпті осы киіздің өзінен қазақтың неше түрлі ұлттық киім үлгілерін жасайтын таланттар да бар екен. Төлеби ауданының Момынай ауылында туып-өскен, бүгінде Шымкенттің академиялық-инновациялық университетінде аға оқытушы қызметін атқарып жүрген Балқия Досанова (суретте) сондай жан. Ол соңғы 13 жылдан бері осы бір өнердің ерекше түрін насихаттаумен келеді.

«Кішкентайымнан киіз басуды көріп өстім, – дейді ол. – Әсіресе Түймекүл әжемнен үйренгенім өте көп. Ол кісінің киіз басатын, пима жасайтын өнері болатын. Әжем тон тігетін, не керек, киізден кез-келген бұйым түрін жасай беруші еді. 1998 жылы қазіргі өзім жұмыс істеп жүрген оқу орнын қызыл дипломмен бітіргенімде университет басшылығы мені осында оқытушылыққа қалдырды. Сол кездің өзінде бала күнімнен киіз басудың қыр-сырын меңгерген өнерімді жаңа технология негізінде дамытсам деген ой маза бермейтін. Себебі осының алдында алматылық Сәуле Бапанованың киізден жасаған бұйымдарын көріп қатты қызыққанмын.  Бірде оның орайы келе кетті. Дәл сол жылы Шымкентке Айдай Чучунбаева деген қырғыз қызы келді. Оны шым­кенттік қолөнер шеберлері семинар өткізуге арнайы шақыртыпты. Айдай қаламызда болған бірнеше күн ішінде одан жаңа технологияға қатысты біраз нәр­селерді үйреніп үлгердім.

Осыдан кейін өз бетімше киізден бұйымдар жасауға көштім. Менің алғаш­қы еңбегім «Ботакөз» балалар киімдерінің жиынтығы мен «Ғасырлар тереңінен» деп аталатын ұлттық ретро стильдегі киімдер болатын. Осы жұмыстарды орындау үшін базардан меринос қойдың жүнін сатып алдым. Оны жуып, қылшығынан тазартып, бояудың өзіне біршама уақыт кетті. Шамамен жарты жылдың ішінде жоғарыдағы екі еңбегімді аяқтап шықтым».

Бүгінде Балқияның қолынан шыққан ұлттық киім үлгілері қай жерде де үлкен сұранысқа ие. Себебі киізден жасалған бұйым өзінің жоғары сапасымен ерекшеленеді және суықтан жақсы қорғайды. Бағасы да қымбат емес. Мысалы, қыздарға арналған ұлттық киімдердің бағалары 35 – 70 мың теңгенің аралығында болса, бешпент 5 – 10 мың, қол сөмке – 3 – 5 мың, жамылғы – 4 мың, бас киім – 2 мың, моншақ, алқалар 2500 теңге тұрады. Түрлі түсті гүлдер 1500 – 2000 теңгенің шамасында. Сондықтан Балқия жасаған бұйымдардың кейде қолдан-қолға тимей кететіні бар.

«Киіз басудың  өзіндік құпиялары аз емес. Оның бірнеше тәсілдері бар. Дегенмен қазір заман басқа, сондықтан мейлінше қол күшін азайту керек. Сол үшін киіз басқанда сабын көпіршігін жиі қолданамын. Оны киізге себу арқылы аз күш жұмсауға болады. Сосын киізді шлифті машинамен тегістеп, артынан кәдімгі нан жаятын оқтаумен илейді. Сонда киіздің қалыңдығы біркелкі шығады», – дейді ол.

Балқияның көптеген шәкірттері бүгінде осы өнерді үйренуде. Киіз басу өнері университеттің оқу бағдарламасына енгізілген. Ал Балқияның өзі енді киіз басуды инновациялық жаңа технология бойынша іске асырсам деген ойда. Ол осы мақсатта ғылыми-зерттеу шеберханасын ашпақ ниетте. Сондай-ақ оның киіз басудың осы заманғы әдістері жөнінде оқулық жазу, ұлтық нақыштағы күнтізбе және киізден жасалатын түрлі бұйымдардың каталогын жарыққа шығару жоспары бар.


Б. ҚҰРАЛБАЙ

 

Пікірлер