Оңтүстіктің тумасы болғаннан кейін кілем тоқу, киіз басу бізге таңсық іс емес. Ерлер жағы қойдың жүнін қырқып бергеннен кейін оны жуып-тазалау, түту, сабау, егер кілемге арналған жүн болса оны иіру, бояу, киіз басу, кілем немесе алаша тоқу әйелдердің шаруасы. Оған сол үйдің қыз-келіншектері, апалары, тіпті әжелеріне дейін атсалысады. «Сенікі, менікі» деген жоқ, бір кісідей сол жүнді ұқсатып, әп-әдемі бұйым етіп шығарады.
Қазақ болған соң қой өсірмей отыра алмайды. Арнайы құда күту, сыйлы меймандарды риза етіп қой сойып, бас тартып шығарып салу былай тұрсын, амандық-саулық сұрап ат басын бұрған ағайын мен көптен көрмеген туыс-жекжатты да үйден мал сойып, сый-құрмет көрсетпей қазақ үйінен аттандырмайды. Бұл бүгінгі күнге де тән, бұрыннан қалыптасқан жазылмаған қазақы қағида. Қанша нарықтың қыспағына түссе де қазақ қой басын кеміткен жоқ. Академик Рахымжан Елешовтың айтуынша, тап осы күнде де жайлауымызда 17,5 миллион қой мен ешкі жайылып жүр. «Есі кеткен ешкі бағады» дегенді айтқан қазақ бір жерде байыз тауып тұра алмайтын ешкіні өсіруге аса құлықсыз. Есесіне мінез-құлқы өзіне сай келетін қой басын көбейтуге келгенде ешкімнен ақыл сұрамайды. Сол себепті жоғарыда келтірілген санның басым бөлігі қойға қатысты екендігіне ешкім дауласа алмайды. Бізді қынжылтатыны — соншама қой өсіріп отырып оның жүні мен терісін ұқсата алмауымыз. Әйтпесе нағыз табиғи өнім болып саналатын жүн мен теріден жасалған бұйымдардың бағасы аспандап тұрғанын күнделікті білмей отырған жоқпыз. Осы күні қолы жеткен киетін, нарығымызды жаулап алған түрік тондары теріден жасалған емес пе? Ал біз жүн мен теріні ұқсата алмай, төбе-төбе етіп үйіп өртеп жіберетініміз өкінішті-ақ. Ең құрығанда жүн мен теріні қабылдайтын пункттерді көбейтіп, орайы келсе экспортқа шығарсақ та қайда жатыр.
Қазір байқап қарасаңыздар, шаң жинайды, қағып-сілкуге, тазалауға қиын деген сылтаумен көп үй киіз бен қолдан тоқылған кілемді пайдаланбайтын болған. Оның орнына синтетикасы көп зауыт-фабриканың заманауи бұйымдары көбейген. Әрине, бір қарағанда түрлі-түсті бояуымен көз тартатын бұл бұйымдардың денсаулыққа қаншалықты пайда-зияны бар екенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Біздің қазақ өзгелер сияқты үстелде шоқиып отырғанға үйренбеген, көбі (әсіресе ауылдық жердегілер) жерге, төсеніштің үстіне бір-екі қабат көрпеше төсеп отырады. Тіпті жантайып жатып, самаурын-самаурын шай ішетіні тағы бар. Мұндайда табиғи жүннен жасалған киіз бен кілем әрбір қазақтың үйінде болса артықтық етпейтінін ішіміз сезеді.
Осыдан 15-16 жыл бұрын ауыл-ауылды аралап кілем жинайтындар қаптап кеткен. Нағыз нарықтың қыспағына түсіп, не істерін білмей отырған ауылдағы ағайын арзымаған ақшаға қолындағы қымбат қазынасы — кілемін ұстатып жіберді. Оның біразы ел мұражайларында сақтаулы. Бірақ басым бөлігі шетел асқаны да мәлім. Мұражайларда сақталған түкті кілемдерге қарап біздің елімізде, әсіресе ХІХ-ХХ ғасырларла кілем тоқу өнері қатты дамығандығы аңғарылады. Әйтсе де, археологиялық қазба жұмыстарына қарағанда кілем тоқу өнерінің тарихы тереңде жатқаны анық. Алтай жеріндегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған тоқыма бұйымдары бұған дәлел. Қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан да қазақ түкті кілемінің өзі бірнеше түрге бөлінгенін айтады. Әсіресе орта ғасырлардан бері ақсүйектердің еншісі болып келген орда кілем, қалы кілем, масаты кілем, жібек кілемдер көздің жауын алатындай бір-бірінен өткен әдемі. Осы күні мұражайларда сақтаулы түкті кілемдердің көбі Оңтүстік Қазақстан шеберлеріне тиесілі. Бұл өңірде өткен ғасырдың 60-жылдары киіз басу мен кілем тоқу өнері жаппай белең алған. Жаздай жуып, тазалап, түтіп дайындаған жүнді апаларымыз қыстай иіріп шығатын. Күні бойы үй тірлігінен бір босамайтын апа-әжелеріміздің кеш болса ұршығын алып пештің түбіне жайғасатыны әлі есімде. Содан жаз шыға әлгі дайын болған жіптерді бояп, ауылдағылар кезек-кезек кілем құратын. Алғашқы күні ауылдағы білгір үш-төрт әйел ерлер жасап берген бойы 5-6 метр, ені 2,5 метр шамасындағы қалыпқа кілем құратын. Сосын оны үш-төрт қыз 20-30 күн бойы бел жазбай тоқитын. Міне, осы мысалдан-ақ бір кілемнің өзіне қаншама маңдай тер төгілетінін байқауға болады. Кілем құрылған үйде қой сойылады, арты кәдімгідей тойға ұласып жататын. Тағы бір айта кетер жайт — өзге ағайын-туыс бойжеткен қыздарын кілем құрған үйге міндетті түрде екі-үш күнге асарға жіберетін және кілемші қыздарға көрші-қолаң, ағайын-жекжат ара-арасында арнайы ас әзірлеп алып келетін. Егер мұндай жайттар сәл саябырсып қалса кілемші қыздар үйге келген әзілі жарасқан жандардың біріне арнайы кілемге арналған түрлі-түсті жіптерден шашақ жасап, соны ұстатып жібереді. Бұл дегеніңіз келесі «кезек сіздікі» дегенді білдіреді. Шашақ байланған жан көп ұзамай қыздарға тәтті тағамын алып келуге міндетті. Бұл «міндеттен» құтылмаса ол кілемші қыздардың маңайына да жолай алмай қалады. Әсіресе домбыра-гитара тартатын бозбалалардың кеш болса кілем құрған үйді жағалайтыны да қызық. Қазір осы үрдістің бәрі ұмыт қалып бара жатқаны өкінішті.
Қазіргі кілемнің көбі шетелдік. Алматыдағы жалғыз кілем фабрикасы да жұмысын тоқтатқан. Ол кезінде республикадағы сюжетті ою-өрнекті кеңінен пайдаланып кілем тоқыған ірі өндіріс ошағы еді. Қаншама мекемелер мен мұражайларға арнайы кілем тоқыған Алматы кілем фабрикасы өнімінің сапасы аса жоғары болды. Қолы жеткен үйінің төріне осы кілемді төсеуге ұмтылатын. Нарықтың қыспағы бұл фабриканы да айналып өтпеді.
Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Соңғы жылдары қазақы кілемді қайта қолға алып жатқандар баршылық. Олар үзіліп барып қайта жалғасын тапқан кілем тоқу өнерін одан әрі дамытуға аса құлшынысты. Мәселен, АҚШ-тың елшілігі Мәдени мұраны сақтау қорынан 47 мың доллар грант бөліп, еліміздің оңтүстік аймақтарында кілем тоқу дәстүрін жаңғыртуға үлес қосып отыр. Бұл мақсатта арнайы семинар-тренингтер өткізіліп, кілем тоқуға бейімі бар жандар тартылып отыр.
Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы жеке кәсіпкер Нұрғали Рахманқұлов та соңғы жылдары ата-бабамыздан келе жатқан кілем тоқу өнерін әрі қарай дамытсам деп байыз таппай жүрген жандардың бірі. Алматы Ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетін бітірген ол тоқырау жылдары мамандығы бойынша жұмыссыз қалады. Әрі ойланып, бері ойланып келіншегі екеуі кілем тоқу цехын ашуға бел байлайды. Оған бір жағы келіншегі Әзиманың кезінде Алматы кілем фабрикасында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істегені де себеп болды. Қиын да күрделі іске қалай тәуекел еткенін білу мақсатында біз Нұрғали ағаны әңгімеге тарттық. Ол:
- Біз ұлттық нақышпен қазақтың ою-өрнегін және адам бейнесін кілемге қолмен тоқумен және механикалық станокпен шығарумен айналысамыз. Қолмен кілем-портрет тоқитын Қазақстанда тек біз ғана. Бауыржан Момышұлы, Махамбет, Қаныш Сәтбаев, Әлия Молдағұлова, Шәмші Қалдаяқов сияқты тұлғалардың портретін бірнеше мәрте тоқыдық. 2007 жылы Жүрсін Ерманның тапсырысы бойынша Мәди Бапиұлын еске алу тойына Қарқаралыға оның 20 дана портретін тоқып бердік. Әрине, бұл инемен құдық қазғандай күрделі өнер, бірақ біз кілем-портретті сапалы және 100 пайыз ұқсастырып тоқуға көңіл бөлеміз. Осы еңбегіміздің арқасында өнімдеріміз өте жоғары сұранысқа ие деп айта аламыз. Дегенмен соңғы жылдардағы дағдарыс бізді де айналып өткен жоқ. Елде ақша жоқ, тапсырыс берушілер азайып кетті.
Нұрғали ағаның айтуына қарағанда, шикізатты бұрын Алматы кілем фабрикасынан алып келген. Фабрика жұмысын тоқтатқан соңғы жылдары шикізат мәселесі қиын болып тұр. Кейінгі кезде шикізатты көбіне Қырғызстаннан алып отыр. Егер несие алатындай мүмкіндік болса, жіпті дайындайтын, иіретін, бояйтын арнайы станок сатып алар еді. Ауылдық жерде тұратын болған соң несие алу мәселесі қиындау болып тұр. Әйтпесе бұл жұмысты одан әрі дамытуға қазір ықылас та, тәжірибе де бар. Оның үстіне ауылда жұмыссыз отырған қыз-келіншектер көп. Ынтасы бар қыз-келіншектерді Әзима жеңгей аз уақыттың ішінде үйретіп, нағыз шебер етіп шығаруға дайын. Қазір бар болғаны 6-7 адам жұмыс жасап жатыр. Олар да уақытылы жалақы алып жұмыс жасағанына дән риза.
Кілем тоқитын арнайы бөлме, темірден жасалған станоктар бар. Нұрғали ағаның өзі негізінен шикізат дайындау, тапсырыс қабылдаумен айналысады. Бір жақсысы қазір электронды почта арқылы тапсырыс қабылдауға мүмкіндік мол. Атырау, Ақтөбе, Алматы, Астана, Қарағанды, Семей, Тараз қалаларынан тапсырыстар қабылданады. Қазір еліміздің әр қаласында өздерінің агенттері жұмыс жасайды. Жұмыс біртіндеп дамып келеді. Оның үстіне соңғы жылдары қолөнер бұйымдарының қадір-қасиетін түсінетіндер көбеюде.
Кілем — Ұлы Жібек жолы бойымен тасымалданған маңызды тауарлардың бірі болған. Тіпті тарихта ақсүйектер бір ел мен екінші елдің татулығын ойлап кілемді тарту-таралғы ретінде сыйға тарту үрдісі бар. Қалай болғанда да бұл бастауын шығыстан алған қасиетті өнер. Парсы, Түркия, Қап тауы, Түрікменстан, Үндістан, Пәкстан, Қытайда бұл өнер аса дамыған. Кілем өрнегінде әр ұлттың өз тарихы, дәстүрі, ой-қиялы айқын айшықталған. Әр ұлт бұл өнерді өзіне тән етіп көрсеткісі келеді, бірақ біздің дәуірімізге дейінгі заманда да бұл өнердің кеңінен қолданылғаны тарихи зерттеулерден белгілі. Сондықтан тамыры тереңде жатқан осынау қасиетті өнердің бұдан былайғы дамуына ден қойғанымыз жөн.