Серік ЕЛІКБАЙ. Ұстаз, ғалым, жазушы

7080
Adyrna.kz Telegram

Кереку өңірі кілең талантқа толы. Баяннан басталар бағалы есімдер Исамен иіріліп, Омбының шетіне толқындай соғылары анық. Бұхардан басталар бұғы мінез, бөрі жүрек аталар аты Бөгенбай тұсында найзалы кез, қалқанды шақ, ой төбесі, ақыл асқары Қанышқа дейін шоқыта жетеді. Әдебиетке, өнерге өлшеусіз үлес, қазыналы көмбені қазақ қанжығасына салған Мәшһүр-Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек секілді сом алтын, сіргелі сөз, іргелі ақыл иелері еске түседі. Баянауылда туып , қазақ әдебиеті кеңістігінде қанатын жайған, кең сермеу, мол толғаудың үлгісі, ғылымның ғажап еңбеккері, қаламнан саусағы қажалған, дәрістен даусы қарлыққан даналардың досы, шәкірттің қамқоршысы, жақсылықтың жан аяспас жауынгері, адалдықтың ақиқат қарауылшысы- Қуандық Пазылұлы Жүсіп. Асыра айту емес, әсіре әсемдік емес шындық әуезі- осы.
Егер қасаң тіл, құрықты фактіге құлақ салсақ былай шығады. Жүсіп Қуандық Пазылұлы – 02.11.1941 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, қазіргі Мәшһүр-Жүсіп ауылында (бұрын «Жаңа жол» колхозы атанған) туған. 1959 жылы Баян қазақ орта мектебін бітірген. 1959 – 1964 жылдары Алматыдағы Абайатындағы Қазақтың педагогикалық институтының тарих – филология факультетінде оқып, қазақ тілі, әдебиеті және тарихының мұғалімі мамандығын алады. 01.11.1964 – 31. 12. 1967 жылдары Қазақ ССР Ғылым. академиясындағы М.О. Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер институты» аспирантурасында оқыды. 01.01.1968 жылдан бастап Қазақ ССР Жоғары және арнаулы орта білім министрлігі жолдамасымен Семейдің Н.К. Крупская атындағы педагогикалық институтындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы болып қызметке орналасты. 11. 06. 1969 жылы Қазақ ССР ҒА М.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер институты» ғылыми аспирантурасында оқыды. 01.01.1968 жылдан бастап Қазақ ССР жоғары және арнаулы орта білім министрлігі жолдамасымен Семейдің Н.К. Крупская атындағы педагогикалық институтындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы болып қызметке орналасты. 11.06.1969 жылы Қазақ ССР ҒА М. Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер институты» ғылыми кеңесінде «Қазақ прозасындағы тартыс және жаңа адам» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1973 жылдан сол кафедраның доценті және кафедра меңгерушісі болып істеді (1978 жылға дейін). 08.04.1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясындағы М.О.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер институтының» филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д. 53.34.01 мамандырылған кеңесінде «Қазіргі қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 22.11.1996 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер кабинеті жанындағы жоғарғы аттестациялық комисиясы шешімімен Қ.Жүсіпке әдебиеттану профессоры деген ғылыми атақ берілді. 01.09.1995 – 31.07.1997 жылдар аралығында Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында филологиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі және Екібастұз жоғарғы педагогикалық колледжінде қазақ филологиясы кафедрасы меңгерушісі болып қызмет атқарды. 01.08.1997 жылдан бастап С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі қазақ филологиясы кафедрасының және Павлодар университетіндегі мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі болып істейді. 1991 жылы Қазақстан жоғары білім министрлігі «Қазақстанның ағарту үздігі» («Отличник просвещения Казахстана») белгісімен марапаттады. 1979 жылдан – СССР Жазушылар Одағының, 1992 жылдан-Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Жазушы ретінде бірнеше көркем шығармалар жариялады: «Бір әйелдің өмірі»-1975 ж., «Армандастар» - 1979 ж., «Қыздар, жігіттер» - 1981 ж., «Однокурсники» - 1989 ж. «Ұл мен қыз» пьесасы Абай атындағы Семей музыкалық драма театрында 1980-1986 жылдар аралығында қойылды. Жаз айындағы гастроль кезінде аталған пьеса Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар, Қарағанды облысының селоларының бәрінде дерлік қойылып, қойылым саны 300- ден асты. 1991 жылдан күні бүгінге дейін республикалық «Абай» журналының алқа мүшесі, ал 1975-1984 жылдар аралығында Қазақ ССР Ағарту министрлігінің қазақ тілі мен әдебиетіне арналған жинақтарының алқа мүшесі болды. Кейін зерттеле бастаған М.Ж. Көпееевтің алғашқы екі томдық тандамалысының (Ғылым,1990, 1992 ж.) алқа мүшесі болумен бірге жалпы Мәшһүртану ілімін ұйымдастыру жұмысын жүргізіп келді. 1999 жылы 21-22 мамырында Павлодарда «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» атты республикалық ғылыми конференцияның ұйымдастырушысы болды. Бұған дейін 2 докторлық, 3 кандидаттық дсиссертацияға оппонент,2 кандидаттық диссертатцияға ғылыми жетекші болды. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің 3 аспирантына жетекшілік етті. Қ.П.Жүсіп республикада қорғалып жатқан кандидаттық, докторлық диссертациялардың көбіне пікір жазып, республикадағы қазақ филологиясы ғылымы дамуына ат салысып келді. Газет мақалалары – 75, журнал-кітаптардағы ғылыми мақалаларының саны – 65. Сонымен бірге ол-1 монографиялық және 2 ғылым зерттеу кітабының авторы. Бары осы. Бармақтан сорғандай шығар әр сөздің астында бақ қуаныш, сор күйініштер бар екенін дарақты дарын, қазақты көз ғана таниды. Тану қану емес. Жазушы «Біз дәрігер емеспіз – Біз қоғамның ауруымыз» (Александр Герцен) Қ.П.Жүсіптің 1981 жылы жазып көрген «Қыздар, жігіттер» повесі (романға татыр туынды неге бұлай аталғаны Қуандық аға Жүсіптің аптығы аз, байыбы көп мінезінен хабар береді) көтерген жүгі, айтар ойымен қазақ әдебиетінің алтын төрінен орын алар шығарма. «Қыздар, жігіттер» деп аталар туынды автор қойған атаумен де қоңыр үйге тіккен қызыл жалаудай қызықтыра тартады. Моэмнің кітаптың атын қою шығарманың жартысын жазып шығу дегені еске оралады. Әлі ешкім жауабын таппаған Стендальдің «Қызыл мен қарасы», Мопассаның «Томпақшасы» секілді ойландыра отырып, бір қарағанда жеңіл тартар тақырып тереңіне тарта түседі. Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілікті» оқыған замандасы «бұнда соғыс та, бейбітшілік те жоқ, бұнда өмір ғана бар» - деген екен. Аталған повесть тек қыздар мен жігіттерден тұрмайтынын алғашқы парақтан парықтайсыз. Повестің өн бойын көтеріп тұрған басты, негізгі кейіпкер Кәкімтай образы бірден жарқ етіп, жоталанып көрінеді. Кәкімтай көркі жазушының айтуымен, жазушымен суреттелмейді, оның айнаға қараған шағында-ақ танылады. «Кәкімтай қабырғадағы кітап бетіндей ғана айнаға қараған күйі ұзақ таранды. Өз көркін жаңа көргендей қадалып біраз тұрды. Шәріптің жүйкесіне тиетін де Кәкімтайдың осы әдеті ғой. Бір жаққа дереу бару керек болса, «қазір, қазірмен» жарты сағат бөгелтпесе көңілі көншімейтін Кәкімтайға Шәріп қайтіп тызылдамасын? Қанша өрекпіп тырсылдап кеп төне бергеніңде қасқая, лекіте күліп бар ашуыңды жоқ қылатынын қайтерсің? Кәкімтайдың өңінде қалыпқа көнбей ерекше ереуілдеп, жоталанып тұрғаны тек мұрны еді. Әйтпесе қушық, сұйық қасы, маңдайдан шегініңкіреп барып бір жағына жымдаса құлаған қара шашы, - бәрі басқалардан озсам, ерекшеленсем демейтін жұпыны мінез-құлқына сай. Ойлы көзіне қарасаң, көпті көрген жігіт ағасы секілді. Бірақ сақалсыз иегі, уылжыған өңі оны бала жігітке көбірек ұқсататын. Әр сөзін тамсанып айтқандай уәзінді үні, маңғаз жүрісі Кәкімтайды байыпты жігітке жақындатса, күлгенде, сақылдап ала жөнелетіні, ойға алғанын орындағанша желпілдеп, елеңдеп тұратыны оны тіпті ересек бала тәрізді етіп көрсететін.» Егер Шәріппен арадағы диалогта Кәкімтай салқын ақыл, сарбадал ой егесіндей көрінсе Гүлинамен бір қыдырып қайтқан соң қызу қуаныш, ыстық ынтықтық жетегінде басқа сипатпен танылады. «Қиындық па, сүрініс пе, - осы сезіміме бөленіп, албырап тұрғанымда, лермін бе бірін мен! Менің сүйіктім, мөлдіреген қара көзді аяулым, саған қай сөзімді дөптесем екен?! Сені қайтсем, жайнаңдата берер екем? Міне, ақ түн жамылып, берер антым: «Мен үшін сенің әр қимылың, күлкің қазына! Тек насаттанып сыңғырлай берші, менің шырайлым! Мен сілкінсем, қандай тауды құлатар екем, қара да тұр! Қара да тұр!» Сүйгенінен көңілі қалып, баз кешіп отырған Рүстемге айтар Кәкімтай сөзі, адам ұлылығын, пенде патшалығын паш етеді. «Бар мәселе бір күнде шешілмейді, Рүстем. Мен саған бір кепті баяндайын. Менің бір ағайым мотоциклден құлап өлді. Сол күні оның әйелін, қалт–құлт еткен шешесін көрсең, олар бұл қазаны көтере алмас дер едің. Бірақ адамның ұлылығы сонда: ең жақын адамын жоқтап, азалай да біледі, тірі кісі ретінде тіршілігін жасап, сол адамның ұрпағын өсіру үшін өз бойынан тың қайрат таба да алады. Қазір сол әйел үлкен ұлын үйлендірді, немере көріп отыр. Ең ауыр қайғыдан да адам серпіледі екен. Уақыт бәріне емші.» Кәкімтай тек адал дос, сенімді серік ғана емес, шын дәрежесіндегі дәрмені биік, дәрежесі дара мұғалім. Бұл оның мектепте тәжірибеге келген кезіндегі іс-әрекетінен танылады. Тектек мінезімен танылар Сағынға ренжіген жан екінші бір балаларды көргенде, елжірей еріп шын ұстаз, нәзік жанды мұғалім кейпінде көрінеді. «Кәкімтай екінші есікті ашты. Үш қыз бала қатарласып кесте тігіп отыр. - Мұғалім, қараңызшы, ұнай ма кестем? - Мұғалім, менікін көріңіз. - Кәкімтай Серікболович, ертегі айтыңызшы. «Мұндай балалардан кету мүмкін бе?» Кәкімтай қанша аялдағанын аңғарған жоқ. Сондайлық бір пәк сеніммен қарап жаудыраған мөлдір көздер, балғын жүздер, сыңғыр үндер. Сондай бір ойнақы, жылы, сергек үндер!» Кәкімтай өмірде де махабатта да адал. Гүлина Кемелбекке кетіп, қайта келгенде де, Бақытбекке барып көңілі суып келгенде де Кәкімтай бір қалыпта, бір мінезде сүйген жүректің сатылмас, айнымас сипатымен қалады. Кәкімтайдың бар қызығы, ой түбінен тапқан асылы мызғымас, өзгерместігі. Кітаптың өн бойындағы Кәкімтай образы алтын жүлге, сынбас сызық болып өріліп солмас серттің символындай айшықталған. Бүгінгі барымызды басқа бейнеге айырбастап, алтын басты образдарымызды Батыстың алыс шабысты, табысты жанға жат, тәнге туыс емес кейіпкерлері айырбастап жатқанда тамыр басында тұрар Кәкімтай секілді жандар қажет-ақ. Махабатты адал, шарапта шаруасы жоқ, отбасы ұйтқысы болар, қызметтің қажымас торысы Кәкімтай сипаттас адамдар тәуелсіз Қазақстанның керегі, мұқтажы, негізгі ұстыны. Өйткені қазақ ұлты-мемлекет жасаушы миллатқа айналды. Ал бұл өз кезегінде мерейлі міндетке, асқар асуға шақыруда. Автор повесі ішінде қанық бояумен көрінер – Гүлина. Гүлинаны баяндап, суреттеп отырып, жазушы өзгелердің түр-тұрпатын салыстыра көрсетеді. Төменгі жолдарда секеңдер, зыпылдар Қарлығаштан, дауыс көтерер, қақақтар Дариғаштан бөлек Гүлина суреті шебер салынған. «Гүлина жүргенде де, Қарлығаш тәрізді екпіндеп секеңдемей, Дариғаша қақақтап аршындамай, жер ойылмасын дегендей, туфлиінің биік өкшесі мен қиық табатын жерге тиер-тимес еппен тигізіп қана адымдайтын. Сөйлегенде, ол Дариғаға ұқсап дауыс көтермей, Қарлығаш секілді зыпылдамай, сызылып, әр сөзіне мән бере тамылжытады. Ол күлгенде де, аузын дабырайтып ашпайтын. Қанша тасынса да, ернін сәнмен керіп, басқа үнге ауыспай, тек сыңғырлап күлуді қалайтын. Тіпті жазу кезінде де қалам сынып кетердегендей, оны қатты, еппен, жайымен ұстауды әдет еткен. Гүлина кітап, дәптер беттерін де жыртылып кетпесін дегендей еппен аударатын.» Сонша сұлу, әдемі Гүлинаның ішкі әлемінен оның өз монологы сыр тартады. Гүлинаның мінезінен белгі берер үзінді өзі сөйлесін. «Қарлығаш қандай адам болар екен? Әй, қайдам? Тым ұшқалақ, орға түспесе жарар еді, биыл өзіне желік бітіпті. Өзін жас ару санайды ғой деймін. Қайдағы сұлу?! Сәнденген несін алған десейші! Мен бір модный көйлек тіктірсем, ол да соны кигісі кеп есі шығады. Сонымен теңелем дей ме екен? Анада маған айтады: «Сызылып тұрып ойлайтының арамдық», - дейді. Арам боп не істеппін? Жігітінің алдында оны бір мұқатқым келді, кісімсігені жаныма батып кетсе, қайтейін? Соны арамдық дейді. Саған ол аз әлі. «Сен іші тарсың», дейтінін айтсайшы! «Біреуге болмасын дейсің, ішің тарылып тұрады», - дейді. Ішім тарылып не істеппін Өзі кесір болсын, тұқыртқым кеп тұрады, рас. Кесір болмаса онда не ақым бар?» Кәкімтаймен алғаш өбіскен тұста Гүлина көңіл көкжиегінен басқа сұлба, суық соқпақ бар екені сезілді. «Тек жатақханаға жақындап қалғанда, Гүлина өз көңіл түкпірінде бірдеңеге алаңдағандық сезімі де бер екенін байқап, таңырқап қалды. «Мен мұны жақсы көремін ғой, енді не керек, бәсе не керек? Кемелбек – аспирант, оның болашағы зор. Болса, қайтейін, ол саған тап Кәкімтайдай елжіремейді. Бір душарласты да, көрінбей кетті. Келгенде де, Кәкімтай тәрізді. Сенің әр үніңе зар боп, үзіліп тұрған жоқ. Қарашы, Кәкімтай саған қалай үздіге көніп тұр,ә? Сонда да сен жатырсың. Бәтуасыз қызсың ғой сен. Кәкімтайым менің, мен тек сені сүйем, сүйем, естисің бе? Білмеймін, бірдеңеге алағызу бар менде. Түу, сол Кемелбек те, не біржола жоғалам демей, не біржола жанасам демей, дел-сал ғып қойғаны несі? Сен солай шіреніп жүргенде, мен не істеуім керек? Сонда да, әрине, аялдауға болар еді. Ал сен алып-ұштың. Е, мейлі. Неге мейлі дейсің, өз тағдырыңа неге енжар қарайсың? Мен Кәкімтайға тәнтімін ғой, онда артық не керек? Дегенмен, аптықпай іркіле тұрсаң, Кемелбекке де ауланар ма едің, қайтер едің? Рас, тосып, артын аңдамадың ба? Кәкімтай ешқайда қашпайтын еді ғой. Ай, Гүлина, Гүлина, салмақташы, тая басқан жоқсың ба?» Шындығында Кәкімтай мұраты мен Гүлина арманы тілектес, бағыттас! Жолдас емес. «- Жолама дедім ғой! Сенің мені сүйетінің жалған. Сүйсең, менен кем-кетік іздеп, қазымырлана берер ме ең? Кемшілік тапқышын мұның! Сен болмағанда, мен ендігі Кемелбектің аяулысы боп жүрер ем ғой. Сен үшін ол киноға шақырғанда шықпағанымды білмеуші ме ең? Сол кадірімді білмедің ғой сен. Мәрзия алтын қыз ғой, сол езулеп еді: «Өзінді әлпештей білетін Кемелбектен айрылма. Сол Кәкімтайды қайтесің», - деп. Мен ақымақ. Мені асып өлтіретін кісі жоқ. Кемелбек – жігіттің төресі, болашағы қандай? Мені көргенде, әлі күнге дейін қызараңдайды. Ал Кәкімтайдың қақылдайтыны: «Сен керенауланба, күндіз-түні ізден, оқы». Не оқу, не оқымау керегін мен өзім білемін, вот, қарағым!». Кәкімтайдың бар арманы – ауыл мұғалімі болу. «Біздің ауылда сүт ішкің келсе, өз сиырыңды өзің сауасың», - деп жымыңдайды Кәкімтай. «Сол жетпеп еді? Сол арам қатқырлардың бауырына кіріп шоқиып отырмақшы ма Гүлина?! Тапқан екенсің қылжақты. Гүлина өлмес жерін білмейді деген. Сорлы басым!.. - Гүлина өзін жер бетіндегі ең көп алданған, қайғы шеккен адам сезінді. - Сен ғой өзінді пысық көресің, ә? Қайдағы пысық? Ептейлі болсаң сөйтер ме едің?». Кемелбектің алдауына ұшыраған Гүлина ғылым кандидаты Бақытбектің шырмауына ұрынады. Ауқатты тұрар Бақытбек үйіне келгенде Гүлина мінезінің сыры ашылады. «Үйде анасының әкесін ығыртып, кінараттайтыны есіне түсті. «Бұл ма, бұл бастық боп тура жиырма жыл істейді. Жиырма жылда кірістірген жиырма сом қосымша табыс бар ма екен? Жиырма жыл тек жалақыға қарап отырмыз. Жалақымен дүние жинауға бола ма?» Бұл – анасының сөзі, әкесі жоқта қамығып айтатын шері. Ертең сол сөзді Гүлина да езіп отыра ма, кім білсін? Кәкімтаймен қол ұстасса, сол уайымға қамалмағанда, қайда барады?»
Демек Гүлина үйден көрген тәрбиенің өзге үлгісі, ақша деп өткен көңілсіз өмірдің бүгінге жеткен белгісіндей. Бұл осы уақыттың емделуден кеткен дерті. Гүлина нарық пен парықтың арасы айырбасталып кеткен шақтың мол тұрпаты. Келешекте көрінер жан десек анық айтамыз. Автор болашақта белең алар бейнені данышпандық суреткер сезімталдығымен таныған. Кітап соңы Гүлинаның Кәкімтай қасында өкіне, өкси жылауымен бітеді. Гүлина Кәкімтай қасынан табылады. Болашағы белгісіз. Алды анық емес. Жазарман Гүлина тағдарын оқырманға ұстатып кеткендей шешім шығарар оқушы секілді көрінеді. Повесть социалистік реализм қалпынан шығып басқаша сипат алған. Гүлина Толстойдың Каренинасы секілді айтушы айдағанына жүрмесі, өзінше жөн-жоба тапқан тек жазушы ғана емес, әдебиет теориясының хас шебері Қ.П Жүсіп жаңа өрнек, қызық қыр шығарған. Бұл да қаламгердің қазақ әдебиетіне қосқан қадірлі қазынасы, орасан олжасы. Тек бір адам жетістігі емес, қазақ әдебиеті шыққан шынар шыңы десек қателеспейміз. Сабақ оқығысы келіп қанша ұмтылса да, мойыны жар бермес Сейіл, шындық деп шырылдар Шәріп, сезім шырмауынан шыға алмас Рүстем кең мінезді Әйкен, күлегеш қыз Райгүл секілді бір топ жастар бөлек алынса, өмірдің өз бейнесіндей болып жастарға берілген белгідей, болашақ ескертпесіндей, үлкен өмірдің өзіндей болып аспирант Кемелбек, ғылым кандидаты Бақытбек, маскүнем Сапарбек суреттері сәтті шыққан. Жүрмес жол, бармас бағытты көрсетіп тұрғандай бейнелер сом өріліп, қапысыз қаланған. Шыншыл Шәріп мінезі мына үзіндіден көрінеді. «Шәріп дүңк етті: - Сіз неге олай дейсіз? Сәрсенбаев қыңыр емес, қайта ақылдының өзі. Қара көк көйлегінен де, текшелене қиылған шашынан да, тесіле сынай қараған көзінен де өзіне құлай сенгендік байқалатын, институтты былтыр ғана бітірген пән мұғалімі Гүлжамал Арыновна бұл сөзді естігенде, аңырып, таңырқап та қалды. Алдымен: «Расында, маған қарсы шыққаның ба?» - дегендей Шәріпке бажайлай қарап, артынша: «Сен не білесің?» - нышанымен жымың етіп, ізінше: «Қандай аңқаулық? Бірақ білмегенге жөн сілтемесек, білгеніміз кәне?» - деген ақылды сыңайға ауысып тақылдап: - Мен мұнда екінші жыл істеймін. Ал, сенің іске кіріскеніңе он күн де өткен жоқ. Сөйте тұрып маған шек келтіргің келеді, ә? - деді. - Мен өз көзім жеткен жайтты мәлімдеп тұрмын! - деді Шәріп бөлме ортасында қақиған қалпы әр сөзін шегелеп айтып. - Ал тыңдадық, - деді, Гүлжамал Арыновна дауыс мәнерімен: «Дәлелдің түкке тұрғысыз екенін алдын ала сезем», - деген аңғар танытып. Сәрсенбаев бір сабақта ұшып-қонып тәртіп бұза берсе, екенші бірінде мұғалімді ауыз аша тыңдайды. Бұдан шығатын қорытынды не? Түйін сол: біздің біраз мұғалімдердің өздерінде ізденіс жетпей жатыр.» Жазушының суреткерлік қарымы да еркін көрінер тұстар мол. Мысалы: «Самсаған терезелер де әр түрлі. Біреулері мені көр дегендей, ерекше нұрланып, жарқырап, шаттана өзеурегендей болады. Енді біреулері сабыр сақтауды жөн көргендей, ерекшеленбей паң көзбен қарайды. Біразы күңгірт сәулемен тұмшаланып, өз ісім өзімде, маған тыныштық керек дегендей, манаурай түседі. Көп терезелер жарық көздерін мүлде өшіріп, орны қарайып көрініп, тек ұйқы, тыныштық, оңаша ой тілегендікті танытып тұрғандай.» Немесе мына сөйлем. «Әйтсе де, сол суық сөз Әйкен көңілінде қар бүркіп, мұз белдеулентіп бекініп қалды.» Немесе кейіпкер Райкүл: «Содан кейін түрлі мұңайып, желініп жүрдім» дейді. Ренжідім, өкіндім демейді. Желіндім деген терең сөзді дәл терген. Демек жазушы Қ.П.Жүсіп шығармашылығы әлі зерттеуді, тексеруді, саралауды қажетсінер біз бойламаған тұсымыз. Кемшілігімізді толтыру келешек ісі. Ғалым Өмір дегеніміз «Мен», Ғылым дегеніміз «Біз» Клод Бенар Қ.П. Жүсіп – қазақ әдебиетіне 60 жылдар араласқан еңселі де ірі әрі қабырғалы ғалымдарымыздың бірі. М.Әуезовтің әңгімелерінен зерттеуден басталған соқпақ жол бүгінгі күндері соңынан сансыз шәкірт ерткен даңғыл жол, жібек жолындай қанат талар ұзақ та, тұяқ тозар мол да. С.Қасқабасов, М.Мағауин, С.Әшімбаев, Т.Жұртбаев секілді ғалымдармен бірге бастау алған іргелі ғалым ойлары бүгінгі әдебиет ғылымында жеке мектеп, таныс тарауға айналды. Ғалымның терең қаралып, қордалы ойымен ерекшелер еңбегінің бірі «Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік.» Бұл жетпіс жылғы саясат Сергелдеңінен кейінгі қазақ әдебиетінің маңғазды мұрасы поэзиясы жөнінде жазылған ұлт мүддесін ту еткен нау еңбек. Зерттеуде аты енді ғана жарық көрген Мағжан, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп туындылары алғаш рет талданса, Сәкен, Ілияс, Бейімбет шығармалары тәуелсіз әдебиет тұрғысында, егемен ел зерттеушісі биігінде талданады. ХХ ғасыр басында орыс, араб, еуропа әдебиетінде басымдық алған романтизм ағымының озық, бәйге алар орамы Мағжанда, Сәкенде болғаны айтылады. Аз қазақта алтыға бөлген саясаттан ада, бұрын заты емес аты бөлек аталар Мағжан, Сәкен туындылары еншілес қарастырады. Зерттеуші Алаштың екі ұлт ақынын тетелес талдайды. «Романтизмнің басты ерекшелігі: күнделіктегіден мүлде бөлек, адамның айрықша, оқшау сезімдерін жырлаумен байланысты екендігі мәлім деп айтылғанда ақын басындағы оқшау хал ғылым тілімен түсіндіріледі. Бұл шарттарға сай жазылған – М.Жұмабаевтың «Сырым» өлеңі: Күлсем егер, есім шығып күлемін, Жылағанда, қап-қара қан төгемін. Қасым болса, қанын ішкім келеді, Досым болса, жолында оның өлемін. Әйел сүйем, бірақ емес сендерше, Мен сүйемін, жан-денесін бергенше. Жан денесін бірдей алам, улаймын Қысып сүйсем, құшағымда өлгенше. Күлу мен жылаудың жеке өзі-ақ қарама-қарсы ұғымдар екені аян. Ал, мұнда әйтеуір бір күлу емес, есі шыға күлу, әншейін жылау емес, қап-қара қан төгерлік жылауға қарсы алынған. Ақын мұнымен де тоқталмайды, бастапқы ойын ширата түсіп, қарсы болса, қанын ішкісі келетін, досы болса, жолында өлуге даяр екенін мәлімдейді. Ал үзінді соңындағы әйел сүюі де шексіз құштарлыққа құрылған.» Мағжан поэзиясы қазақ әдебиетінің көп жоғын толтырып тұрғанын зерттеуші анық таныған. «Демек С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов тәрізді әріптестері өмірдің күнгей жағын көбірек қызықтаса, назарсыз, жоқтаусыз қалып бара жатқан көлеңке тұсқа М.Жұмабаев көбірек үңілсе, мұның бәрі ақындардың біріндегі жоқты екіншілері толықтыруға ұмтылуы деп түсінген жөн.» Қ.П.Жүсіп өз зерттеуінде әр қаламгердің стилі жазу тілінде ғана емес, ойларында ғана емес, кейіпкер таңдауында да көрінерін қапысыз айтады. «Мысалы, С.Мұқановтың жағымды кейіпкерлері көбінесе («Мөлдір махаббат» романынан басқа туындыларының бәрінде дерлік) кедей табынан шыққан, коммунист партиясы ісіне берілген адам ретінде алынса, М.Әуезовтің ұнамды қаһарманы қашан да қай таптан шыққанына қарамастан (Мәселен, Абай, Әбіш т.б.), халқына қызмет еткен өнер адамы ретінде көрінеді. Рас, «Абай жолындағы» Әйгерім ақын емес, бірақ оның есінен ол әнші, өлеңді, өнер атаулына жоғары бағалауымен ерекшеленеді. Бұл жазушының өнер сүюді бірінші кезекке қойғанын дәлелдесе керек. Б.Майлиннің ұнамды қаһармандары көбіне қақ-соқпен ісі жоқ, момын, еңбекші, адал да аңқаулау адам және әдеттегі қарапайым пенде болса (Бәкен, Азамат т.б.), С.Сейфуллинде ол өз қатарынан көп озық, алға шыққан белсенді күрескер ретінде оқшауланады («Қызыл сұңқардағы «Еркебұлан, «Тар жол тайғақ кешудегі» жазушының өз бейнесі, т.б.). Б.Майлинде жуастық, немесе ақжарқындық – ұнамдылық белгісі ретінде көзге түссе, Т.Ахтанов аңқылдақ, ашық болып көрінушінің жексұрындығына («Боран» романындағы Қасболат), қатқыл, ожар тәріздінің нағыз абзал адам екендігіне («Қаһарлы күндердегі» Ержан, Мұрат, «Борандағы» Қоспан т.б.) баса көңіл бөледі. Сондай-ақ лирика жанрында да Б.Майлиннің сүйікті қаһарманы көбінесе қатардағы еңбек адамы (мәселен, Мырқымбай т.б.) болып келсе, С.Сейфуллинде алға шыққан, ту ұстаған үздік күрескер батыр кең дәріптеледі. Қазақ әдебиетіндегі ірі суреткерлердің кейіпкерлері жөніндегі тұшымды пікірді Қ.П. Мәшһүр-Жүсіп ғана айтты. Жазушы мен кейіпкер егіз екені де осында ескертілді. Флобер «Бовари ханым-«мен» десе, М.Әуезов «Абай мен» деп айта алады. М.Мағауин «Аласапыранның» соңғы беттерінде «менің Ораз – Мұхамбетім осылай өлді» дейді. Кешегі кеңес кезінде қаламгерге жұмысшы, қойшы, малшы бейнесін сомдатып әдебиеттің бағында түсіріп жіберген жоқпыз ба? Алпамысты, Қобыландыны айтар қазақ әдебиеті тым төмен, тар аяда қалған жоқ па? Эстет А.Сүлейменов, қазақи Қ.Жұмаділов, ұлт мұраты М.Мағауиндер өзіне керек, қажет, өздеріне жақын кейіпкерлерді тудыра алды ма? Зерттеуші еңбегі осындай сұрағы көп, жауабы жоқ жат жоталарға аяқ бастырады, санаға құрық лақтырады. Қ.П.Жүсіп еңбегі салыстырмалы әдебиеттунудың озған өрнегі. Салыстырмалы әдебиеттануға бұған дейін советтік ғылым әдейі жол бермей, жөнсіз бүркеп келген сала болатын. Бұл Абай мен Мәшһүр-Жүсіп жолдарын салыстырғанда байқалады. «Абай тәрізді Мәшһүр-Жүсіптің де сөз зергері екенін айқындай түсу үшін, екі ақынның «нәпсі» хақындағы сақтандыруларына салыстыра үңілейік: 1.Біреуді көркі бар деп жақсы көрме, Лапылдық көрсеқызар нәпсіге ерме! Әйел жақсы болмайды көркіменен Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме! (Абай, 60 б.) 2. Жаяу қыл, нәпсіңді атқа мінгізбей бақ, Міне қалса, жортқызып, желгізбей бақ. Өзін-өзі бағуға көп әл керек, Көз соңынан көңілді жүргізбей бақ. (Мәшһүр-Жүсіп, 93б.). Абайда нәпсі алдамшылдығын ашу үшін, белгілі бір қызу, ыстықтық сипатын ашарлық белгі «лапылдақ» көріктеуіш (эпитет) шебер пайдаланылған. Ал, Мәшһүр-Жүсіп дерексіз ұғым нәпсіні жан иесіне айналдырып, оны жаяу қылуды шарт етеді. Жаяу жүру мен атқа мінудің қайсысы баяу, қайсысы тез қозғалу белгісі екені мал баққан қазаққа етене таныс көрініс десек, Мәшһүр-Жүсіптің тағы да ұлттық өрнекті кәдеге жарату шеберлігін көреміз. Ал, атқа мінген күннің өзінде оны жортқызып, желгізбеу мәселесі қойылуы да ақынның белгілі бір әрекетті дамытып бере біруін дәлелдейді. «Көңіл» сөзінің дерексіз екенін ескертсек те, оны жан иесіне айналдырып, көз соңынан жүргізбеуді айту да шарттылық пен жандандыру арқылы жүзеге асады. Себебі көз де, көңіл де бір адамға тән болғандықтан, сөзбе-сөз түсіндіріп, алдымен көз, соңынан көңіл жүреді дей алмаймыз ғой. Мұның бәрі екі ақынның да әр сөзге, сөз тіркесіне ерекше мән бергенін, шағын детальға шалқар шындық сыйғызу шеберлігін дәлелдесе керек.» Зерттеу аталмыш монографиядағы 331-332 беттерде «темір» сөзінен М.Дулатов, М.Жұмабаев, сегізі Сері, Н.Наушабаев, С.Торайғыров, Үмбетей ақын, А.Байтұрсынов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ж.Жабаев, С.Сейфуллин жырларында қандай мағына қандай өрнекте қолданарын соншалық жіті, құтқармас көз, шын шеберлікпен зерттейді. Әр ақында темір сөзінің қандай, шырай, сәуле алатынына жете үңіледі. Ғалым еңбегі қазақ сөзінің шын жоқшысы, іздеушісі, екенін сендіре таңдай қақтырады. Әлем әдебиеттануындағы Дж. Фрезер секілді ерен еңбектің ерекше еңбекшісі Қ.П.Жүсіп зерттеулері біздің бағасыз байлығымыз. Ұстаз. Оқу данышпандармен жүздесу Оқыту – ақымақтармен кездесу (Ф.Бэкон ) Менің Мүбәрак мұғалімім, ұлағат ұстазым, періште пейіл жетекшім Қуандық аға Пазылұлы Жүсіп туралы айту мен үшін оңай да, қиын да. Оңайлығы бәрі көз алдымызда, кеше ғана өткен. Қиындығы бәрін толғай айтуға қалам қарымы, тіл қуаты жете ме... 1989 жылы Семей қаласы Пединститут. Жаз. Үміт арқалап жеткен қанша бала білім теңізіне желкен салып арғы жағалауға студент болып жетпекке бақ сынасуда. Семейдің сұлу табиғаты, Ертіске иек сүйей орналасқан пединституттың бас ғимараты, жүректерін жұдырыққа түйген шәкірттер, тәңірінен тілек сұраған ата-ана бәрі бірігіп Бұхардың базарындай бас айналдырады. Маған осы оқу Ордасында жоғары баға қойған ақжолтайым, сәтті күндерге бастар нұрлы сәулем, текті атаның тұқымы, Баянның сиқырлы бағы, жақсылық жағы Мәшһүр-Жүсіп атаның аман жеткен аманат ұрпағы Қуандық Пазылұлы Мәшһүр-Жүсіп екен. Әр мұғалім ерекше. Алаштың ардақтыларымен араласқан, білері өлшеусіз, көргені көл, Мұхаңның қасында, қанаттас жүрген Қайым Мұхаметханұлы, қиялап сөйлеп, сана сансыратар Қиянат Шаяхметұлы, қатал мінез, терең білім иесі Жақсыбай Тұрсынұлы, жүрісі паң, сөзі нақыш Арап Еспенбетұлы, студентті сырласындай көрер Гүлжанат Малдыбайқызы, төре мінез, өзге сөздің иесі Төкен Қонысбайқызы, жиырмасыншы жылдардан адасып жеткендей бекзат мінез, сыпайы сынық Жұмағали Шәкенұлы, сөзден сел жаударырар Төкен Ибрагимов әр қайсысы жеке шың, мұзарт, Қаратау мен Алатаулар, ауыл баласының басын айналдырар, Бағдат базарынан бәсін таба алмас асылдар еді. Әсіресе Қуандық Пазылұлының сабағы сарғайып жеткен сары арманның таңдайына тамызар шәрбат еді. Бірінші сабақта-ақ үйіріп әкеткен әдебиет әлемі тау толқынға, толассыз теңізге айналып әр жерден келген, оқуға түстім деп ортаны ойып жүрген студенттер білмесін көргенде мүлдем ұсақ тартып, аласырып кетеді-ақ. Әдебиет текке, түрге бөлінерін талдай өріп, әр жанның өзгеше болуын баяндап асықпай түсіндіруге кіріседі. Ұстаздың қолында топ журналы болады. Сенің бар тарихың, күнәң мен кінәң, жаза басқан жалғыз ісің бәрі сонда жазулы. Егер екі минут кешіксең, жазылып тұрады, он бес минут кешіксең ол да жазылады. «Минус бір» деген адам шошытар бағаларды да осы Қ.Пазылұлынан алатын болдық. Өзге мұғалімдердей Қуандық Пазылұлын басқа тақырыппен, бос сөзбен алдап шығу мүмкін емес. Сталин туралы, совет өкіметі туралы сол кездегі көп талқыланып жатқан мәселеге ұстаз түсіп кетпейді. Бағыт біреу, жол біреу, мақсат айқын. Ол «Оқу, оқу және оқу». Осы сөздің Құран-Кәрімнен алынғанын Қ.Пазылұлынан естіп таң қалдық. Біз шаршаған кезде сөз аспанында ұстазбен бірге шарлаймыз. «Кірпіш», «Ткать», «Орал», «Саратов» «Стакан» секілді сөздердің асыл түбі түркілік, қазақтық екенін естіп іш тартамыз. «Қылпып жауған қар», «жылбысқы қар» секілді қар түрінің мың сан түрін ұстаздан ұғынамыз. Қазақ халқы өзі туа бітті жазушы, қазақтың өзі қаламгер дейді ұстаз сөз сиқырды шәкірттерімен бірге тамашалап. Бір қарағанда шайқы мінез, Қожанасыр қылығы бар секілді көрінгенмен шындығында бір көргенін, жалғыз естігенін ұмытпайды. Кей әңгімесі ішек қатырады, дәмдеп айтады. Сендіре айтады. Күлмеу мүмкін емес. «Мына бір студент өте өтірікші екен дейді. С. атты студент қыз. - Неге деймін. Әдебиеттануға кіріспеге емтихан тапсырар кезде, бағасы нашар, бабы жоқ еді. Шешем қайтыс болды деп жылап еңіреп жетті. Көзі бұлау. Апырай деп үшпен жібердім. «Әдебиет сынында» ағам өлді деп жетті... Келесі курсқа кетті. Бесінші курста әкем өлді деп тұр. Дәл емтихан алдында бір әже келді. Осылай, осылай жаңағы айтқан «студент қыздың шешесімін» дейді. Мәссаған менің білуімше ол отбасынан ешкім қалмауы керек. Аруақпен тілдескендей ақырын сөз ұшығын ұзартамын. - Ағаның қалы қалай, күйлі қуатты? - А, әкесі ме? Аман-есен ауылда жүріп жатыр, жайы жақсы, шүкір, немерелердің қасында, ұжыммен бірге жазға даярланып жатыр. - Ағалары? - Ағалары ауылда, басы аман, бауыры бүтін. Шешесін өзім көріп тұрмын. Не деймін. Міне солай баға үшін бар туғанын қырып тастаған жандарды да көрдік. Ертең бұлар мектепке барады. Ұяты жоқ, ары аз мұғалім шәкіртке не бермек? Оқушы бұдан не алмақ. Неткен өкінішті, қорқынышты. Түңілген ұстаз түрінен жүрек бірге ауырады. Бірақ бұл қайта құрудан соң, қоғам ақша иісіне батып бара жатқан шақ болатын. Толқын ауысып, заман өзгеріп тұрған кезде ұлт ұстаздары да боранды бұрқасынды кезге келіп ат басын тіреп тұрған... Қ.Пазылұлы туған ел, өскен жерге Керекуге бет алғанда бір ғана мүддемен беттеген еді. Қадірлі де қымбатты қазақ тілінің туын көтеру, мемлекеттік тілдің мерейін асыру басты мақсат болатын. Шырайлы шәкірт, оқуға құштар оқушы өсіру-осы еді білім бағбанының арманы. Зерттелмеген балалар әдебиеті ғылымына шәкірттеріне түрен салғызды. Әлі бойланбаған осы ғылым саласын толтыру ұстаз тілегі, қалауымен жүзеге асқан. Ұстаз шәкірт тандағанда қайда туғанына, елдес, жерлес, ауылдас, тумалас, рулас дегенге мән берген емес. Соңынан ерген әр шәкірт адамға емес, Алашқа не береді деген сұрауға жауаппен болғандығында. «Тәрбиесі дұрыс емес ата-ана отбасын бұзса, бір мұғалім бір ауылды мүгедек етеді.» Бар қағида осы. «Абайды білмес, «Абай жолын» білмес шәкірт қауіпті мұғалім, ертең елге дерт. Ендеше ондайға оқу ордасында орын жоқ.» Қатаң қағида халық игілігі үшін. «Надан шәкірт мені ұстазым демесін.»
Тіпті бір жолы ұстаздың сабаққа оқта-текте келер өз туғанын оқудан шығарып жібергеніне куә болдық. Білім – талас, оқу-жарыс, онда туыстық, парашылдық жоқ. Қоғам дерті ұстаз бойында жоқ.
Міне, менің ұстазым – Қ.Пазылұлы Мәшһүр-Жүсіп. Ұстаз үддесінен шығар игі істер жасай қоймағаным анық. Бірақ осындай ұстазды бұйыртқан Тәңірге тәубе. Әдебиет әлемінде менің ұстазымның ізі ғана емес, жолы бар екені ақиқат.
Көп жасаңыз білімі бел асырмас, ақылы асқақ ұстаз. Сізге мың құрмет.

Пікірлер