Жалғыз қолды тігінші

3962
Adyrna.kz Telegram

Құрақ құрап, көрпе тігетін, ұршық иіріп, тоқыма, шәлі тоқитын әйел-аналар арамызда баршылық. Ал біз әңгімелегі отырған Күлән Шәудірбаева жолдасынан ерте айырылып, өмірдің қиындығын көп көрсе де жалғыз қолымен еңбек етіп, іс тігіп, балаларына жетімдік тауқыметін тартқызбай жүрген жан. 

Ақтөбенің Байғанин ауданында тұратын Күлән Шәудірбаеваны ауылдастары мақтан етеді. 1986 жылы жолдасы бақилық болғанда балаларын жетілдірем деп жүріп, өзі оң қолынан айырылыпты. Отбасындағы бар тірлік бір өзіне қарап тұрған соң, ол тағдыр сынына мойымай жалғыз қолымен еңбек етіп, тігін тігіп, құрақ құрап, ою ояды. Өмір қыңыр мінез танытып, сүріндірсе қайта тұрып, жылатса жұбанған кейіпкеріміз бүгінде аяулы ана, асыл әже атанып отыр.
Күлән апа тігіншілік өнерді алғаш әжесінен үйреніпті. Кейін анасы да қызын осы іске бейімдесе керек. Қазір Күлән апа 88 жастағы анасы екеуінің басы қосылса, тігіншілік турасында, қолөнер жайында сыр шертіседі екен. Кейіпкеріміздің анасы Ару әлі күнге тоқыма тоқып, ізінен ерген немере-шөберелеріне іс тігуді үйрететін көрінеді.
– Мен аудандық балабақшада ұзақ жыл еңбек еттім. Балаларым оң-солын енді тани бастаған кезде жолдасым өмірден озды. Жылдық садақасын берер кезде азық-түлік алу үшін облыс орталығындағы базарға барғанмын. Ол кезде ауылдың дүкендерінде қазіргідей молшылық жоқ еді. Түн ішінде теміржол стансасында үш пойыз қатар тұрды. Жүк сөмкемді арқалап, сол пойыздардың астынан өтемін деп асығып келе жатқанда үлгере алмай қалдым… Ауруханада есімді жиғанда оң қолымның жоқ екенін көрдім. Балаларымды қалай өсіремін, ендігі тұрмысым қалай болады деп қатты қиналдым алғашында. Тіпті, он екі мүшемнің бірін алғанша, неге бірден өзімді өлтіріп тастамады деп хақ Тағалаға тіл тигіздім. «Адам үш күннен соң көрге де үйренеді» деген емес пе? Рас, әуелгіде сол қолыммен еңбек етпек түгілі, тамақ іше алмадым. Шүкір, кейін қиындықтардың бәрін жеңіп, жалғыз қолмен де өмір тіршілігіне бейімделдім, – дейді Күлән апа.
Қиындық құрсауына шырмалған шақта Күлән апаға туыстары қолдау көрсетіпті. Кейін балалары үй тірлігіне үйреніп, қолғабыс танытқан. «Қолымнан айырылған кезде енді іс тіге алмайтын шығармын – деп қиналдым. Бірақ жаның қалаған істі қалайда жасауға талпынады екенсің. Екі жылдан соң анам аяқ тігін машинасын алып берді. Сол жақ қолыммен киім пішіп, құрақ құрауды, кесте тігуді қайта жалғастырдым. Балаларыма, туыстарыма әлі күнге киім тігіп, қажетті дүниелерін жаңартып беремін», – дейді кейіпкеріміз.
– Күлән апа қонақжай адам. Үйіне әр кез қонақ келгенді жақсы көреді. Өзі жалғыз қолымен ас дайындап, бауырсақ пісіріп, түрлі дәмді тағамдар әзірлейді. Егер тігіншілік кейіпкерімізге әжесінен дарыған десек, онда Күлән ананың осы қасиетін отбасында қазір немересі Әйгерім жалғастырып келеді. Күлән әжесі іс тіге бастаған кезде Әйгерім жанына келіп, көмектеседі екен. «Ана көрген тон пішер…» дегеніміз осы емес пе?!


Айгүл БӘЙТІБИҚЫЗЫ,
Ақтөбе,

«Жас қазақ».

 

Пікірлер