Орал қалалық сотының бұрынғы төрағасы Руслан Жұмағұловтың ісі бойынша сот процесі 5 мамырда басталады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
2023 жылғы қарашада Руслан Жұмағұлов тергеу органдарының өтінішімен қамауға алынған еді. Оған қатысты қылмыстық істі Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізіп жатыр. Тергеу материалдарына сәйкес, сот төрағасы екі адвокатпен бірге 1,5 миллион теңге көлемінде пара алған деген күдікке ілінген.
2023 жылғы 6 қарашада Астанадағы тергеу соты Жұмағұловты 10 тәулікке қамауға алу туралы санкция берген болатын. Кейін бұл іс бойынша тергеу жалғасып, ресми түрде қылмыстық іс қозғалғаны расталды.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, іс барысында Жұмағұловпен қатар екі адвокат та ұсталған. Сот отырысы 5 мамырда өтеді деп жоспарланып отыр.