"Құраниттер" ағымы

6319
Adyrna.kz Telegram

Құраниттер ағымы өз негізін (661-750) омеялықтардың халифалық тұсында пайда болған мутазилиттерден бастау алады.
Ал 20-ғасырда мутазилизм ағымын 1935 жылы Мысырда туылған Рашад Халифа жандандырған.

Рашад Халифа Айн-Шамс университетінде білім алған. 1959 жылы АҚШ-қа көшіп, Аризона штатының университетінде биохимия пәні бойынша магистратураны бітірген, Калифорния университетінде PhD докторлығын қорғаған.
Рашад Халифа 1974 жылы Құрандағы 19 санымен байланысты математикалық кодты тауып, өзін Құдайдың пайғамбары деп жариялады. Мұны ол Құранның 36-сүресінің 3-аяты Жебрейіл періштенің жеткізуімен өзіне арналғандығын айтып, дәйектеуге тырысты. Оның артынан ергендер Рашадты Жаратушының елшісі деп мойындайды.

Рашад Халифа

Рашадтың ұстанымдарын қазіргі таңда таратушылардың ықпалдыларының бірі – оның Түркиядағы ізбасары Эдип Юксель. Аталмыш тұлға Қазақстандағы құраниттердің ұстазы ретінде танылып, олардың арасында үлкен беделге ие болып отыр.

Эдип Юксел 1957 жылы араб отбасында дүниеге келген. Ол өзінің исламдағы пайғамбар институтын жоққа шығару секілді реформаторлық көзқарастары мен идеялары арқылы АҚШ пен Еуропа елдерінде танымал тұлғаға айналды. Эдип құраниттер ағымының негізін қалаушы Рашад Халифаның еңбектерін оқып, оның көзқарастарын қабылдады. 1986 жылы ол Рашад ашқан «United Submitters International» ұйымының мүшелігіне кірді. Ал 1989 жылы Халифаның қолдауымен АҚШ-қа көшіп, 1993 жылы АҚШ азаматтығын алды.

Эдип Юксель

Құраниттер ағымының мүшелері шариғат негізі тек Құран ғана деп санап, хадис, тәпсір, қияс, сахабалардың өмірбаяны мен ғалымдардың пәтуалары мен шариғатты жоққа шығарады. Құраниттер Құрандағы көптеген аяттардың Мұхаммед пайғамбардың заманына сай айтылған,жаңа заман мен ақылға қайшы аяттар бар болса онда ол міндетті түрде аллегория түрінде тәпсірлену керек деп есептейді. Жалпы алғанда құраниттер ағымы исламның дәстүрлі сүннит-шиға бағыты мен ережелеріне қайшы көзқарастарды ұстануымен ерекшеленеді.
Кейбір зерттеушілердің пікірінше құраниттер ағымы АҚШ-тың әртүрлі қаржылық ұйымдары тарапынан қаржыланғандықтан белгілі идеологиялық мақсаттарға жету үшін құрылған ориенталистік саяси технологиялық жоба болып табылады. Өйткені Құранға күмән тудырып, ислам шариғатының қайнар көзі ретінде танылған хадистерді мойындамау, оларды жоққа шығару – дін догмасы мен ритуалдарына қарсы шабуыл деп түсіну керек.
Құраниттер ұстанымы АҚШ, Еуропа, ТМД, соның ішінде Қазақстан аумағына тарап үлгерді. Қазақстандағы құраниттердің басым көпшілігі қарапайым халықпен емес, тұлғалық тұрғыда қалыптасқан, жоғары білімі бар элиталық топпен жұмыс жүргізеді.

АҚШ-та білім алған Қазақстан азаматы марқұм Асылбек Мусин елімізде бірқатар тұлғалардың қолдауына ие болып, құраниттер идеологиясын жақтаушы «Ізгі амал» діни-мәдени ұйымын құрды.  Сол кездегі президент әкімшілігінің басшысы әкесі Аслан Мусиннің қолдауымен ҰҚК-нің орталық аппарат офицерлеріне арнайы лекция оқыды.

Асылбек Мусин

«Құраниттер» ағымы бүгінде ел аумағында нақты әрекет етпегенімен, олардың көзқарастары мен ұстанымдары ғаламтор желісі арқылы белсенді насихатталуда.
Құраниттер ағымының мүшелері шариғат негізі тек ақыл мен Құран ғана деп санап, исламның басқа қайнар көздерін жоққа шығаратыны белгілі және Құранды пайғамбардың хадис-сүннетімен емес рациональды ақыл арқылы түсіндіреді.
Намаз, ораза, зекет, қажылық т.б ритуал бойынша түсініктері мен сенім мәселелері әлемдегі қалыптасқан дәстүрлі Ислам дініне диаметралды бағытта қарама-қарсы болып табылады. Мысалы қажылық Саудиядағы Меккеде емес, Израильдегі Иерусалимде болу керек немесе рамазан айы статикалық, яғни 10 күнге жылжымау керек деген тағы да басқа ұстанымдары .

Қорытындылап айтсақ құраниттер жаңадан пайда болған ағым емес,  олардың прототипі Ислам тарихында, Умайя дәуірінде пайда болған мутазилиттік ағымнан бастау алады.

Тұрарбек Құсайынов 

"Демос" ҚБ төрағасы

Пікірлер