Өзбекстанның тұңғыш президентінің қызы Гүлнара Каримованың Швейцариядан қайтарылған заңсыз активтері денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы жобаларға бағытталған. Бұл туралы Өзбекстанның Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпаратқа сәйкес, сөз алғашқы транш – 131 миллион доллар туралы. Осы қаражаттың бір бөлігіне 5841 бірлік заманауи медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Бұл техника ел бойынша орналасқан 230 перинаталдық орталыққа таратылды. Сонымен қатар, дәрігерлер пайдаланатын 1400-ден астам құрал-жабдықты қосымша сатып алу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, басқа да жобалар қаржыландырылды. Мысалы, БҰҰ ұйымдарының қолдауымен 11 мыңнан астам өзбекстандық медицина қызметкері арнайы оқудан өтті. Перзентханаларда халыққа қызмет көрсетуге арналған 29 ұлттық хаттама мен әдістемелік нұсқаулықтар халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді.
Қаражаттың бір бөлігі білім беру саласына да бөлінді. Мұнда екі ірі бастама іске асырылып жатыр. Біріншісі – ақпараттық технологиялар мен цифрлық шешімдер енгізу арқылы білім беру мүмкіндіктерін кеңейту жобасы. Екіншісі – мектептердегі санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсарту, жылыту жүйелерін жаңғырту және білім беру мекемелерін басқаруға қоғамды тартуға бағытталған жобаны әзірлеу.
Министрлік 2022 жылы Өзбекстан мен Швейцария арасындағы келісім аясында БҰҰ-ның көпжақты траст қоры жанынан «Ишонч» қоры құрылғанын еске салды. Гүлнар Каримованың заңсыз активтері дәл осы құрылым арқылы қайтарылады. Қаражатты бөлуге Азаматтық қоғамның Стратегиялық және Кеңесші кеңестері қатысады.
Бұған дейін хабарланғандай, Швейцария билігі қайтарған алғашқы транш көлемі – 131 миллион доллар. Сондай-ақ, екінші транш аясында 182 миллион долларды қайтару жөнінде де келісім бар.
Сәуір айының басында Бельгия да Өзбекстанға телекоммуникация саласындағы коррупция мен қаржы жымқыру ісі бойынша 108 миллион долларды қайтаратыны хабарланған. Бұл активтер де Каримоваға қатысы бар компанияларға тиесілі болуы мүмкін.
2022 жылдың қыркүйегінде Өзбекстан Әділет министрлігі Гүлнара Каримованың шетелдерде орналасқан заңсыз активтерінің жалпы сомасы шамамен 1,3 миллиард долларды құрайтынын мәлімдеген.
Еуропа елдерінде Каримованың және онымен байланысты компаниялардың қылмыстық әрекеттеріне қатысты тергеулер 2012 жылы басталған. Тергеу нәтижесінде Каримова Өзбекстан нарығына шығу үшін телекоммуникациялық компаниялардан (TeliaSonera, Vimpelcom, Alfa Telecom, МТС) ірі көлемде пара алғаны және ол қаражатты негізінен Швейцарияда заңсыз жолмен жасырып, ақшаны жылыстатқан әрекеттері дәлелденген. 2018 жылы Швейцария Каримованың 555 миллион доллардан астам активін тәркілеген.
Өзбекстанда 2013 жылдан бастап Каримоваға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Оған ұрлық, салықтан жалтару және қылмыстық топ ұйымдастыру айыптары тағылған. Сот үкімі бойынша ол 13 жылға бас бостандығынан айырылып, Ташкент маңындағы әйелдер колониясына қамалған.