Қазақстанда туу көрсеткіші төмендеп жатыр. Бұл туралы «За нами уже выехали» жобасы зерттеу жүргізген, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
"Қазақстанда әйелдер бұрынғыдан аз бала туатын болды. Балалар әрдайым қадірленген елде туу көрсеткіші тұрақты түрде төмендеуде. Бұл көрсеткіш әлі де төмендей береді. Біз ресми статистика мәліметтерін талдап, бірқатар жағымсыз үрдістерді анықтадық", – делінген дүйсенбіде жарияланған хабарламада.
Аталған хабарламада 90-жылдардың ауыр кезеңінен кейін туу көрсеткіші 2000-жылдары қайта көтеріле бастағаны айтылған.
"Бұл кезеңде Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі дағдарысты еңсеріп, экономикалық өсу басталды. Халықтың табысы мен болашаққа деген сенімі артты. Мұның барлығы туу көрсеткішінің өсуіне себеп болды. Алайда қазіргі уақытта бұл өсім тоқтаған сияқты", – деп жазады басылым.
Берілген мәліметке сәйкес, Қазақстандағы "ерекше жоғары туу көрсеткіш 2022 жылы аяқталды".
"Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы үш жылда жиынтық туу коэффициенті (ЖТК) айтарлықтай төмендеуде. Мәселен, 2021 жылы ЖТК – 3,32 болса, 2022 жылы – 3,05, 2023 жылы – 2,96, ал 2024 жылы – 2,8-ге дейін құлдырады. Мысал үшін айта кетсек, ең жоғары коэффициент – Түркістан облысында – 4,25, ал ең төменгісі – Солтүстік Қазақстан облысында – 1,71.
ЖТК төмендеуімен қатар елдегі жалпы туу көрсеткіші де азайды. 2021 жылы Қазақстанда 446 мың нәресте дүниеге келсе, 2022 жылы – 404 мың, 2023 жылы – 388 мың, ал 2024 жылы – 366 мың бала туған. Бұл – 20 миллионнан астам халқы бар ел үшін өте төмен көрсеткіш. Соңғы үш жылда туу көрсеткіші 80 мыңға азайды! Бұл – Қаскелең немесе Жаңаөзен секілді қалалардың халқы. Сонымен қатар, бұл – соңғы 15 жылдағы ең төменгі көрсеткіш", – деп атап өтілген хабарламада.
Журналистер салыстыру үшін 2009 жылы Қазақстанда 356 мың бала дүниеге келгенін еске салды.
"Бүгінгі күні туу деңгейі халықтың өздігінен жаңаруын (репродукцияны) қамтамасыз етіп тұр, сондықтан халық саны өсіп, 20 миллионнан асты. Алайда жыл сайын жаңа туған қазақстандықтар саны азайып келеді. Бұл – бүкіл ел бойынша жағдай. Енді аймақтарға тоқталайық. Дәстүрлі түрде Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде – орыстар, украиндар, беларусьтар секілді славян этностары көп тұратын аймақтарда – туу көрсеткіші әрдайым төмен болған. Ал оңтүстік және батыс өңірлерде – қазақтар басым тұратын жерлерде – туу көрсеткіші жоғары еді. Бұл жағдай көші-қон үдерістерімен, көпбалалы болу дәстүрімен, діншілдік деңгейімен және этностардың урбанизациясымен байланысты болды. Негізгі табиғи өсімді оңтүстік және батыс аймақтар қамтамасыз етіп келген. Мысалы, ең көп бала Түркістан облысында туады. Былтыр бұл облыста 53 мың сәби дүниеге келген. Бұл бір ғана облыстың көрсеткіші – ол Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Абай облыстарын қоса алғандағы көрсеткіштен де көп! Алайда соңғы үш жылда бұл өңірлерде де туу көрсеткіші төмендеп келеді", – делінген мақалада.
Сондай-ақ, Түркістан облысында да соңғы үш жыл бойы туу деңгейінің төмендеуі байқалып отырғаны атап өтілген.
«2021 жылы бұл өңірде 65 мың бала дүниеге келсе, 2022 жылы – 58 мың, 2023 жылы – 56 мың, ал 2024 жылы - 53 мың сәби туылған. Үш жыл ішінде облыстағы туу көрсеткіші 12 мыңға азайған. Аймақтық тұрғыда, әсіресе оңтүстік және батыс облыстардағы туу көрсеткішінің төмендеуі ең алдымен қазақ халқы арасындағы бала туу санының қысқаруымен байланысты. Егер 2021 жылы республика бойынша қазақ әйелдері 360 мың бала туса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 325 мыңға, 2023 жылы – 312 мыңға, ал 2024 жылы – 293 мыңға дейін төмендеген.
Екінші ең ірі этнос – орыс халқының да жағдайы мәз емес. Мәселен, 2021 жылы орыс әйелдері 32 мың бала дүниеге әкелсе, 2022 жылы бұл сан 28 мыңға, 2023 жылы – 26 мыңға, ал 2024 жылы – 24 мыңға дейін қысқарған», – деп нақтылайды БАҚ.
Туу көрсеткішіне әсер ететін басты факторлардың бірі – некеге тұру мен ажырасу динамикасы.
«Неке саны жалпы азаюда. 2021 жылы елде 140 мың неке тіркелсе, 2022 жылы – 128 мың, 2023 жылы – 120 мың, ал 2024 жылы аздап өсіп, 123 мыңға жетті. Дегенмен, бұл – соңғы 20 жылдағы ең төмен көрсеткіштер. Мысалы, 2005 жылы да Қазақстанда 123 мың неке тіркелген, бірақ ол кезде халық саны қазіргіден 5 миллион адамға аз болатын.
Ажырасулар бойынша жағдай басқаша. 2019 жылға дейін олардың саны жыл сайын артып отырған. Кейін төмендеу байқалды. 2019 жылы 59 796 ажырасу тіркелсе, 2020 және 2021 жылдары – 48 мыңнан, 2022 жылы – 44 517, 2023 жылы – 40 227 болды. Алайда 2024 жылы ажырасулар саны қайтадан сәл өсіп, 40 569-ға жеткен», – делінген хабарламада.
Авторлар Қазақстанда әр үшінші неке ажырасумен аяқталатынын атап өтеді.
«Бұрын ажырасудың басты себептері – тұрмыстық зорлық-зомбылық, ішімдікке салыну немесе опасыздық болатын. Қазір бұл көрініс күрт өзгеріп келеді. Аталған себептер әлі де өзекті болғанымен, оларға бүгінгі күні ерлер мен әйелдердің некеге деген жалпы көзқарасының өзгеруі қосылды. Әсіресе әйелдердің. Бұл трансформациялар туу көрсеткішіне және жалпы елдің демографиялық жағдайына тікелей әсер етпек.
Соңғы жылдары Қазақстанда әйелдердің некеге деген қатынасы өзгеруде. Бұл олардың экономикалық, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан тәуелсіз бола бастағанын, өз-өзін бағалауы мен өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылысының артқанын көрсетеді», – делінген хабарламада.