Павлодардан жарысқа аттанған жасөспірім футболшылар мінген микроавтобус жол апатына ұшырап, бапкер қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 18 сәуір күні Астана – Ерейментау – Шідерті тас жолында болған. Алдын ала болжам бойынша, Mercedes маркалы микроавтобус жүргізушісі жүк көлігін басып озуға әрекет жасағанда, көлік аударылып кеткен.
«Микроавтобуста 14 пен 16 жас аралығындағы 16 бала және олардың жаттықтырушысы болған. Олар Павлодардан Астанаға футбол жарысына бара жатқан», – делінген полиция департаменті таратқан хабарламада.
Оқиға орнында жаттықтырушы көз жұмған. Жас футболшылар түрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта олардың жағдайын дәрігерлер бақылап отыр.
Апаттың нақты себептері анықталып жатыр. Бұл оқиға бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары басталды.