Медеу спорт кешенінде Республика күніне орай ту көтеру салтанатты рәсімі өтті

1007
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 25-ші қазан Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында Республика күніне орай мемлекеттік туды көтеру салтанаты өтті.

Іс-шараға қала әкімі Ерболат Досаев, мәслихат депутаттары, жастар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Аумағы 98 шаршы метр болатын мемлекеттік ту биіктігі 40 метрлік тұғырға әскери оркестрдің сүйемелдеуімен және әнұранды орындаумен көтерілді.

Шараны Қосқанат Көпжасар жүргізсе, Жұбаныш Жексенұлы, Өктем Алтай, Кенжебек Жанәбілов, «IL CANTO» тобы және өзге де өнер иелері өз туындыларымен жиналған қауым көңілін өсіре түсті.

Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігінің маңыздылығын атап өту, отансүйгіштік сезімін, азаматтардың өз елінің дәстүрлеріне, тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығы мен құрметін нығайту.
Рәсім мемлекеттің бірлігі мен тәуелсіздігін, сондай-ақ оның тұрақты даму мен өркендеуге деген ұмтылысын білдіреді.

Республика күні-еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін алуды бейнелейтін ұлттық мереке. Бұл күн терең тарихи және саяси мәнге ие, өйткені 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды — бұл 1991 жылы жарияланған Тәуелсіздікке алғашқы қадам болған маңызды құжат.

Пікірлер