5 сәуір күні кешке Ақмола облысының Жақсы ауданында, «Астана-Атбасар-Жақсы-Рузаевка-Сарыкөл-Қостанай-шекара» тас жолының 963-ші шақырымында автокөлік суға батып кетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы nayzakokshe инстаграм аккаунтына сілтеме жасап.
Көлікті су тасқыны жол жиегінен ағызып әкеткен.
Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші су басқан учаскені кесіп өтпек болған. Ол жерде су тереңдігі шамамен 50 сантиметрге жеткен.
Көліктегі екі жолаушы өздігінен құтылып, сыртқа шыға алған. Ақпаратқа сүйенсек, көлік жүргізушісі әлі табылмаған.
Бұл оқиғаны Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті растады. Алайда әзірге оқиғаға қатысты нақты мәлімет жоқ.
Болжамдардың біріне қарағанда жол талғамайтын көліктің жүргізушісі полиция ескертуін елемеген.
Құтқарылған адамдар қазір ауруханада. Олардың бірі қатты суық тигендіктен ауыр халде жатыр, делінген Instagram паблигінің ақпаратында.