4 сәуір күні АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (NSA) басшысы генерал Тимоти Хо мен оның орынбасары Венди Нобл қызметтерінен босатылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы The Washington Post басылымына сілтеп.
Тимоти Хо бұл қызметке 2024 жылдың ақпан айында тағайындалған болатын. Ол тек бір жылдан астам уақыт қана жұмыс істеп үлгерді. Сонымен қатар, ол АҚШ-тың киберқауіпсіздік және кибершабуылдарға қарсы іс-қимыл жүргізетін US Cyber Command деп аталатын Пентагон бөлімшесін де басқарған. Қазіргі уақытта Хоның қызметтен кетуінің нақты себебі ресми түрде жарияланған жоқ.
Оның орынбасары Венди Нобл да қызметінен босатылып, Пентагондағы басқа лауазымға ауыстырылды.
БАҚ хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік агенттігін уақытша басқару міндеті Кибер басқармасының орынбасары Уильям Дж. Хартманға, ал орынбасарлық міндет Шейла Томасқа жүктелді.
Демократиялық партия өкілі, Конгресс мүшесі Джим Хаймс бұл шешімге наразылық білдіріп, генерал Хоны «заңды сақтайтын және ұлттық қауіпсіздікті бірінші орынға қоятын адал әрі ашық басшы» деп сипаттады. Оның пікірінше, дәл осы қасиеттер Трамп әкімшілігінде қызметтен босатуға себеп болуы мүмкін.
Айта кетейік, Дональд Трамп биылғы қаңтар айында АҚШ президенті қызметіне қайта кіріскеннен бері қарулы күштер мен мемлекеттік құрылымдарда бірқатар түбегейлі өзгерістер жасап келеді. Ақпан айында ол АҚШ Қарулы күштерінің штаб бастықтары комитетінің төрағасы генерал Чарльз "CQ" Браунды да мерзімінен бұрын қызметтен босатқан болатын.
Шетелдік БАҚ-та арапшылар Трамп әкімшілігінің бұл әрекеттерін федералдық жүйені қайта құруға бағытталған саяси стратегия деп бағалап отыр.