АҚШ- президенті Дональд Трамп Иранның Жоғарғы басшысы аятолла Әли Хаменеиге ядролық келіссөздерге қатысты хат жолдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ABC News-ке сілтеме жасап.
"Иран мәселесін шешудің екі жолы бар: әскери шара немесе келісімге келу. Мен келісім жасауды жөн көремін", – деді Трамп.
Ол егер келісімге қол жеткізілмесе, әскери әрекеттерге баруы мүмкін екенін ескертті.
"Уақыт таяп қалды. Бірдеңе болатыны анық. Мен оларға хат жазып, келіссөз жүргізуге шақырдым. Егер біз соғысқа араласуға мәжбүр болсақ, бұл Иран үшін үлкен апатқа айналады", – деді ол.
Алайда Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігі Трамптан ешқандай хат алмағанын мәлімдеді.
Трамп Иран басшылығына ультиматум қоймағанын айтты.
"Біз бірдеңе істеуіміз керек, өйткені Иранның ядролық қаруға ие болуына жол беруге болмайды", – деп ескертті.
2019 жылы АҚШ президенті Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэнің көмегімен ұқсас ұсыныс жолдаған. Алайда, аятолла Хаменеи одан бас тартқан.
"Мен Трамппен ешқандай хат алмастыруды жөн көрмеймін", – деген еді Иран басшысы сол кезде.
Еске сала кетсек, Трамп АҚШ президенті болған кезінде Иран мен Обама әкімшілігі арасында жасалған ядролық келісімнен біржақты шыққан болатын.
2015 жылы қабылданған бұл келісім Иранға уранды 3,67%-ға дейін байытуға және 300 кг-нан аспайтын қор жинауға мүмкіндік берген.
Өткен айда Трамп Иранға "максималды қысым көрсету" туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат Иран мұнайының экспортын шектеуді көздейді, осылайша Тегеранды ядролық қару жасаудан бас тартуға мәжбүрлеу мақсаты қойылған.